- Advertisement -

Шегіртке шығынға батырмасын десек…

184

- Advertisement -

Қазірден алдын алу жұмыстарын бастау керек

Көктем келісімен-ақ маңдай терін төгіп, егін егетін дихандардан маза кететіні белгілі. Өйткені шаруалар шегірткеден қорғанудың айла-тәсілін іздеп әлекке түседі. Онсыз да мұң-мұқтажы көп оларға бейнеттің «көкесі» сонда басталады.

Өңірімізде көптеп кездесетін саяқ шегірткеден бөлек, марокколық, азиаттық зиянкестер шаруаның шекесін тырыстырып, еңбегін еш ететіні тағы бар.
Жалпы, шегірткеге қарсы күрес күн жылынысымен жүзеге асады. Жауапты тұлғалар шегірткенің көзін жоюдың дайындық шараларын пысықтап, қажетті техникаларын даярлайды. Алайда қанша дайындалдық десек те, бұл жағдай жыл сайын қайталанып, қоңыр күзде «шырылдауық шегірткеге» айналамыз. Өкінішті, әрине…
Бірер апта бұрын облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында да өңірдегі зиянкестерді жою туралы айтылып, дайындық шаралары сөз болған еді. Басқосуда аталған мәселені алдын алу үшін қажетті техникалардың санының аздығы, оның үстіне, зиянкестерге қарсы күресті шегірткелердің жетілуі мерзіміне сай кезең-кезеңімен жүргізетін жауаптылар жұмыстың нәтижелілігіне көңіл бөлмейтіндігі баса айтылды. Фитосанитарлық ахуал бойынша жасалған болжамға сәйкес, ағымдағы жылы шегірткелер өңірдегі 4 ауданға қауіп төндіріп, 350 мың гектар аумақты жайлауы мүмкін. Осыған орай, аймақ басшысы аталған жиында зиянкестерді жоюдың барлық шараларын жан-жақты ойластыру қажеттігін ескертіп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Жалпы, соңғы жылдары облыс аумағында марокколық және азиаттық шегірткенің саны күрт өскен. Бұған себеп – егістік егілмеген жерлердің тозуы, жайылымдардың мал тұяғымен тапталуы болып отыр. Бастысы – шегірткелерге қарсы күрес жұмыстарының дер кезінде және сапалы жүргізілмеуі. Мұны фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы облыстық филиалының мәліметтері растайды. Дерекке сүйенсек, өткен жылғы тексеру жұмыстарына 85 адам, 44 техника жұмылдырылған екен.

Бірақ, тексеру жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмегенін аңғаруға болады. Ауа райының қолайсыздығы, дәрінің дұрыстап шашылмауы, шегірткелердің бір орыннан екінші орынға ауысуына мүмкіндік берген. Осылайша, екінші жастан үшінші жасқа өткен марокколық шегіртке жан-жаққа таралған. Олардың алғаш анықталған кішігірім шоғырларының көлемі ұлғайып, келесі дернәсілдік жасқа өткен сайын шегірткелер үлкейіп, қорек іздеу мақсатында аз уақыт ішінде біршама қашықтыққа жетіп отырған. Міне, осы факторлардың барлығы зиянкестердің мейлінше көбеюіне жол беріп, шаруалардың ала жаздайғы тірлігіне орасан кедергі келтірген.
Оның үстіне, препарат­тардың тиімділігі төмендеп және техникалардын сапасыздығымен бірге жетіспеуі де қанатты зиянкестерге қолайлы жағдай туғызса керек.
Облыстың аумақтық инспекциясы астық және өсімдікті қорғау бөлімінің басшысы Елеусіз Атамбаевтың айтуынша, бүгінгі таңда облыс бойынша 298 мың 210 гектар жерде марокко шегірткесі бар деп жоспарлануда. Осы зиянкестермен күресу үшін тендер ойнатылып, техникалар да сақадай сай тұр. Қолданатын улы химикаттар келесі аптаға дайын болмақ.
– Шегірткелердің былтырғы жылы көбейіп кетуінің себебі – уақытында тендер ойнатылмады. Сондықтан, техникаға қол жеткізе алмадық. Тағы бір себебі – айдалып тастап кеткен жерлерде шегірткелердің ошақтары көп болуы. Мұндай игерілмей жатқан жерлер барлық аудандарда көптеп кездеседі. Қазіргі күні бос жатқан жерлерді мемлекеттің меншігіне өткізуге жұмыстар атқарылып жатыр ғой. Шөп қалың өсетін жерлерге улы химикаттарды шашқанымен, оларға дарымайды. Негізі шегірткелердің көтерілетін кезеңі болады. Осы кезең былтырғы және биылғы жылға дәл келіп тұр. Биылғы жылы марокко шегірткесіне қарсы күреске жерүсті 39 техника, 9 ұшақ, 2 улы газ, 5 бу шашатын техникалар дайын. Бұдан бөлек, іргемізде орналасқан

Фитосанитарлық ахуал бойынша жасалған болжамға сәйкес, ағымдағы жылы шегірткелер өңірдегі 4 ауданға қауіп төндіріп, 350 мың гектар аумақты жайлауы мүмкін.

фитосанитарлық орталықтың мықты техникалары да біздің қажетімізге жарайды. Алдын алу шараларына келсек, облыс көлемінде штаб құрылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Мәден Мұсаев төрағалық етеді. Әр ауданда топ құрылды. Олар болжамдар әдістемелік орталығы анықтап берген жерлер бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Бізде қазір марокко шегірткесі көп қоныстанған Жамбыл, Байзақ, Талас, Сарысу және Жуалы ауданындағы жерлер картаға түсірілген, – дейді ол.
Ал болжамдар әдістемелік орталығының ақпаратына назар аударсақ, ағымдағы жылы анықтау жұмыстарына 51 адам, 12 автокөлік қатысады екен. Өткен жылғы қателіктен сабақ алған басшылар қажетті техниканың барлығын дер уақытында жөндеуден өткізген екен. Бұдан бөлек, шегіртке шабуылына қарсы аталған орталықтан 65 адам, 50 автокөлік тартылыпты. Сонымен қатар аудандарда жұмыспен қамту орталықтарынан қосымша 30 адам маусымдық жұмысқа алынбақ. Бұл тұрғыда облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы да қарап қалмақ емес.
Жергілікті бюджеттен 14 миллион 299 мың теңге қарастырылса, бұл қаржыға 14 674 гектар жерге саяқ шегірткеге қарсы күрес жұмыстары жүргізілмек. Бүгінгі күні мемлекеттік сатып алу заңнамасына сәйкес 2 өтінім түсті. Ендігі жерде, тендерден жеңізпаз болған мердігер саяқ шегірткеге қарсы қолданылатын улы химикаттармен қамтамасыз ететін болады, – дейді облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы егін шаруашылығы бөлімінің басшысы Шәкір Момынқұлов.
Қысқасы, жоғарыдағы мәліметтерде көрсетілгендей, шегіртке шабуылына қарсы тұрар қауқарымыз бар екендігіне сенгіміз келеді. Алайда былтырғы жағдай қайталанбасына кім кепілдік береді? Сондықтан, бүгіннен осыны ескергеніміз жөн секілді. Көктемде басқаның емес, бақшаның қамын ойласақ, қара күзде ұтылмайтынымға сенім мол.

Есен Өтеулиев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support