- Advertisement -

Заманауи талаптарға сай болайық

110

- Advertisement -

Сұлтан
ӘБІЛДАЕВ,
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің экономика саласы бойынша ғылым докторы.

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы еліміздің зиялы қауым өкілдері арасында кеңінен талқылануда. Онда Қазақстанда жүргізілген саяси реформалар мен соңғы Жолдауда айтылған экономикалық жаңғырудың жалғасы ретінде рухани жаңғырудың қажеттілігі атап көрсетілген.
Алға қойған мақсаттарға жету барысында саяси экономикалық өзгерістерден бөлек, осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін санамыздың ісімізден озып жүруі, жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналуын қамтамасыз ету керек. Жаңа өзгерістер жаңа көзқарастарды қажет етеді. Экономикалық өсім қазақстандық тауарлар мен қызметтердің ғана емес, тұтас халықтың бәсекелестік қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Осы тұста жаңа форматтағы ойлау қабілеттілігі заманауи талаптарға сай ұлттар мен адами капиталы жоғары мемлекеттер ғана үлкен табыстарға жетеді. Біз үшін мемлекет дамуындағы прагматизм, яғни мемлекет байлықтарын үнемді және орынды пайдалану, ысырапшылдық пен астамшылдыққа жол бермеу идеясымен қоса, ұлттық санада ұстамдылық, үнемшілдік, қанағатшылық пен қарапайымдылық принциптерін сақтау және жетілдіру – негізгі міндет болып саналады.
Жаңа технологиялық және экономиканың құрылымдық өзгерістері жаңа үлгідегі білім мен жаңашылдықты қажет етеді. Осы орайда компьютер және шет тілдерін меңгеру өте маңызды. Бұл – жаһандық кеңістікке еркін кірігіп, жұмыс істеудің басты шарты. Жаһандану барысында ұлттық мәдениет пен ұлттық болмысты ұмытпау да маңызды мәселе болып отыр. Бұл құндылықтар отансүйгіштіктен туындайды. Отан – отбасынан басталады десек, мемлекеттің дамуы туған жердің дамуымен тікелей байланысты. Осы орайда Елбасы мақаласында ұсынған «Туған жер» бағдарламасы ауыл-аймақтарды ғана дамытып қоймай, тұтастай аймақтың дамуына және мемлекеттің дамуына алып келеді. Туған жерін дамытуда сол елде туып-өскен кәсіпкерлердің орны ерекше. Қазіргі таңда сондай азаматтар туған жерлерінде көбінесе мешіт, мектеп, балабақша салумен шектелуде. Бұл өз тарапынан сол ауылдың инфрақұрылымын жаңартып қана қоймай, адами капиталды дамытуға үлес болып қосылуда. Біздің ойымызша, бұл жұмыстар басқа тұрпатта дамуы қажет. Қазіргі кезде ауыл тұрғындарының әлеуметтік-экономикалық жағдайы әлі де көтеріле қоймағаны белгілі.
Ерте ғасырдан бері жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған рулас-ауылдас жергілікті ұлттың қалталы азаматтары ендігі жерде бүтіндей аймақтың экономикалық жағдайын жақсартуға үлкен көмек көрсетсе дейміз. Олар өздері тарапынан сол елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын ашып, халық табысын көтеруге қолғабыс етулері керек. Ауыл-аймақтарға инвестицияның тартылуы – маңызды шаралардың бірі. Ауыл азаматтары осы ішкі инвестицияның негізгі көзі болуы шарт.
Рухани жаңғыру ұлттық экономикаға тікелей байланысты. Қазақстандықтардың әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруы – рухани дүниенің баюына зор үлес қосады.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support