- Advertisement -

Өзбек фильмдері көрерменге ұнады

225

- Advertisement -

Биыл Өзбекстанның Қазақстандағы жылы екені белгілі. Осыған орай екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайта түсу, достық қарым-қатынас орнату мақсатында «Өзбеккино» ұлттық агенттігінің бастамасымен Тараз төрінде көрші ел киноларының көрсетілімі өтті.
Шараның ашылу салтанатында облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев сөз сөйлеп, Әулиеата жеріне табан тіреген меймандарға алғысын жеткізді. Бұдан соң өзбек кино өнерін өрге сүйреп жүрген мамандардың бірі, белгілі режиссер Шухрот Махмудов, «Өзбеккино» ұлттық агенттігінің өкілі Шерзотжан Келдібаев сөз алып, екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты арттыра беру керектігіне тоқталды. Содан кейін құшақ жая қарсы алған жамбылдықтарға алғыстарын айтты.
Әрмен қарай «Өзбеккино» ұлттық агенттігі әкелген фильмдер жергілікті жұртшылықтың назарына ұсынылды. Үш күнге созылған мәдени шара барысында қазақ драма театрына жиналған жамбылдықтар «Айқыз ертегі», «Ұрпақ», «Шабандоз», «Танка» секілді туындыларды тамашалады. Әсіресе қарақалпақ халқының қарапайым өмірін сипаттаған «Танка» фильміндегі ауыл көріністері, қызының дипломын алып беретін «аға» іздеген қарияның қызықтары көпшіліктің көңілінен шықты. Фильмдегі тәлкекке толы сюжеттер мен езу тартқызар сәттер күнделікті өмірдегі құбылыстар екені мәлім. Дей тұрғанмен туындыдағы ирония кімді де болса, бейжай қалдырмағаны анық. Комедиялық сарынмен шындықты астарлап жеткізген фильм жұртшылықты бір серпілтіп тастады.

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support