- Advertisement -

«Пионердің» малы қоңды, өрісі төлді

173

- Advertisement -

Төрт түлік өсіру – ауыл шаруашылығының басқа салаларына қарағанда жыл-он екі ай бойы тынымсыз тірлікті қажет ететін, қиындығы мен жауапкершілігі мол еңбек. Әсіресе малшылар үшін ең жауапты кез – көктемгі қой төлдету науқаны екені белгілі.

Аудан малшылары да осынау маңызды науқанға мейлінше жауапкершілікпен араласуда. Бәрінің де діттегені – жаңа туған төлдің орынсыз шығынына жол бермей, оларды дін аман өсіп-жетілуіне жағдай жасаудың қамы. Сондықтан да, осы бір кезеңде қай қойшының да арқаны кеңге салуға уақыты жоқ. Біз бұған ауданның Мойынқұм өңірінде төлдетіліп жатқан мал отарларын аралау барысында көз жеткіздік. Мұнда құмдағы малшылардың тыныс-тіршілігімен танысып, мұң-мұқтаждарын білу үшін аудан әкімі Бақыт Қазанбасов арнайы атбасын бұрған еді. Аудан басшысымен оның орынбасары Ерлан Қыдыралыұлы мен аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Еркебай Рсалиевтер бірге болды.
Жалпы, құм төсі – малшылар үшін қашанда құтты мекен. Жылдың қай мезгілінде болсын мұндағы мал шетінен қоңды келеді. Өйткені жайылымдықтың оты қалың. Мұны малшылар да жақсы біледі. Бүгінде олар өздеріне «Жамбыл ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінен» келісімшарт негізінде жалға берілген 111 мың гектар жайылымдық аумағындағы 68 базда қой төлдету науқанын қызу бастап та кетіпті.
Бақыт Алпысбайұлының айтуынша, аудандағы 207 мың бас қой-ешкінің бір бөлігі осы аумақта бағылып, күтілуде екен. Биыл барлығы 96 547 бас саулық соңынан төл ертуі тиіс. Сапар барысында аудан әкімі «Пионер» өндірістік кооперативіне қарасты мал отарларының жай-күйіне жіті назар аударды. Кооперативке қарасты «Жұмаш» базына барғанымызда шопандардың қауырт та қарбалас тірлігінің үстінен түстік. Қайнаған қызу жұмысты өзінше бір мереке дерсің. Маңыраған қой мен жамыраған төл дауысынан құлақ тұнады. Мұнда аға шопан Сандыбай Сәрсенбай 400 бас оңтүстік мериносы тұқымды мал өсіріп отыр. Басым бөлігі қоздаған екен. Қойларының қоңы да жақсы. Шопанның айтуынша, биыл қыс қатты болғанымен, малдың аузы көкке ілінгелі жылдам қоңданып алған.
– Мал өсіру ата кәсібіміз ғой. Ал қой төлдетудің жауапты науқан екенін, малдың өз төлі есебінен көбеюі үшін мұның аз септігі тимейтінін жақсы түсінеміз. Қосымша азықтандыру арқылы малдың қыста да қоңын жоймауына күш салдық. Содан болар, жаңа туған қозылар енесіне лезде ілесіп кетіп жатыр. Туылған төлге бірден таңба басылып, сырға салынып, дәрі егілуде. Күн сайын төл санағын жүргіземіз. Бүгінде бұл іске төрт сақпаншы қолғабыс етуде, – дейді ол.
Жалпы, құм өңіріндегі «Пионер» өндірістік кооперативіне қарасты «Жұмаш», «Ақби», «Тәнкей», «Қуатбек», «Сарой», «Сапарбек» мал жайылымы телімдерінде бүгінде 2 мың бас асыл тұқымды биязы жүнді қой төлдетілуде. Жас төлдің аяқтанып, отығып кетуі үшін олардың қай-қайсысына да арнайы жеке күтім жасалып отыр десек, артық айтқандық болмас. Әр жүз саулық соңынан 100 қозыдан еруін қамтамасыз етуге жұмылған тәжірибелі шопандар Нұрбол Қаржаубаев, Серік Есімбаев, Елдос Ізтілеуов, Жарқынбек Қазыбаев, Сарыбай Сәрсенбаевтардың еңбектері орасан.
Шынында да, қысы-жазы бір тынымы жоқ шопан еңбегі ерлікке пара-пар. Мұны «Пионер» өндірістік кооперативінің төрағасы Алпысбай Жұмаханов та айтып отыр.
– Аптап ыстық пен қатты суыққа төтеп беру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл тұрғыда шопандарымыз – шетінен малсақ жандар. Соның нәтижесінде шаруашылықтың малы шелді әрі төлді. Бүгінде төл төгіні аяқталуға жақын. Жалпы, науқанды биылғы 20-22 сәуір аралығында аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні саулықтарымыздың 80 пайызы төлдеді. Қой төлдеп бітіп, қозылар аяқтарына тұрған соң, 26 сәуірден бастап шопандарымыз Көделі көктеуіне қоныс аударады. Сол жақта жүні қырқылып, қозылар бөлінгеннен кейін, яғни қазан айында шопандарымыз құм өңіріне қайта көшіп келеді, – дейді өндірістік кооператив төрағасы.
Өз кезегінде аудан әкімі Бақыт Қазанбасов шопандарға маңызды науқанды абыроймен атқарып шығуы үшін жан-жақты қолдау көрсетілетінін тілге тиек етті. Бұл мақсатта аудандағы мал шаруашылығына қатысы бар барлық мекемелер мен қызметтердің жұмысы реттелуде. Олар кез келген сәтте алыс мал жайылымы телімдеріне жол тартып, тиісінше қызметтер көрсетуге сақадай сай.
Осы сапарымыз барысында шопандар ауылындағы шаттыққа толы тіршілік пен малшылар өмірінің бір күнгі көрінісінен марқайып, жанға ләззат алдық. Шопан ата тұқымын өз төлі есебінен көбейту жолында жанқиярлық еңбектің үлгісін танытып жүргендердің жұмысына береке тілеп қайттық.

Мұратхан ӘЛІМХАН

Жамбыл ауданы

Суреттерді түсірген
Дүйсенбек ОРМАНОВ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support