- Advertisement -

Таудан түскен сәуле

167

- Advertisement -

немесе естен кетпес екі кездесу

Елуінші жылдары туған біз, біздің буын сыршыл ақын Тұмағаңның, Тұманбай Молдағалиевтің, махаббат лирикаларын оқып өстік қой. Көктемгі күн күркірі, кемпірқосақ шұғыласы, жаздың демі, жастық пен махаббат – бәрі-бәрі сол күйінде жырына көшіп, қыз жасауындай көз қарықтырып, көркемсал көш түзейтіндей көрінетін бізге. Ақын жырларындағы мөлдірлік, пәктік, «сылдыраған бір өңкей келісім» бізді тұнық та тұңғиық иіріміне бірден тартып әкетуші еді. Әрбір шыққан жаңа жинағын бір деммен оқып шығып, күні бойы соның әсерінен айыға алмай, өзімізді шуақты бір шақтарда жүргендей сезінетінбіз.

Сүйікті ақынымыздың «Студент дәптерінен» басталған жырға сапары сәтті болып, «Кәмила», «Көктем таңы», «Алатау қызы», «Жүрегім менің сапарда», «Ескерткіш», «Жаз ортасы», «Жүрек ояу қашанда», «Таудан түскен сәуле», «Жүректегі жазбалар» секілді жыр жинақтары бірінен кейін бірі іркес-тіркес жылма-жыл шығып жатты ғой. Қолымызға түскен кітаптарын тіпті басымызға жастанып оқитын халге де жеттік. Тұманбай аға біздің буынға аймаңдай аруды қалай сүюді, бойымыздағы қызға деген лып-лып өрген сезімімізді сұлу сөзбен қалай өріп жеткізуді, қадіріне жете алуды да «үйретті», сөйтіп сезім тәрбиесінде де жолбастаушылыққа жарады десем, артықтық етпес. Ол кісі бұл мәселеде де көкейіміздегіні тамыршыдай тап басып, бізден бұрын дөп айтып үлгереді. Тіпті өзіміз секілді «ойлай ма» деп те қаламыз кейде. Ақынды сол көрегендігі үшін ұнаттық. Оған еліктеп өлең жазатындар да болды. Өзімнің де бір өлеңімді «Көк аспанның құстарына сен жолық», бұл – менікі, оның жазған жыры емес, Тұмаш ақын жырлаған ғой мен болып» деп қайырғаным да есімде.
Жетпісінші жылдардың соңына қарай жүрегімді жауһар жырларымен жаулап алған әйгілі ақынның өзімен кездесудің сәті түсті, Алматыға оқуға түскелі барғанымда. Анау-мынау емес, сол кезде талай жастың арманы болған С. М. Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Журналистика факультетінің өзіне құжаттарымды тапсырып қойғанмын. Емтихандардың біразын артта қалдырған едім. Келесісі әдебиеттен жазбаша түрде өткелі тұр. Соған жатпай-тұрмай дайындалып жатқан жайымыз бар. Арман қуған абитуриенттер қатарында ақын Нұрлан Берғазиев (Мәукенұлы), журналистер Жаңабай Тойбазаров, Абдолла Дастанов бар еді. Төртеуміз сол кезде жартылай ғана пайдаланылуға берілген «ҚазМУ қалашығы» жатақханаларының бірінде бір бөлмеде жатамыз. Түнімен алма-кезек өлең оқимыз және онымызды қызу талқылаймыз. Нұрлан марқұм менің бір топ өлеңімді жақсы бағалап, «Жалын» журналына тездетіп апарып тапсыр» дегенді айтты. Сол кезде жас қаламгерлер мінберіне айналып үлгерген әдеби альманахтың мекен-жайын да жазып берді.
Әріптестерімнің мақтауына көңілім марқайып, ертеңіне ұйқыдан оянған бойда автобусқа мініп, «Жалын», қайдасың?» деп тарттым да кеттім. Журнал редакциясы орналасқан үйді де, бас редактор Тұмағаңның кабинетін де тез таптым. Іште біреумен әңгімелесіп отыр екен. Сәлден кейін өзіне шақырды. Алдында хатшысы да жоқ. Отыратын бөлмесі де шағындау ғана. Сол кішкентай бөлмеде үлкен ақынның отырғаны жүрегімді қақтырып, ішке жүрексіне аттай бердім.
