Скиф-сақ дәуірінің әйелдері

17

Скиф-сақ дәуірі – Еуразияның кең жазықтықтарындағы иран және түркі көшпенділерінің ұзақ өмір сүру дәуірі. Ол б.д.д. 1-мыңжылдықтың екінші жартысынан бастап христиан дәуірінің басталуына дейінгі аралықты қамтиды. Бұл атты-көшпенді өркениеттің дүниежүзілік тарих сахнасына жарқырап шығуы, әлемнің Алтайдан Алдыңғы Азияға дейінгі қарым-қатынасы кезіндегі номадтық глобализмнің алғашқы көрінісі болып табылады.
Егер терминдерге келер болсақ, онда «скиф» деп бұл тайпалар грек дәстүрі бойынша аталынады, ал парсы деректерінде олар «сақтар» деп беріледі, қытайлықтар оларды «сэ» деп атаған. Бұл олардың таралуының маңыздылығы мен көптеген халықтардың тарихи тағдырына тигізген әсерінен хабардар етеді.
Геродот скиф тайпаларын олардың шұғылданатын кәсіптері бойынша ажыратқан: егінші скифтер Буг жазығында (Днепр), көшпенді скифтер Днепрден шығысқа қарай қоныстанған; бұлардан бөлек Геродот «патшалық скифтер» туралы да айта кетеді. Скифтерде мал шаруашылығы, әсіресе жылқы өсіру жақсы дамыған болатын, сондықтан да олардың әскерлерінің алғы шебін салт аттылар құрады. Скиф тайпалары көсемдерінің қабірлерінен құрбандыққа шалынып, олармен бірге көмілген ондаған, тіпті, жүздеген ат қаңқалары табылған.
Б.д.д.VII ғасырда скиф тайпаларында тайпалар жиыны, тайпалар көсемдері мен тайпалар көсемдерінің кеңесі сияқты әскери демократия ұжымдары болған. Б.д.д.VI ғасырда скиф көсемдерінің өкіметі мұрагерлікке көшіп, патшалық өкіметке айналды. Орасан зор саяси күшті танытатын және бірнеше ғасырдай өмір сүрген қуатты скиф мемлекеті пайда болды. Осы уақыт аралығында скифтер үнемі жаулап алу соғыстарын жүргізіп отырды. Бірақ та тарих шежіресінде олар туралы тек Алдыңғы Азияға басып кірген кездерінде ғана сөз болады. Бұл б.д.д.VII ғасырда болды. Геродоттың әңгімелеуінше, олар мұнда Кавказ арқылы, Каспий теңізі жағалауымен келген. Шығыстың ежелгі мемлекеттері скиф салт аттыларының әскери қуатын өздері бірден байқаған. Олар әр жерлерден – Иран мен Кіші Азиядан Псамметих перғауын скифтерге алым-салық төлеген Египетке дейінгі жерлерден күтпеген кезде шығып отырған. Ассирия патшасы Ассархадон скифтермен одақ құруды көздеді және өзінің қызын скиф патшасы Партатуаға әйелдікке бергісі келді. Мидяндар мен басқа да батыс ирандық тайпалар скифтерге тәуелді болды. Скифтердің Алдыңғы Азияны билеуі 28 жылға созылды да, тек Мидия патшасы Киаксар (625-585) скиф көсемдерін тойға шақырып алып, сатқындықпен талқандағаннан кейін ғана аяқталды.
Скиф мәдениетінің басқа да ерекшелігі ретінде дүниеге «скифтік хайуанаттық нақыш» атымен танымал қолөнердің жарқын бейнелерін айтуға болады. Соңғысының айрықшылығы сонда: тіпті, ғалымдар арасында бірден оның жергілікті топырақта, не басқадан ауысып келуі жайында талас туған. Екінші пікірді жақтаушылар скифтік хайуанаттар нақышының алдыңғы азиялық мотивтерін ұстанса, біріншілері оны жоққа шығарады. Шынында, бұл мәселені жеңіл-желпі шешуге болмайды. Қола дәуірден темір дәуіріне ауысу /б.д.д. 2-1 ғасырлар/ шартты түрде «жаулап алу дәуірі» деген атқа ие. Бұл кезеңде өрнек көптеген өзгерістерге ұшырайды. Скифтік және басқа дала халықтарының «Хайуанаттық нақышы» мұның алдындағы «аналық» мәдениеттердің орнын басты. Өмірдің қозғалыстық сипаттағы бейнесі /бұл жерде қозғалыс өзін-өзі сезу ретінде/ және дүниені түсіну бұл халықтардың табиғатқа және «мәңгі» мәселелерге деген көзқарасын сапалы түрде өзгертті. Бұл уақыт өрнегінің өзгеруі – екі мәдени қабаттардың қақтығысы, олардың нақыш тартысы болып табылады.
