- Advertisement -

Дәрігер – адам өміріне жауапты маман

181

- Advertisement -

Соңғы кездері басқа сырқатқа қарағанда жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім көбейген. Дәрігерлерді біліктіліктерін арттыруға оқуға жіберіп, «алтын сағатта» науқасқа қалай көмек көрсету керек екенін үйретіп-ақ жатыр. Тұрғындардың өз денсаулығына деген жауапсыздығынан ба, емдеу ісіндегі кемшін түсіп жатқан олқылықтан ба? Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов өңірлік үйлестіру кеңесі отырысында осы сауалды облыстық аурухананың бас дәрігері Сағи Бейсенбековке қойды.
Бас дәрігер көп жағдайда науқастар ауруы әбден асқынған кезде ғана дәрігерге жүгінетінін айтады. Дегенмен, бұл Тараз қалалық №7 емхана мен Жуалы ауданының орталық ауруханасында орын алған жағдайға қатысты айтылған жауап емес. Осы жылдың алғашқы тоқсанында аталған емдеу мекемелерінде екі науқастың көз жұмуы – сала мамандарының жұмысына сын туғызып отыр.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев аталған емхана дәрігерінің орынбасары Әлия Шотаевадан жедел жәрдем көлігімен жеткізілген науқасты ажалдан арашалап, аман алып қалуға не кедергі болғанын түсіндіруді сұрады. Сырқатты жедел жәрдем көлігі кешігіп жеткізді ме, жоқ, әлде дәрігердің кінәсі бар ма, осы оқиғаға байланысты жасалған нақты талдаулардың қорытындысы не дейді? Сұрақ көп болғанымен, оған мардымды жауап айтылмады. «Науқастар – жасы 75-тен асқан егде кісілер. Жалпы олар учаскелік дәрігерлердің бақылауында болатын» дегеннен әрі аса алмады Әлия Шотаева. Қайғылы жағдайдың себебін қарттықтан іздеген дәрігерге облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов та қатал айтып, ақ халаттының міндеті адам өмірі мен денсаулығын сақтау екенін ескертті.
Жуалы аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батыйхан Алпысбайдың айтуынша, науқастың бірі Бауыржан Момышұлы ауылында тіркеуде болғанымен, басқа қалада тұрады екен. Баласының үйіне қыдырып келген ол жүрек клиникасына жатқызылып, жарты айдан кейін қайтыс болған. Екінші науқас та Ақтөбе ауылында тіркелгенімен, тұрғылықты жері Алматы қаласында екен. Ол сол жақта жүргенде ауырып, өмірден озған.
Иә, ана мен бала денсаулығын қорғау және жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алу, жарақат алған кездегі көрсетілетін медициналық көмек және онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтау – медицинадағы ең бір өзекті мәселелер екені белгілі. Денсаулық сақтау басқармасы жанынан осы бағытта жүргізілетін жұмысты басқару қызметіне ықпалдастырылған модель енгізу жөнінде өңірлік кеңес құрылғаны да сондықтан. Негізгі мақсат – кеңес отырыстарында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар талқылап, жіберілген кемшіліктерді саралау. Жиында облыстық онкологиялық аурухананың бас дәрігері Абай Нұржанов, Тараз қалалық №1 ауруханасының бас дәрігері Мавлюда Боқаева, облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Айгүл Айтбаева баяндама жасады.
Облыстың бас онкологы берген мәліметке сүйенсек, соңғы уақытта Сарысу ауданы мен Шу қаласында қатерлі ісіктен қайтыс болғандар көп тіркелуде екен. Сарысуда онколог маман жоқ екені де осы жиында белгілі болды. Ал Қордай ауданында оқыс жағдайдан алған жарақатына байланысты көз жұматындардың саны артқан. Аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Зәуреш Қадірбекова бұған жол апатының жиілеп кетуі себеп болып отыр дейді.
Ғалымжан Райылұлы облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметіндегі бөлімше басшысы, полиция подполковнигі Ғалымжан Жолдасбаевтан аудандағы жол-көлік қозғалысының жайын сұрады.
– Қордай аудандық ішкі істер бөлімінің жергілікті полиция қызметінде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қызметкерлердің саны 7-еу. Аталған жол патрульдік полициясы аудан орталығы мен елді мекендердің қауіпсіздігін бақылайды. Ал республикалық мәндегі жолда отыз адамнан тұратын облыстық полиция батальонының бір взводы ғана бар. Олар Т.Рысқұлов, Меркі, Қордай аудандарын басып өтетін үлкен жолдағы көлік қозғалысына жауапты. Қазір жол полициясына бұрынғыдай көліктерді бір орында тұрып бақылауға, қадағалауға рұқсат жоқ. Қызметкерлердің санының аздығы мен жанар-жағармай тапшылығы, арнайы заманауи құрылғылардың жетіспеушілігі салдарынан жүргізушілер еркінсіп, жылдамдықты шамадан тыс арттыруда. Бұның соңы жол апатының жиі орын алуына әкеп соғуда, – деді ол.
Облыс әкімінің орынбасары Қордайдан Таразға дейінгі аралықта көлік тосып тұратын жол патрульдік полициясы қызметкерлерін жиі көретінін, тәртіп бұзған жүргізушілерді жаза қолданбай жібере салу фактілері де кездесетінін айтып, ескерту жасады. Құқық қорғау органдарының өкілдері өздері құқық бұзушылыққа жол берсе, тәртіп қалайша бұзылмасын?!
Ғалымжан Әбдірайымов емдеу мекемелерінің басшылары мен аудан әкімдерінің орынбасарларына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Жиын соңында «Ғылыми-клиникалық кардиохирургия және трансплантология орталығы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, дәрігер Сейітхан Жошыбаев емдеу ісі алдыңғы қатарда болу керектігін айтып, ақ халаттыларға ақыл-кеңес беріп, тәжірибесімен бөлісті.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support