- Advertisement -

Көне Әулиеата келбеті

552

- Advertisement -

байырғы зерттеуші-ғалымдар көзімен

Өлкеміз тұнған тарих қой! Оның әрбір қатпары таңғажайып тылсым сырларға толы. Білсем, таныссам дейтін жайлар көп-ақ. Елімізде деректану ғылымының кенжелеу дамуынан да болар, мұрағаттарымыздың да әлі күнге «мұрты» бұзыла қойған жоқ. Жұртшылық қауымды, әсіресе өңіріміздегі тарих және мәдениет ескерткіштерінің зерттелу жайы қызықтыратыны анық. Зерттеулер қалай, қайдан бастау алып еді? Енді соған келелік.
Бұл тұрғыда атап өтерлік жай, орыс әскерлерінің оңтүстік-батысқа жылжуы барысында Шу мен Талас алқаптарын жаулап алып, Ресей империясына қосуы аймақта зерттеушілердің келуіне себеп болды. Олардың ішінде тарих пен археологияға қызығушылар да бар. Көп дерек бізге солардан жетті. Осы тұста археологиялық ескерткіштер мен көне архитектуралық құрылыстарды зерттеп, зерделеуге ілік боларлық шығармашылық туындылар пайда бола бастады.

1864 жылы суретші М.С.Знаменский Ақыртас қирандыларының, оның қамал құрылыстарының бірнеше суреттерін салды. Ірі тасқұймалардан тұрғызылған бұл ескерткіш өзінің құпиялылығы мен жоспарының ерекшелігімен өзіне бірден назар аудартты. 1867 жылы шығыстанушы П.И.Лерх Ақыртаста болып, оған «буддалық монастырь» деп анықтама бергені тарихтан белгілі. Осыдан бірнеше жыл өткеннен кейін геолог Д.Л.Иванов аталған кешеннің ерекше өрнекті блоктарының суреттерін дүниеге әкелді. Ал 1889 жылы Күйік асуы маңындағы Үңгірлісай деген жердегі қабірлер қазылып, олардың бірінен жібек матаға оралған мүрде мен бес қола айна, екіншісінен күміс ыдыс және екі монета табылғандығы жөнінде «Императорлық археологиялық комиссияның есебінде» жария етілді. Осыдан хабардар болған шығыстанушы Е.Ф. Каль жыл өтер-өтпесте Әулиеата уезінің ескерткіштерін зерттеуге құлшына кірісіп, обалар мен қарауылтөбелер туралы бірқатар мәліметтер жинағанына, Жетітөбе қорымының үлкен обаларының бірінде қазба жұмыстарын жүргізгендігіне мұрағаттық құжаттар арқылы қанық болып отырмыз.
1893-1894 жылдары В.В.Бартольдтің Шымкент – Әулиеата – Меркі – Піспек – Ыстықкөл – Верный бағыты бойынша ғылыми сапарда болуы Оңтүстік Қазақстан мен Жетісудың тарихы мен археологиясын зерттеу мәселесінде маңызды жетекшілік рөл атқарды. 1894 жылы жарияланған есебінде ол ортағасырлық жазба деректердің жиынтығын берді, тарихи очерк жазды, ең бастысы археологиялық-архитектуралық бірегей ескерткіштерді, оның ішінде Талас пен Шу алқаптарындағы, Түймекент пен Құландағы, Тараздағы көне қалажұрттарының, Ақыртас кешенінің дәлме-дәл сипаттамаларын жазып қалдырды. Бартольдтің ғылыми ықпал етуінің нәтижесінде 1895 жылы Ташкентте құрылған археология әуесқойларының Түркістан үйірмесінің жұмысы да қызу жүріп жатты. Үйірме мүшелерінің қатарында өлке әкімшілігінің өкілдері, оқу орындарының директорлары мен оқытушылары, шенеуніктер, әскерилер бар. Олардың санатында Талас және Шу алқаптары ескерткіштерінің алғашқы зерттеушілері В.А.Каллаур, В.П.Лаврентьев, Н.П.Остроумов, А.А.Диваевтар да болды. Көне дүниені зерттеу ісіне, әсіресе Каллаур көп еңбек сіңіріп, соңында бай ғылыми мұра қалдырды. Оның көптеген мақалалары ортағасырлық қалалардың орнын анықтауға, қалажұрттардың, қорымдардың, тас мүсіндердің сипаттарына арналған. Көне түркілік руникалық жазуларды ашу мәртебесі де осы зерттеуші еншісіне бұйырды. Ол сәулеттік ескерткіштерге де ерекше көңіл бөлді, П.И. Лерх пен В.В. Бартольд келтірген Ақыртас сипаттамасын одан әрі толықтырды, Айша бибі мен Бабаджа хатун кесенелерін, Ұлы Жібек жолындағы көне қалалар мен мекендерді, Тектұрмас тауындағы және Таластың төменгі ағысындағы архитектуралық құрылыстарды, тас мүсіндер мен көне түркілік-руникалық жазбаларды тәптіштей сипаттап жазды.
