- Advertisement -

Мәдениет – өркениет мәйегі

282

- Advertisement -

«Art Format» семинар-тренингінде саланы өркендету жолдары айтылды

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен «Art Format» атты мәдениет қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға, тәжірибе алмасуға арналған семинар-тренинг өтті.
Бірнеше күнге созылған шараның алғашқы күнінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысумен баспасөз мәслихаты ұйымдастырылды. Аталмыш басқарма басшысы Дүйсенәлі Бықыбаевтың қатысуымен өткен жиында аталған салаға қатысты түрлі мәселелер қозғалды. Осы күнге дейін атқарылған жұмыстар сараланды. Күн тәртібінде алдағы уақытта қолға алынатын ілкімді істердің жай-жапсары әңгімеге арқау болды. Басқосуда сөз алған Қазақстанның мәдениет қайраткері, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры Нәсіпхан Камалова аймақтағы мәдени ахуалды алға тартып, Жамбыл жерінің қонақжайлылығына алғысын білдірді. Сонымен қатар «Format Е» мәдени-даму оқу-әдістемелік орталығының директоры Ерлан Әуесбаев саланы өркендету туралы ұтымды ұсыныстарын ортаға салды.
– Іс-шара біздің басқарма мен Шымкент қаласындағы «Format E» мәдени-даму оқу-әдістемелік орталығының бірлесе еңбек етуінің нәтижесінде екінші жыл қатарынан жалғасын тауып отыр. Өткен жылы тек белгілі бір сала мамандарын ғана қамтыған болатынбыз. Көп қызметкерлердің көңілінен шыққандықтан, биыл ауқымын кеңейтуді жөн көрдік. Мәселен, 2000 – жылдары өңірде 40-ақ мәдениет ошағы бар болса, уақыт талабына сай бүгінгі күні 543 мәдениет нысаны бар. Өңірдегі саланың өркендеп жатқанын осыдан-ақ бағамдауға болатындай. Әрине, оның барлығы толыққанды жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Оларға да штаттық бірліктер беру керек, материалдық-техникалық базасын жақсарту қажет. Бүгінгі таңда аталған мәселелер бойынша жүйелі жұмыстар жүргізудеміз. Айталық, 4 жылдың көлемінде «Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында облыс бойынша 249 нысан ағымды-күрделі жөндеуден өткізілді. Бұған мемлекеттік қазынадан 3 миллиард 400 миллионға жуық қаражат бөлінді. Ендігі кезекте қолда барды ұқсату үшін қарамағымыздағы қызметкерлердің біліктілігін арттыруды мақсат еттік. Ол үшін осындай семинар-тренингтер бізге керек-ақ, – дейді басқарма басшысы Дүйсенәлі Дыбысалыұлы.
Облыстағы мәдениет қызметкерлерінің кәсіби деңгейін жетілдіру, мәдени-демалыс ұйымдарының озық тәжірибедегі жаңа бағыттарын игеру, біліктілігін жоғарылату мақсатында ұйымдастырылған семинар үш күнге созылды. Қатысушылар қатарында Мәдениет үйлерінің көркемдік жетекшілері, әдіскерлері, ауылдық клуб меңгерушілері, халық театрларының жетекшілері, кітапхана, музей, кино орталықтарының қызметкерлері бар.
Семинар аясында еліміздің мәдениет және өнер саласының өсіп-өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген кәсіби мамандар лекциялық дәріс оқып, шеберлік сағаттарын өткізді.

Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support