- Advertisement -

САРЫСУДЫҢ АТЫМТАЙ ЖОМАРТЫ

290

- Advertisement -

кәсіпкер Бименде Садуақасов туған өңірін жасыл желекпен көмкергісі келеді

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «…Басқа аймақтарға көшіп кетсе де туған жерлерін ұмытпай, оған қамқорлық жасағысы келген кәсіпкерлерді, шенеуніктерді, зиялы қауым өкілдері мен жастарды ұйымдастырып, қолдау керек. Бұл – қалыпты және шынайы патриоттық сезім, ол әркімде болуы мүмкін. Оған тыйым салмай, керісінше, ынталандыру керек» деді.

Қайырымдылық жасаудың сан түрі бар. Қалталы азаматтардың бірі туған ауылына мешіт салып берсе, енді бірі мәдениет, спорт нысандарын тарту етеді. Балабақша ғимаратын пайдалануға беріп, балғындарды шаттыққа бөлеп жүргендер де кездеседі. Әркім қаржысына қарай кіндік қаны тамған мекенді көркейтуге үлес қосады. Елбасы атап көрсеткендей, ондай азаматтарға барынша қолдау қажет. Облыстың шалғай өңірінен орын тепкен Сарысу ауданында да ондай азаматтар аз емес. Солардың бірі – аудан түлегі, Тараз қаласында тұратын жеке кәсіпкер Бименде Садуақасов.
Ол аудан басшылығының ұйымдастыруымен өтіп жататын қайырымдылық шараларына белсене араласып жүр. Оның Ұйым ауылындағы балабақшаға көмек қолын созғанын, Байқадам және Жайылма ауылдық аймақтарындағы арыққа тоған орнатып бергенін, Жайылма ауылы маңынан 10 гектар жерге жоңышқа егіп, өнімін ауыл жастарына таратқандығын жерлестері ұмытпайды. Бұған қоса, Жаңатас қаласы мен ауылдарға әртүрлі тал көшеттерін отырғызуды да дәстүрге айналдырған. Әрине миллиондаған теңгеге түрлі нысандарды тарту етіп жатқан қалтасы қалың азаматтардың тірлігінің қасында бұл ұсақ-түйек болып көрінуі мүмкін. Дегенмен қайырымдылықты қасиетті, ірілі-ұсақты деп бөліп қарауға болмас.
Биыл күзде Сарысу ауданының құрылғанына 90 жыл толады. Осы бір тұтастай аудан үшін маңызды оқиғаға және өзінің 50 жасына орай Ұлы Дала елінің әр қиырында жүрген аудан түлектері мен осы өңірге қатысы бар елу шақты азаматты шақырып, ауданның киелі және табиғаты тамылжыған жерлерін аралатты. Елбасының «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс» дегені де Бименденің есінде жатталып қалғандықтан шығар, Сарысудағы сондай жерлерді мәңгілік мекен еткен біртуар перзенттердің рухына тағзым етті. Ата-баба рухына құран түсіртті. Қайырымдылық шараларын өткізді.
Қазақта «Атадан мал қалғанша тал қалсын» деген сөз бар. Осы қағиданы берік ұстанатын кәсіпкер аудан орталығы Жаңатас қаласына – 50 түп, Саудакент пен Жайылма ауылдарына 10 түп шыршадан отырғызып, тағы бір ел алғысына бөленді.
Жалпы Бименде кейбіреулер сияқты «мен туған жерім үшін ана жұмысты атқардым, мына тірлікті тындырмақшымын» деп, жарияға жар салмайды. Оның ауыл, туған жері үшін атқарған шаруасы өзі келіп-кеткен соң ғана ел-жұртқа белгілі болып жатады. Бір жолы Сарысуға барғанымда біршама жұрттан осындай азды-көпті тірлігін естідім, көрдім. Өзімен жолығып, әңгімелесудің реті келмей-ақ қойды. Кәсіпкер болған соң, көбіне жол үстінде. Қалта телефонына қоңырау соғып, кездесуге уағдаластық-ау.
– Елге деп жасап жүрген тірлігім – теңізге тамған тамшыдай ғана ғой. Мендегі шөлді өңір қатарында саналып келген туған мекенім көгеріштен көз тұнып тұрса деген мақсат қана. Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай және басқа аудандарды қараңыз, тал-дарағы жайқалып тұрады. Рас, Сарысуда да аға буын өкілдерінің қажырлы еңбегімен әр ауылдан жайқалған саябақтар ашылған. Оның кейбірі күтімсіздіктің салдарынан қурап, жоғалып кетті. Нарықтың өтпелі кезеңінде отынға айналды. Енді соны қайта қалпына келтіргім келеді. Өткенде ауылға барғанда әрбір мерейжасқа толған кәсіпкер азамат Жаңатас қаласы мен өзінің туған ауылына тал-дарақ отырғызса деген ұсыныс жасадым. Менің жобамды алғашқылардың бірі болып қолдап, үш күнге созылған қайырымдық шарасы аясында көмегін көрсеткен аудан әкімі Балабек Нарбаевқа, еңбек ардагері Алтын Досжановаға, жергілікті белгілі қаламгер Пернебай Дүйсенбинге, Жайылма ауылдық аймағы әкімдігінің қызметкері Жандарбек Смағұловқа, Байқадам ауылдық аймағы әкімінің міндетін атқарушы Мақсат Төлеутаевқа және басқа да азаматтарға ризашылығым зор, – дейді жеке кәспкер.
Бименденің тағы бір қайырымдылығын атап өтпеске болмас. Биыл қыс қатты болды. Қыстың қаһары туған ауылын да айналып өтпеді. Отбасында үйелмелі-сүйелмелі сегіз қызы бар ерлі-зайыптының қатты қиналғанын көрген ол бір үйдің 10 жанын түгелдей Тараз қаласындағы өзінің үйінде қыстай паналатады. Ас-суын алдына қойып, киім-кешекпен де қамтамасыз етеді. Көктем шыға отағасының өтінішімен облыс орталығынан жалдамалы пәтер тауып беріп, сонда шығарып салды.
Жарықтық әкесі – дәрігер Жамбыл да сондай қайырымды жан еді. Малды ауылды аралап жүретін. Қыс қыстауда, жаз жайлауда бір малшы ауырып қалды деген хабар жетсе, күндіз-түнге қарамай құстай ұшып жететін. Ал 9 ұл-қызын аялап өсірген анасы Дәмелі саналы ғұмырын сауда саласына арнады. Бірде ұлдың, енді бірде қыздың үйінде, немере, жиендерінің саналы азамат болып өсуіне қолғанат болып жүретін аяулы ана. Әкесін көрдік, аңқылдаған анасын жиі көріп тұрамыз. Жеке кәсіпкер Бименде Садуақасовтың бойындағы қайырымдылық қасиет осындай ата-анадан тараған-ау деймін кейде.

Амангелді ӘБІЛ

Сарысу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support