– Кел, именбе! – деді ақын. Үнінен қамқор бір жылуарлық, қарапайымдылық қатар ескендей болды. Мен сәлем беріп, бұйымтайымды айтып, өлең жазылған дәптерімді ұсындым да, үнсіз кібіртіктеп, түрегеп тұрдым да қойдым. Ақын өлеңдерімді ыждаһаттап оқып шықты да, мені басымнан аяғыма дейін шола қарап: «Зады, ақын жігіт екенсің!» – деп, бір-ақ ауыз сөзбен «еңбегімнің» бағасын берді. Соның өзі көңілімді тасытып, қуанышым жер-көкке сыймай барады. Тұмағаң менің алыс ауылдан оқуға түскелі келгенімді сұрап біліп, тілдей қағаз ұсынып, қысқаша өмірбаянымды жазып қалдыруымды өтінді.
– Топтамаңды журналдың осы санына саламыз. Сен фотографқа барып, суретіңді лезде шығарып әкеле ғой! – деп тапсырды сосын. «Жазған құлда шаршау жоқ», мен сол сәтте «Никольск» базары маңындағы салонның бірінің қызметіне жүгінуге мәжбүр болдым. Өкінішке қарай, тез шығарып бере қояды деп сенген фотограф түсірген суретім сапасыз болып, журналға басуға жарамай қалды. Сөйтіп, өлеңдерім суретімсіз, бірақ өмірбаяныммен қоса берілетін болып шешілді.
Айтпақшы, шаруамды біржақты етіп, қайтуға жиналғанымда Тұмағаң: «Ақын бала, емтиханың қашан еді?» – деп сұрады. «Ертең, жоқ, арғы күні болады, әдебиеттен шығарма», – дедім мен. «Көмек керек пе?» болды содан кейінгі сұрағаны алды ақжайлау ағаның. Сол сәтте екі туып, бір қалғаным да емес, маған бұл кісі не көмек бермек деп ойлағандықтан да, сыпайылық сақтап: «Жоқ, керек емес», – деп басымды шайқадым. «Көмек керек, әрине» деп неге айта салмадым екен, тонымды шешіп алмас еді деп пұшайман күй кешетінім беріде ғой.
Ондай ойға баруыма сол кездегі «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») жастар газетінде жарияланған мақаласында өзіммен тұстас, бүгінде есімі елімізге танымал бір ақын жігіттің «Тұмағаң жиырма шақты жастың (оның ішінде өзім де бармын) ҚазГУ-ге оқуға түсуіне көмек берді» деп жазғаны түрткі болған еді. Менің «Жалын» жастар альманахына өлеңдерімді тапсырып шыққаннан кейінгі тірлігім қырын кетіп, шығармашылық сынақтан сүрінбегеніммен, конкурста жиырма жыл бойы ұдайы келіп, сәтсіздікке ұшыраумен жүрген бір бейбаққа жол беруіме тура келді. Өзімнен де болды, біржағы. Мен де Тұмағаңның алдын көрдім ғой. Алайда ол кісінің «ұсынысын» көрінеу қабылдамай тастадым. Ал әлгі. мақалада айтылған әріптестерім мұндай мүмкіндікті мүлт жібермеген. Олар айтулы ақынның «Көмек керек пе?» деген сөзін «Ойбай-ау, өзіміз де сол… жәрдемдесе ме деп келіп тұрмыз алдыңызға» деп іліп әкетіскен сияқты. Енді, міне, жорналшылар оқуының «қызығын» көріп жүр. Пендешілік қой, осыны ойлап, әредікте «Қап, әттеген-ай» деп қапаланып та жүрдім. Тұмағаңның өзіме айқара ашылған қамқор құшағына ене алмағаным, таудан тіктеп түскелі келе жатқан шуағына бөлене алмағаным болмаса, өміріме өкінішім жоқ. Өзім жасымнан сүйіп, ұнатқан журналистика саласына бәрібір келдім. Бірақ оның белегір-биігіне тастақты сүрлеу-соқпақтар арқылы тынбай өрлеп, жету пешенемізге жазылыпты, қайтерміз?!