В.П. Лаврентьев болса, Әулиеатаның айнала-төңірегіндегі «төбелер» – қалажұрттардың реестрін жасады. Әйгілі зерттеуші-ғалым А.И.Добросмыслов ХХ ғасырдың бас кезіндегі Әулиеата құрылымын зерттеп, толыққанды сипаттамасын жазып қалдырды.
Зерттеушілер мен өлкетанушылар айрықша ауқымды деректік материалдар жинақтады, олар жасаған ескерткіштердің сипаттамалары осы күнге дейін өз маңызын жоғалтқан жоқ. Өйткені олардың басым дені уақыт өте келе бұзылды немесе өзгерді. Сондықтан мұрағаттарда сақталған мәліметтер осы тарихи ескерткіш орындары жөніндегі бірден-бір жалғыз дерек болып қалды. Жалпы, бұл жұмыстар уақыт өте келе материал жинау, өңірлік археология және архитектура ескерткіштерін тіркеу мен сипаттау жұмыстарына кең жол ашты.
1917 жылы төңкеріс пен азамат соғысынан кейін, кеңес мемлекетінің бастапқы құрылуы кезеңінде Шу-Талас аймағының археологиялық ескерткіштерін зерттеу жұмыстары қайта жанданды. 1925, 1927 және 1930 жылдары М.Е. Массон Тараз қалажұрты мен Талас алқабының көне ескерткіштері зерттелуінің бастамашысы болды. 1936 жылы ол Талас өзенінің жоғарғы ағысында кездейсоқ табылған руникалық жазуы бар таяқты ғылыми айналымға енгізеді. Өңіріміздегі алғашқы ғылыми қазба жұмыстарын да 1927 жылы осы ғалымның басқаруында тарих ескерткіштері мен өнер ескерткіштерін қорғау жөніндегі Орта Азиялық комитетінің экспедициясы жүзеге асырған болатын. Экспедиция Әулиеата маңының топографиясын зерттеді, Шахристан мен қорымда қазба жүргізді. Археологиялық қазба жұмыстары барысында ортағасырлық керамика мен терракоталық әрлеуіш материалдардың тамаша үлгілері табылып, жер астында ортағасырлық қаланың қалың мәдени қабаттары бар екені анықталды. Қалажұрт фортификациясы қалдықтарын сақтап қалған, үш қатар жалмен қоршалған, Талас өзенінің өткелінде орналасқан және Талас алқабының осыған ұқсас ескерткіштерінің ішіндегі ең ірісі болды. Археологиялық материалдар, оларды сараптау М.Е.Массонға Тараздың – орта ғасырлардағы Орта Азия, Еуразияның ірі қалалары бірінің қалдықтары екендігін дәлелдеуге мүмкіндік берген еді.
Ал жалпақ жұртқа танымал Айша бибі кесенесін 1925 жылы сәулетші Б.П.Денике зерттеді. Кейіннен ол архитектуралық өрнекті сараптамасы және бағалау жөніндегі еңбегін жариялады. 1937 жылы кесенені осының негізінде Шығыс мәдениеті музейінің экспедициясы (Б.М. Никифоров, Н.В. Черкасов) зерттеді. 1931 жылы Шу алқабында археологтар М.П.Грязнов, С.И.Тереножкиндер тиісінше жұмыстар жүргізді.
