- Advertisement -

Темірге тіл, жаңқаға жан бітірген

152

- Advertisement -

Қосбөлтектік жас ұлан Нарби Болатұлының негізгі мамандығы – инженер-механик. Алматыдағы азаматтық академияның колледжін тәмамдаған ол бүгінде сол оқу орнында сырттай білім алуда. Ұшқыш боламын деген бала арманы оны шеберханаға алып келді. Жалпы Нарбидің бала кезде бар уақыты әкесінің ұстаханасында өтетін.

Әуелі өзбекстандық Сәбит есімді көршісінің түрткі болуымен түрлі туындыларды өмірге алып келген оның бүгінде жеке шеберханасы бар. «Он жасымнан бастап осы тірлікпен айналысып келемін. Ең алғаш, қайық жасағаным есімде. Туындымды көрген мектептегі Қайрош есімді мұғалім аудандық Мәдениет үйінде өткен көрмеге қатысуға ұсыныс жасады», – дейді шебер.
Ұсталық өнер ата қанымен бойына дарыған ол бұдан кейін қатты қағаздан ұшақ жасаған. «АН-2» ұшағының шамамен 10-15 есе кішірейген үлгісінің жылдамдығы соншалық артынан адам жүгірсе жете алмайтын болыпты. Тізе берсек, Нарбидің қолынан бүгінгі күнге дейін бұдан өзге жүк көлігі, эвакуатор секілді туындылар шыққан екен.
Ал жас шебердің жел энергиясынан қуат алатын үй жасап шығарғаны ауылдастарының әлі есінде. Күнделікті тұрмыстағы шаңсорғыш арқылы үйдің ішін үрлесеңіз, жарық жанады екен. Бірақ бұл туындылардың барлығы дерлік бүгінде жоқтың қасы. Себебі кейіпкеріміз балалықпен өзі жасаған бұйымдарына тиянақтылық танытпаған. «Өзім оқыған мектепте, кейіннен ауылдағы балабақшада мен жасаған заттар тұратын. Кейінірек барсам, мұның бірде-біреуін таппадым. Сұрастырсам, қолды болыпты», – деп өкінішін білдірді ол.
Алайда қателіктен сабақ алып, әкесі Болаттың ескертуінен кейін жасаған темір балқытқыш пеш, токарь станоктарына асқан ұқыптылықпен қарайды екен.
– Алматыға оқуға түсіп, алты айдан соң демалысқа келгенімде ең бірінші токарь станогын жасадым. Бұл – әрине, әкемнің тапсырысы болатын. Біздің үй ауылдағы кеңестік кезеңнен қалған колхозға жақын орналасқан. Әкем әлгі токарь станогы қажет болса, сонда барады. Бірақ кейде ондағылар жоқ болады немесе қолдары тимейді. Содан әкем мен демалысқа келгенде осы станокты жасап беруімді тапсырды. Әрине, ең алғашқы жасаған станогым өте әлсіз болды. Себебі ол кезде менде қажет құрал-саймандар болған жоқ. Осыдан соң тағы бір рет жасадым. Ол да көңілімнен шықпады. Кейіннен оқуға кеткен соң, сол жақтан керек заттардың бәрін өзіммен бірге ауылға ала келдім. Үшінші рет жасаған станогым көңілімнен шықты, – дейді Нарби.
Бел баласының қолынан шыққан әрбір туындыны көзінің қарашығындай сақтайтын әкесі осыдан соң баласына ағашты кесіп, өңдеп-жонуға арналған станок (пилорама) жасап беруін сұраған. Жас шебер әкесінің бұл өтінішін де бас-аяғы он күннің ішінде орындап, разы қылыпты.
Темірге тіл, жаңқаға жан бітірген Нарби жаңа жыл қарсаңында әкесі үшін төс жасап шығарыпты. Не жасаса да әр сантиметріне дейін асқан ыждаһаттылықпен есептеп жасайтын оның бұл тірлігі – қуанарлық-ақ жайт. Алайда жас шебер енді үлкен дүниелер жасауды армандайды және ол мақсатына жететініне сенеді. Енді тек қаражат болса, шеберлігін шыңдап, қажетке жарайтын түрлі заттарды жасап шығаруды қолға алмақ ниетте.
Өз кезегінде әкесі де ұлына қолынан келгенше қолдау көрсетіп, жағдай жасамақ.
– Ұлымның бала кезден бір нәрсе жасауға қызығып ұстаханада жүретінін жиі көретінмін. Әрине, ол кезде балалық шығар деп ойладым. Бірақ оның есейе келе қолынан бір нәрсе келетінін көріп, тапсырыс бере бастадым. Содан ол жасаған дүниелер көңілімнен шығып, оның енді мазасын алудамын. Ұлың ер жетіп, ата-бабадан мирас болып қалған ұсталық киелі өнерді жанына серік етсе, неге қуанбасқа?! Тұрмысқа керек құрал-саймандар жасап, қажеттілігін өтеп жатса, оның несі айып?! Тек бәрі келіп қаражатқа тірелгенде, амалымыз құриды. Оның үстіне, ол жасаған көп дүниелер бүгінде ұстағанның қолында кетті. Ендігі мақсат – ұлымның нағыз шебер болып қалыптасуына жағдай жасау, – деп өз ойымен бөлісті әкесі.
Ендеше, жас шебердің бар ынта-жігерін салып, қажетті туындыны жасағаны талайды тамсандырсын демекпіз. Өйткені бұл өнер қашаннан халықтың күнделікті тұрмыстық қажеттіліктерін қамтамасыз етуге қызмет еткен. Алдағы уақытта да Нарбидің қолынан шыққан түрлі бұйымдар дәулет-дәрежесіне қарамастан, әрбір отбасының керегіне жарайды деп ойлаймыз.

Есен САҒЫНАЙҰЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support