- Advertisement -

Еріксіз қалқасына ән арнаған

450

- Advertisement -

Тынышбай Рахым. Бұл есім біздің қанаттас, қатарлас замандастарымыз үшін жақсы таныс. Оны қарымды журналист, еңбекқор ақын, талантты сазгер ретінде білеміз. Әсіресе «Алтайдың ар жағынан келген ару», «Алтайдан сәлем» атты әндері өткен ғасырдың 1990 жылдарында көпшілікке кең тарап, жастар арасында жиі айтылғаны да белгілі.
«Қимайтын жан екенсің жат ұяға,
Қарғам-ау, кез келдің-ау қапияда, шіркін.
Мөп-мөлдір жанарың-ай,
Жаз дидар жамалың-ай,
Қалдым-ау тіл қата алмай, қарағым-ай.
Қасыңа бара алмадым,
Сездің бе, жан арманым,
Еріксіз, қалқам, саған ән арнадым».
Міне, осындай талант иесі Тынышбай Рахым 1946 жылы 12 қыркүйекте Өзбек КСР, Ташкент облысы, Жоғары Шыршық ауданындағы Свердлов атындағы ұжымшарда дүниеге келген. Отбасымен өткен жүзжылдықтың 50-жылдары тарихи атамекені Сарысу ауданының Бүркітті елді мекеніне (қазіргі Жаңатас қаласы) оралып, қызықты, балғын балалық шағы қасиетті Қаратау етегіндегі Көксу өзенінің жағасында өтеді. Ол 1963 жылы Жамбыл қаласындағы мәдени-ағарту училищесінің ұлт аспаптары бөліміне оқуға түсіп, музыкалық білім алды. Оны тәмамдағаннан кейін Жаңатас қаласындағы мектептерде музыка пәнінен сабақ берді. Сөйтіп 1971 жылға дейін ұстаздық қызметте болып, кейінірек Қазақ мемлекеттік университетінің Журналистика факультетіне түсіп, 1979 жылы журналист мамандығына ие болды. Содан әр жылдары аудандық, облыстық және республикалық баспасөз, телеарнада еңбек етті.
Жастайынан әдебиетке ынтық болып, қолынан қаламын тастамаған ол батыл, өжет сезіммен жыр жолына түседі. Онысы табыссыз болмады. Кітаптары жыл қуратпай республикалық «Жазушы», «Жалын» баспаларынан көп тиражбен шығып жатты. Аз жылдардың өзінде 20-ға жуық жыр жинағы оқырмандарының қолына тиді. Телеарнада істеген жылдары да жеміссіз емес. Атап айтсақ, сол кездері халыққа танымал «Кеш жарық» хабарының авторы әрі жүргізушісі болды. «Бесігіміз – бейбіт күн» атты кітабы үшін Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының лауреаты атанған. Біршама әні «Өнер» баспасынан шыққан әуесқой композиторлардың жинағында жарияланып, «Алтайдың ар жағынан келген ару», «Боз орамал», «Алтайдан сәлем», «Мөлдірім», «Күт мені», «Қымбаттым», «Бар ма менің жазығым» сияқты танымал әндері эстрада орындаушыларының репертуарынан әлі күнге дейін түспей келеді.
Иә, Тынышбайдың сазгерлік қабілеті бағаланып, ел аузында жүрді. Оның «Боз орамал» деген әнін біреу білсе, біреу білмес. Әрине, сөзін де өзі жазған. Бұл – шын мәнінде ғажап, керемет ән. Арман. Аңсар. Аялау. Кіл бір мөлдір мұң, сырлы сағыныш әннің бойында жетіп артылады. Бүгінде «Боз орамалды» Н.Өнербаев, С.Қалымов, С.Жанпейісова, Г.Сүндетова сирек болса да орындап жүр.
