- Advertisement -

Мүмкіндігі шектеулі, қарымы шексіз

91

- Advertisement -

Даңқты жерлесіміз жас спортшылармен кездесті

Облыстық мамандандырылған спорттағы дарынды балалар мектеп-интернатының мәжіліс залында жүзу спортынан Паралимпиалық ойындардың чемпионы, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Зүлфия Ғабидуллина жас спортшылармен кездесіп, пікірлесті. Басқосуды облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков сөз сөйлеп ашып, шараның маңызына тоқталды.

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру – басты мақсатымыз. Зүлфияның есімі сол мақала аясындағы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енгені белгілі. Елімізден шыққан тұңғыш Паралимпиалық ойындарының чемпионы біздің өңірдің спортшысы екенін мақтан тұтамыз. Зүлфия қажырлы еңбегінің арқасында осындай табысқа кенеліп отыр. Оның жетістікке толы дара жолы – көпке үлгі, – деді ол. Бұдан соң Зүлфияның жаттықтырушысы Саттар Бейсембаев өз ойын ортаға салды. Ол Зүлфияның өте еңбекқор екенін тілге тиек етіп, Паралимпиалық ойындар чемпионының шетелдің тәжірибелері мен әдістемелері негізінде жаттығып жатқанын әңгімеледі. Спортшының алар асуы әлі алда екенін айтып өтті.
Жиында сөз сөйлеген Зүлфия Ғабидуллина арманға қол жеткізу үшін талмай тер төгу қажеттігін баса айтты. «Менің осындай биік межені бағындыруыма, әрине, бапкерімнің, мені қолдаған үлкен азаматтардың көмегі көп тиді. Сондықтан қасымнан табылған спорт саласының басшыларына, барлық азаматтарға алғысым ұшан-теңіз. Адамнан арман артылған ба?! Алдымызда әлі талай байрақты бәсекелер бар. Тынбай еңбектенсек, әлі сан мәрте елді қуантуға шамамыз жететін секілді. Сенім үдесінен шығу үшін аянып қалған кезім жоқ. Алдағы күндерде де солай болатынына уәде беремін», – деді ол чемпион атанудың оңай еместігін еске салып.
Әсерлі кездесуде залға жиналған жас спортшылар тағдыр тауқыметіне мойымаған чемпионға өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, жауаптарын алды. Мүмкіндігі шектеулі болса да, қарымы шексіз екенін төрткүл дүниеге дәлелдеп, Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өткен айтулы аламанда мемлекет мерейін арттырған Зүлфия Ғабидуллинаның жеңісті жорығы баршамыздың жадымызда жаңғырып тұр. Сын сәттерде сыр бермеген спортшы енді Токиода өтетін төртжылдықтың басты додасында екі дүркін Паралимпиалық ойындардың жеңімпазы атанса деген тілек көкейде атой салады…

Табиғат Абаилдаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support