- Advertisement -

«Ақылды технологиялар» әр үйде болса…

175

- Advertisement -

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, ЭКСПО көрмесін айрықша аңсармен, асыға күткеніміз естен шыға қойған жоқ. Шынында да бұл шара мемлекетімізді алыс-жақын шетелдерге танытып, абыройын асқақтатқаны анық. «Жасыл экономика» – болашақтың энергиясы» тақырыбын ту етіп көтерген көрменің өткізілуі барысында әлем экономикасының неше алуан ғажайыптарын көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкіндігі туындады емес пе?! Ғалам ғажаптары ЭКСПО қалашығын дүр сілкінткен. Ал олар бүгінде бізде нақты істе қолданылуда ма? Мәселенің осы жағына келгенде, аз-кем кібіртіктейтініміз бар.

Әлбетте, өңіріміз бұл жағынан ұятты емес. Жаңартылған қуат көздерін, күннен, желден, судан энергия өндіретін стансаларды іске қосу қарқынмен жүзеге асырылуда. Алайда айтпағымыз ол да емес. Осынау жаңалық, өзгерістер жаппай қолданылса, әрбір отбасында болса дейміз ғой, баяғы…
Егін өсірудің, мал жайлаудың, тұрмыс тіршіліктің болсын тамырын дөп басып, айрықша елеулі өмір сүру тетіктерін қалыптастырған қазақ шаруасы құбыласынан жаңылған емес, жаңылмайды да. Алғаш арбаны, киіз үйді ойлап тапқан да қазақ. Қыран баптап, құмай тазы жүгіртіп, аңға салып, сонарлатуды адамзат баласы қазақтан үйренуде. Ал құрт-ірімшігі, ет сүрлеу мен қымыз баптау әдістері, тағы басқалары қазіргі заманғы технологиялармен таласатынына еш шүбәміз жоқ. Атам заманнан бері істің ығытын, жөнін таба білуімен дараланған ұлтымыздың өркениеттік үрдістерден шет қақпай қалмайтыны, ден қойып айналысса, жергілікті билік тарапынан аздаған қолдау, көмек танытылып, жағдай жасалса, «жасыл экономика» жетістіктерін де, «ақылды технологияларды» да бір демде-ақ тізгіндеп алары анық.
Оған мысал да жеткілікті. Талас ауданындағы Ойық ауылында тұратын Ділдабек Оңалбековті ауылдастары қолынан келмейтіні жоқ, іскер азамат ретінде таниды. Оның, әсіресе нарыққа өтпелі кезең тұсындағы әрекеттері менің де есімде. Атап айтқанда, қыста елдің отын-суын қамдап беруге септесетін жекеменшігіндегі доңғалақты тракторының моторын жазда «Газ-53» маркілі автокөлігіне, күзде өзі құрастырған диірменіне ауыстырып салып, шөп тасып, жем тартып нәпаха табатын. Оның тоқсаныншы жылдарда онжылдық мектеп білімімен ауылдың бас инженерлігіне тағайындалуы да осы іскерлігінен ғой! Оның аңшылығы, сынықшылығы, әсіресе жүгеріден боза салатын, көнерген кіржуғыш машинасын кілегей қаймақ жасайтын сеператорға айналдыратын «өнері» де бар. Қысқасы, қиын-қыстау кезеңде нарыққа бірден бейімделуімен көзге түскен.
Мұндай іскер азаматтар тізіміне сарысулық кәсіпкер, «Қамбар ата» шаруа қожалығының жетекшісі Серік Жылқыбаевты ойланбай қосуға болар. Ол бүгінде өздігінен күн қуатын жинақтай алу әлеуетіне ие күн батареясын сатып алып, электр желісі тартылмаған алыс мал жайылымы теліміндегі өз малшыларының да, өзгенің де бар жағдайын жасап отыр. «Елімізде, оның ішінде өңірімізде де осындай күн сәулесінен күндізгі уақытта көше шамдарын қуаттап алу сынды энергия үнемдеу шараларын жүзеге асырсақ, біраз шығынның алдын алар едік», – дейді ол.
Осы орайда жуырда ғаламтор арқылы ресейлік бір азаматтың үй бөлмесін аса көп шығынды қажет етпейтін бір ғана батереямен жылыту жөніндегі ұсынысымен оқып таныстым. Екінің бірінің қолынан келетін іс. Ал сол ғаламторыңа жариялайтын идеялар бізде аз ба? Өңірімізде үйі іргесінен ағатын өзенге орнатқан қалақты шағын стансасы көмегімен бақшалығын суаратын, өртті бір демде сөндіретін құрылғылар, жиналмалы бесік, тіпті, дүние жүзіндегі іштен жанатын қозғалтқыштардың төртінші буынының мейлінше жетілдірілген, жеңіл, экологияға зиянсыз, өте қарапайым түрін ойлап тапқан азаматтар да бар. Мұндай тәжірибелер отбасы, ошақ қасында қалмауға да тиіс. Оларды облыс көлемінде насихаттап, жұртқа танытып, реті келіп жатса басқалардың да пайдалануына мүмкіндік жасағанымыз жөн. Өнертапқыштардың һәм жаңашылдыққа бейім азаматтардың идеяларын жинақтап, облысымызда «кіші ЭКСПО көрмесін» өткізудің де мезгілі пісіп-жетілген секілді.
Мемлекет басшысы өзінің биылғы халыққа Жолдауында алға қойған он міндеттің үшіншісінде егін егу мен астық жинаудың оңтайлы уақытын болжамдаудың, «ақылды суарудың», минералды тыңайтқыш себудің, зиянкестермен күресудің интелектуалды жүйелерін енгізу өнімділікті әлденеше есе арттыратынын атап көрсетті. «Ақылды технологиялар» ауылда ғана емес, әрбір үйде болса, артықтық етпейді.
Шынында да біз басы артық шығын жұмсамауды, еңбек өнімділігін, отбасы табысын еселеуді, әсіресе, су, газ, жарықты үнемдеп тұтынуды, мүмкіндігінше оларды баламалы энергия көздеріне алмастыруды сәтімен үйлестіре алсақ қой. Мысалы, электр шамы үйге кіргенде жанып, шыққанда өшетін болса, бұл жаман ба?
Міне, осындай таңғажайыптарымен талайға таңдай қақтырған ЭКСПО көрмесі де өтті де кетті, алайда оның тағылымы, өнегесі санамызды өне бойы жаңғыртып, жаңашылдыққа бастап тұруға тиіс-ау!

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support