Ақынды «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнінсіз еске алу мүмкін емес. Осы шығарманы алғаш орындаған, ширек ғасыр бойы айтып келе жатқан танымал әнші Сәкен Қалымов ақын ағасы туралы: «Тынышбай ақын, сазгер болумен қатар, менің жақын сыйлас бауырым еді. «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні менің де, ағамның да бағын ашты. Тынышбай ағаның «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін марқұм Талғат Сарыбаев ағаның студиясында өңдетіп жүргенде Қалдыбек Құрманәлі жолдасым жолығып қалып: «Бұл әннің авторын танисың ба?» – деп сұрады. Мен танымайтынымды айттым. «Ендеше жүр, сені әннің авторымен таныстырайын», – деп телеарнаға ертіп келді. Тынышбай аға өзінің қызмет бөлмесінде отыр екен, орнынан тұрып қарсы алды. Қалдыбек мән-жайды айтқан соң, мен «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнін орындап бердім. Тынышбай аға шашын қайта-қайта тарап, ұнаған болу керек: «Келесі «Кеш жарыққа» шығасың, дайындал!» – деді. Ән мәтініндегі бір-екі жеріне өзгеріс енгізіп, қайта өңдеп, ағаның авторлық телебағдарламасы «Кеш жарыққа» жаңа әнмен шықтым. Сол күннен бұл ән қазақтың даласын кең шарлап кетті. Еңбектеген қарттан еңкейген балаға дейін бұл әнді тез жаттап алып орындады десем, артық айтқаным емес. Той-жиынның, ел бас қосқан жердің бәрінде бұл ән елдің сүйіп айтатын әуеніне айналды. Сіздер мен біздер, әнді сүйетін халық барда Тынышбай ағамыздың есімі ешқашан өшпейді», – деп сағынышымен бөлісті.
«Тынышбай жайдары, сыпайы жігіт еді. Бүкіл болмыс-бітімінен әуез, ән есіп тұрғандай көрінетін. Туған жері мен елі туралы аңсар жүрекпен, құштарлықпен жырлады. Несін айтасыз, ол «сегіз қырлы, бір сырлы», ерекше талант иесі еді. Әттең, өмірден ерте озды…» дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, жерлесіміз Берік Шаханұлы.
Жыр әлеміне бой ұрған ақынның қарындасы Жаңылған Рахимова: «Біздің бала кезімізде ағамның отбасымен ауылға келуі үлкен мейрам болатын. Туысқандардың әрқайсысының үйіне бір қонып, ағайын-туыс пен ауылға деген сағынышын басатын. Ағамның жүзінен үнемі қайсарлықты, мейірімді, бауырмашылықты аңғаратынмын. Жаңа шыққан кітаптарын оқып, мазмұнына терең ой жіберетінмін. Әр өлеңінің шығу тарихын да айтып беретін… Ағам туған халқының асыл қасиеттерін, терең мазмұнды тарихымен сабақтасып жатқан ән-күй өнерін, ел мұрасын өз шығармаларының арқауы етіп, барынша жырлап өтті», – деп толғанады.
Жыр әлеміне батыл енген ақын Тынышбайдың жыр тақырыбы өте кең. Жоғары адамгершілік, ар тазалығы, шынайы достық, туған жер мен кіндік қаны тамған мекенге деген шексіз махаббат, ұлттық өнерге деген өлшеусіз сүйіспеншілік, ата-баба қасиетінің алдында еш нәрсемен орны толмайтын перзенттік парыз… Міне, осылайша оның тақырыбы жалғаса береді.
«Бірге отырмай, мендегі ойды бұзды бұл,
алматылық болып кетті біздің ұл» –
деп жүрсің бе, әкетайым, балаңды
адастырмас көңіліңдегі ізгі нұр!