1936 жылы Талас және Шу алқаптарында Жетісу археологиялық экспедициясының (ЖАЭ) ғылыми-зерттеу жұмыстары басталды. 1935-1938 жылдар аралығында жұмыстар жүргізген экспедицияны КСРО Ғылым академиясының материалды мәдениет тарихы институты, мемлекеттік Эрмитаж, КСРО-ның Ғылым академиясының Қазақ және Қырғыз филиалдары, Қазақ КСР Халық комиссарлары кеңесінің жанындағы қорықтар мен ескерткіштерді қорғау басқармасы ұйымдастырды. Соның нәтижесінде кең хронологиялық ауқымдағы біздің дәуірімізге дейінгі V және ХІХ ғасырлардағы алуан археологиялық ескерткіштер ашылып, мерзімделді. Тараз қалажұртының топографиясы зерттеліп, алты бірдей қазба жұмысы жүзеге асырылды. Бұл жұмыстар ХІ ғасырдағы бірегей монша орнын, көне су құбырын анықтауымен, керамика, шыны, металл, тиын коллекциялары жинақталуымен лайықты орнын тапты. Алғаш рет Тараз қаласының тарихын археологиялық материалдарды пайдалана отырып қалпына келтіру әрекеттері жасалды.
Ал 1938 жылы археология және архитектура ескерткіштерін зерттеу және сақтау үшін Жамбыл археологиялық пункті ұйымдастырылған еді. Оны кәсіпқой археолог Г.И.Пацевич басқарды.
1935-1938 жылдары А.Н. Бернштамның жетекшілігімен ұйымдастырылған КСРО Ғылым академиясы Қазақстан филиалы күшімен жүргізілген жұмыстар барысында Тараз бен оның төңірегіндегі қалаларға қатысты тың материалдар жинақталды. Тараз қалашығына қазба жұмыстарын жүргізу арқылы қаланың құрылысын анықтауға күш салынды. А.Н. Бернштам Луговой елді мекенінің жанынан үйсін қонысының орны мен Берікқара және Кеңкөл обаларына қазба жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар өңірдегі көптеген қалалар мен оба қоныстарды жаңадан ашып, елге танытты. Қазбалар Тараздың Әулиеата орнындағы қалажұртқа толық сәйкес екендігін дәлелдеді. Ортағасырлық қала тұрғындарының дүниетанымы жөнінде қызықты материал тараздық қорымдардың қазбасы мен жерлеу кешендерінен кездейсоқ олжалар берді.
Соғыстан кейінгі жылдары 1960-шы жылдарға дейін республиканың оңтүстік өңірінің архитектураның даму тарихын зерттеу жұмыстарын Қазақ КСР министрлер кеңесі жанынан құрылған Архитектура істері бойынша басқармасы ұйымдастырған экспедиция барысында облыстың белгілі ескерткіштері зерттелді, жаңалары ашылды және олар туралы мәліметтер дайындалды. Бұдан әрі де әр жылдарда облыс территориясында Жетісу археологиялық экспедициясы М.К.Қадырбаев, Х.А.Алпысбаев, К.М.Байпақов, У.Х.Шәлекенов бастаған археологиялық экспедициялары тиісінше жұмыстар жүргізді. Бұл жұмыстар негізінен Жетітөбе қорымы, Ақтөбе, Шу алқабы, Өрнек, Луговой, Қостөбе, Өрнек, Төменгі Барысхан қалажұрттарында, Ақыртас кешенінде қазба ісін жүргізуге бағытталды.
2004 жылы ел Президенті қолға алған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында археология және архитектура ескерткіштерін зерттеудің жаңа кезеңі басталғаны екінің біріне мәлім. Мәдени мұраның сан алуандығы мен байлығы өркениетті қоғамның негізгі белгісі, ұлттық және мемлекеттік сана-сезімнің интеграциялық компоненті болып табылады. Мәдени мұраның заттық бөлігі халықтың материалданған жадысын көрсетеді. Мұның маңызды бөлігін археологиялық қазба мұралары құрайтынын, олардың бізде айрықша көптігін, киелі Әулиеата өңірінің көне келбетін, қадым заманғы тарихын сол қалпы ортамызға оралтып отырған да солар екенін және бір мақтанышпен атап өтсек дейміз. Тарихи жады сақталған халықтың рухы да еш төмендемек емес.

Қуаныш ДӘУРЕМБЕКОВ,
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени
қорық-мұражайы РМҚК директорының ғылыми
жұмыстар жөніндегі орынбасары

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support