- Advertisement -

СӨЗ МӘДЕНИЕТІ

308

- Advertisement -

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауына

 Өте ерте замандарда бір дана қария дүниеден өтерінде қасына ұлын шақыртып алып:

— Балам,менің дәм-тұзым таусылуға жақын. Өзіне қалдырып бара жатқан бір асыл қасынам бар еді. Сен соны іздеп тап,ұқыпты пайдалан,ұқсатып қолдан,-деп тапсырыпты.

Күндердің күнінде бала әкесі қалдырған қазынаны іздеймін деп әбден шаршайды. Бірақ әкеден қалған байлық таптырмайды. Амалы таусылған бала ел ішіндегі көпті көрген бір қарияның алдына ақыл сұрай барады. Сонда қария толғанып ойлана келіп:

— Әкеңнің сөзі рас,балам. Оның саған қалдырған мұрасы-тіл. Ол сөзге шешен кісі еді ғой! Бәріміз де сөз асылын сенің әкеңнен үйрендік. Тілден қымбат қазына жоқ,-деп кемеңгер қария аталы сөздің шешуін айтыпты.

Шындығында,тіл-адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас жасауының ең қымбат құралы. Сондықтан оны ұқыпты қолданып,ұқсата пайдалану аса қажет-ақ. Алайда бұл талаптан шыға бермейтін,сөз мәдениетіне салақ қарайтын адамдар да арамызда аз емес. Мысалы, кейде балалар сабақта немесе жиналыста сөйлеген кезінде кейбір сөздерді (арасында «за то», «конечно», «нормально» , «совсем», «реально», « так что» секілді орысшалары да жетерлік) айтар ойға ешбір қатысы болмаса да төпеп орынсыз қолдана береді. Тілге ұқыпты қарайтын адам мұндай «қызмет атқармайтын» қыстырма сөзді шұбырта бермей таза сөйлейді. Ойын айқын, дәл жеткізеді.

Енді бір балалар «алып» , «қалып», немесе «алса», «болса», «келсе» деген сөздерді « ап», «қап», «кеп», «аса», «боса», «кесе» деп шұнтитып айтады. Бұл да дұрыс емес. Ондай сөздері толық түрде айтқан жөн. Соңғы кездері балалар ғана емес,үлкен кісілердің де «сөйтсе,жақсы болар едіні» «сөйтсе жақсы болушы еді» деп айтуы жиі кездесе бастады. Мұндай сөз жасамына мүлде жол беруге болмайды.

Тілімізде айтылуы мен жазылуы бірдей бола бермейтін сөздер мен сөз тіркестері де аз емес. Ауыз екі сөйлеу кезінде олардың сол айтылу нормасын сақтап, мәселен «торы қасқа» , «көк ала» , «жарқанат», «Талдықорған», « Айсберг» деп жазылғанына қарамастан «торғасқа», «көгала», «жарғанат», «Талдырғорған», «Айзберк» түрінде айтқанымыз жөн.

Дұрыс, таза сөйлеумен қоса, анайы сөздерді араластырмауы керектігі сөз мәдениетіне қойылатын талаптың бірі.

Сайып келгенде, сөз мәдениеті дегенді бір ауыз сөзбен айтып беру де қиын. Ол көп ізденуді,ана тіліміздің шалқар байлығын мәдениетті түрде меңгере білуді қажет етеді. Сөйлеу мәдениетін жетілдіру үшін әсіресе, кітапты көп оқыңдар. Ауыл-аймаққа шешендігімен танымал қария кісілердің, сондай-ақ, радио, теледидардан тіл мамандары мен атақты ақын-жазушылардың,  журналисттердің, актерлердің сөздерін тыңдағанда, олардың сөз қолданыстарына зер салыңдар. Қалай болғанда да осылай- үйрену арқылы сөздік және тілдік қорларынды ұдайы байытып, жетілдіре беруге тиіссіңдер. Бұл сендердің «дауға салса, алмастай қиған, қыран құстай көкке самғаған» шешен де шұрайлы, бай ана тілімізге деген шексіз сүйіспеншілігің, құрметің болмақ. Мұны әркезде де есіңде сақта!

Амангүл ЖАНҒАЗЫ,

Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support