Әлде, бәлкім: «Айналайын төл басым,
бала күннен жырға ғашық болғасын
ұшты түлеп армандаған шыңына –
ақ сапарын адал батам оңдасын!»

Деп жүрмісің, тілеу тілеп сыртымнан,
перзентке пәк көңіліңмен нұр тұнған.
Жанарыңды жетелей ме жол жаққа
Бір құштарлық – «келсе екен» деп бұлқынған!..» –
дейді ақын.
Бұл Тынышбайдың «Әкеме хат» деген өлеңінен үзінді. Жыр жолдарында әкеге деген сағыныш, әкенің ұлына деген пәк тілегі әдемі жыр жолдарымен шабыттана тартымды суреттеледі. Ақынның ішкі сезім ағысын, қуатын сезінесің.
Енді оның «Қайран біздің балғын шақ» деген өлеңін оқып көрелік:
«Өткен күнге жүргеміз жоқ өкініп,
Және айтпаймыз ол жөнінде өтірік.
Бүлдіршіні – елуінші жылдардың –
Масақ тердік, қозы жайдық, оқыдық.
Соның бәрін бізге үйреткен – әжеміз,
Әлі тәтті сол бір бидай көжеміз.
Қуанушы ек көктем шықса, дән сепсе,
Қуанушы ек туа қалса төл егіз.
Секілді еді-ау төрт саулықтың сүті бақ!
Әже берген айранды бір жұтып ап,
Төрт саулықтың төрт қозысын жаюшы ек,
Есек жүрмей, иығынан шұқылып…».
Ақын осылай ауылда өткен балғын балалық шағымызды еріксіз есімізге түсіріп, ауыл өмірін шебер суреттейді.
Осы жыр жолдарын оқып отырып, ту сонау алыста қалған балалық шағымыз еріксіз көз алдыңа көлбеңдеп келе қалады: домбыра, гармонь, мандолин, баянды қолдан-қолға тигізбей топ-топ болып сызылта ән салу, би билеу… барлығы жиылып келіп сағыныш бесігін тербейді.
Сөз саптауынан-ақ ақынның ерекше шеберлігіне көзің жетеді. Сөйтіп, Тынышбайдың әр өлеңі көсіліп, өзіне еркіңді магниттей тарта береді. Міне, бұл ақынның нағыз құдіреті!
Махаббат тақырыбына бармаған ақын бірен-саран болар, тегі. Тынышбай Рахымның поэзиясында махаббат тақырыбына жазылған жолдар аз емес. Ендеше соларға зер салалық:
«Сен мені іздеп келдің, өзгеріпсің,
Шын айтам, өзгеріпсің.
Өткенін он екі айдың сезбедік шын.
Қарадың жәутең-жәутең неге, қалқам,
Дедің бе, жан-күйімді көзден ұқсын.
Сырыңды тұрған жоқсың ашып тегін,
Сен маған шыныменен ғашық па едің?
Қиялымда бір ғажап күн күлімдеп,
Кетті ғой ажарланып ашық көгім».
Міне, осындай жыр жолдарын дүниеге әкелген қаламгерді ақын емес деп көр! Тынышбайдың өлеңдері – сыршыл, шыншыл, тамсана оқылатын, жыр әлемінен орнын ойып алатын тартымды, тұшымды дүниелер. Оның өлеңінің өзі сазға құрылатын, әуенге сұранып тұратын. «Музыканы сөйлетем деп өлеңмен, Осы күні болдым әбден өлермен». «Әннен өлең бөлек» дейді бір білгіш, «Жоқ! Екеуі – бір, егіз!» – деп келем мен!» деп жазған ақынның «Он сегіз – гүл дәурен», «Жиырма бес – сал дәурен», «Қаратауым – ақ отауым», «Қобызым – абызым» – қай кітабын оқысаңыз да, қатты әсерленіп, үлкен ойдың жетегіне ілесіп жүре бересіз…
Лирик ақын Тынышбай Рахым – туған жерді, адамгершілікті, махаббатты, көктемді көп жырлаған қаламгер болғанын еске түсіре отырып, оның балаларға арнап та біраз шығармалар жазғанын айта кеткен жөн. Аударма саласында тәжік әдебиетінің классигі Әбілқасым Лахутидің өлеңдерін қазақшалады. Оның сыншылығы өз алдына…
Сарысудан түлеп ұшқан Т.Рахым ұлттық поэзияға, өнерге, рухани қазынамызға тірнектей болса да үлесін қоса білді. Сегіз қырлы, бір сырлы талант иесіне қазақтың көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаев ақ батасын берсе, ақын қызымыз Фариза Оңғарсынова оның дарындылығына бас иіп, жоғары бағалаған.
Ғажап ақын Тынышбай Рахым 1999 жылдың 3 тамызында дүниеден өтті. Бір өкініштісі, шығармашылық шабыты шалқыған, өлең өлкесінде еркін көсілтетін елу жасты енді еңсерген кезінде көктегі жұлдыздай ағып өтті. Соңында көзі тірісінде-ақ оқырманын тамсан­дырған, тыңдарманын толқытқан сырлы да сазды әндері мен жүрек тербетер жырлары қалды… Сан қырлы талант иесінің есімі жырсүйер, әнсүйер қауымның жүрегінде мәңгі сақтаулы…

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
дәрігер-хирург, Қазақстан
Журналистер одағының мүшесі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support