Дей тұрғанмен сол тұста әлгі жоғарыда замандасым айтып өткендей, әйгілі ақынның көмегіне жүгінгенімде (қанша дегенмен, ол да Алланың маған деген шарапатының бір нышаны болар), өмірім жүз сексен градусқа өзгеріп шыға келер ме еді, жалпы ақынның жиырмаға жуық жас ақынға сондай бір «сөз жәрдемін» көрсеткені қаншалықты шындық деген сынды сауалдар мені бертінге дейін мазалап та келген еді…
Өмір мұның мән-жайына қанығуымның да орайын келтірді. Мұны енді таңғажайып іс демей көріңіз! Ұмытпасам, Тұмағаңның, қазақтың көрнекті ақыны, Қазақстанның Мемлекеттік және Физули атындағы халықаралық сыйлықтардың иегері Тұманбай Молдағалиевтің, 60 жасқа толып, мерейтойлары еліміздің жер-жерінде дүрілдей өтіп жатқан кезі болуы керек. Ақын Әулиеата өңірінде де болып, облыстық қазақ драма театрында өзінің сыр-сұхбат кешін өткізді. Қаншама ақ қанат әндердің мәтінінің туындыгері бола тұрса да, бір ән де айтылмай, ақынның өзі ашып жүргізуіндегі поэзия патшалық құрған сыршыл да сырбаз кеш болды өзі. Өз жайын өзге емес, өзі айтуы, өлеңдерін қағазға қарамай жатқа оқуы көрермендерін тұнық та тұңғиық әлемімен, ғажап болмысымен үндестіре қауыштырды! Мұндай айқай-дабырасыз, қарапайым да қоңыр күйлі жыр кешіне оған дейін де, одан кейін де куә болған емеспін.
Ертесіне облыс әкімдігінің бір бөлмесінде ақынның өзімен тікелей сұхбаттасуға бардым. Сол кездегі облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы, белгілі балалар жазушысы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Әлдихан Қалдыбаевқа сондай өтінішпен өзі қайырылған екен. Негізінен сол тұста ақынның өзі басшылық ететін «Балдырған» балалар журналына жазылым жүргізілуі жайы ғана қаузалған бұл жолығысу ол кісімен екінші рет бетпе-бет келуім болатын. Әңгімеміздің бір жеріне көптен көңілімді күпті етумен жүрген әнебір жайға байланысты сауалымды да сыналап енгізіп жібердім.
– Е-е-е, ондай күндер де өтті ғой бастан. Жаспыз, жалын күшке иеміз. Рас, сол кездегі ҚазГУ-дің ректорымен арамыз жақсы еді. Сөзім де өтетін. Болды ондай жағдайлар, – деді де қойды Тұмағаң сол жолы.
Не деген ұлы, не деген қарапайым адам бұл! Иә, жасымыздан ол кісінің өлең-жырларын жібермей оқып, күн шуақты жақтарға ғашық болып өстік біз. Қырықтан аса берген шағында өмір мен өлім жайлы да ой толғап, «Қай жерлерге барар екен Тұманбайдың құнаны» дейтіні де есте. Ұзақ жасаса екен, шуақты жырларымен халқын шаттыққа бөлей берсе екен дейтін шайырымыздың «өз құнанын» жетпіс алты жастың мама ағашына байлап, ғұмырын доғарарын ол кезде кім білген? Ашылмаған арал – арда ақын өзінің сырлы әлеміне сан-мың оқырманын қызықтырып, тынымсыз жетелей де бермек. Өзі тұлғалы, сөзі уәлі шайырдың «Қазақстан әлі-ақ қуатты мемлекет болады, халықтың жақсы тұрмыс халі өрлейді» деп кеткенін әулиелік демей көріңіз! Оның рухы асқақ, оптимист ақын ретіндегі жадымыздағы бейнесі, өзі де, сөзі де өшпек емес, бізбен бірге жасай бермек.

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support