Сонымен, скифтік қолөнер – дүниемен әңгімелесу, сұхбаттасу барысында туған өнер. Өздері толық меңгерген хайуанаттық бейнелерді беру арқылы скифтер негізінде табиғатпен социумдағы /әлеуметтегі/ мәңгі соғыстың дионисийлік қозғалыста жатқан өзінің дүниеге қатысты көзқарасын танытқан. Бірақ мұндағы аса маңызды нәрсе скифтердің ақиқатты шығармашылық тұрғыдан игеруі болып табылады. Алдыңғы Азия өнерімен, ондағы жартылай қиял ғажайып грифондармен таныса отырып скифтер оларды өзінің топырағына әкелген және оларға бұрын кездеспеген экспрессия мен реализмді қосқан. Дионисийлік ежелгі мәдениет өркениет күшімен өзгертілген аполлондық мәдениетпен кездескен кезде үнемі осылай болады. Көбінесе олар бірін-бірі түсінбейді. Бірақ скифтік хайуанаттық нақышқа келген кезде араларында түсінісу мен диалог пайда болады. Бұл номадтық ойлаудың айрықша оралымдылығын, оның жат менталитетке кірігуі мен ондағы ең жақсы қасиеттерді қабылдай алғанын байқатады. Скиф өркениеті табиғатпен және өзімен таңқаларлық үндестікте, сондай-ақ өмір және өліммен келісімде өмір сүрген өркениет. Ол өзін бүкіл әлемнің иесі санаған патшалар атақ құмарлығын қатал түрде жазалап отырумен бірге, бір мезгілде өзінің өмірден кеткеніне біраз уақыт болған ата-бабаларының ары үшін де басын бәске тікті.
Скиф кеңістігінде ең таңқаларлық жайт әйелге деген ерекше құрметті қарым-қатынас болып табылады. Мүмкін бұл скифтердің әлі де болсын ру-тайпалық ұжым деңгейінде қалуына да байланысты болар. Ал ру үшін өзін-өзі үздіксіз көбейту, өзін ұрпақ арқылы мәңгі есте қалдыру зор маңыз атқарған. Сонымен қатар сенімсіз көшпенді шаруашылық жағдайында үздіксіз соғыс барысында әйел қайтып оралуға болатын жалғыз сенімді, тұрақты дүние болды. Әйел скиф үшін үй, отан, балалар, қысқаша айтқанда, бүкіл болмыс дүниенің бейнесі еді. Сондықтан да осыны ескере отырып қыздарды еркін және өзінің жекелік қасиетін біліп-сезінетін қасиетте еркін және бостандықта тәрбиелейді. Бірақ та, бұған қарамастан, скиф әйелдерінде аналық бастау басым болған. Өз балалары үшін қорған болу оларды соғыс кезінде кез-келгеннен кек алатын күшті де долыға айналдырған. Егер де скиф әйелі билеуші ретінде жиі көрінсе, онда бұл тек қана Отанын қорғау және билеуші әулет намысын сақтаумен ғана байланысты.
Көшпенділердің шағын бөлігі бірін-бірі алмастырған үнемі көшіп-қону және үздіксіз соғыстар кезінде адам саны аздық етсе де үлкен кеңістіктерді ұстап тұруға мәжбүр болды. Сондықтан да скиф қоғамындағы гендерлік тепе-теңдік, амазонкалар немесе жаугер әйелдер феномені осы жайтпен түсіндіріледі.
Сол себепті де скифтер – кейіннен ғұндар, түркілер мен моңғолдар мұрагерлері болған көшпенділер мәдениеті мен эктетикасының тұңғыш жаратушылары болған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту