- Advertisement -

Кардиолог

417

- Advertisement -

Ұлықбек: «Аспандағы жұлдыздан гөрі, қасыңдағы адамды тану қиын» деп бекер айтпаған-ау, тегінде. Қатар жүрген замандас әріптестерімнің біразын білемiн және бір тобымен аралас-құраласпын. Бір салада еңбек етіп жүргеннен кейін кейде телефон шалып хабарласып, науқастарда кездескен әртүрлі дерт мәселесі төңірегінде бір-бірімізден кеңес аламыз. Кейбір батпандап кіретін аурудың басқа ағзаларды да зақымдайтыны белгілі. Сондайда  кардиолог, гастроэнтеролог, эндокринолог сияқты маман-дәрігерді іздейміз.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының
докторы, профессор.

Жүректің ауыр ақауы табылып, жан алқымға келгенде: «Осы бізде білікті кардиологтан кім бар?» – деп ой таразысына салатынымыз бар. Сонда көбіне алғаш ойға Анархан Әзімханов оралады. Қысылғанда бірден соның есімі ауызға түсетіні – Әзімхановтың қашан хабарлассаң да, ақыл-кеңесін айтып, қолдан келген көмегін аянып қалмайтындығынан болса керек.
Адам өмірі, тағдыры… Дәрігерге осындай үлкен жауапкершілік жүктелетіндіктен төзімділікті талап ететін бұл жұмыс аса қиын екенін біреу білсе, біреу білмейді. Біздің сөз еткелі отырған дәрігер-кардиолог Анархан Әзімханов – елдің аузында жүрген білгір маман, өмір мен өлім арасындағы күрес те оңды шешімін тауып, ажал тырнағынан талай дімкәс адамды арашалап келе жатқан дегдар дәрігер. Анархан Әзімханұлы 70 жыл бұрын Жуалы ауданы Тесіктас ауылындағы көп балалы отбасында дүниеге келген. Орта мектепті үздік бітірген соң, Семей мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне түседі. Оны 1970 жылы тәмамдап, дәрігерлік диплом қолға тиген жылы әскер қатарына алынады. Қырғыз КСР-ындағы №47091 әскери бөлімінде үш жыл әскери-дәрігер ретінде Отан алдындағы борышын өтеп келгеннен кейін, 1973 жылы Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласының №1 емханасына учаскелік дәрігер болып жұмысқа орналасады. Кейін қалалық жедел жәрдем ауруханасының кардиология бөліміне ауысып, сондағы бөлім меңгерушісі, белгілі кардиолог Д.Безмозгиннің қол астында ординатор болады.
Жас маманның талпынысы, үздіксіз ізденісі нәтижесіз қалған жоқ. Тынымсыз еңбектің арқасында кардиологияның қыр-сырын терең үйреніп, тәжірибе жинап, өз мамандығын жақсы меңгеріп алады. Білімін жетілдіру мақсатында Мәскеу, Ленинград, Минск, Алматы қаласындағы белгілі клиникаларға оқуға барып, профессор, ғалым-дәрігерлердің дәрісін тыңдап, жаңа диагностикалық және емдеу тәсілдерін меңгеріп, біліктілігін арттырды. Содан көп ұзамай, кардиология бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды. Күн демей, түн демей, аянбай еңбек етті. Сөйте жүріп, өзінің ізбасарларын дайындауды да ұмытпады. Ондаған жас дәрігерді кардиология мамандығын игеруге баулып, тәлім-тәрбие берді. Өз ісіне шын берілген дәрігер А.Әзімхановты облыстық денсаулық сақтау басқармасы облыстың бас кардиологі етіп тағайындады.
1996 жылы кардиология бөлімі облыстық ауруханаға ауыстырылды. Онда да А.Әзімханов көптеген игілікті іс атқарып, емдеу ісіне біраз жаңалықтар енгізіп, біліктілігінің арқасында көптеген науқасты сырқаттан айықтырып, отбасына оралуына септігін тигізді. Оны еліміздегі көптеген кардиологтар өздерінің тәжірибелі ұстаз-тәлімгері санайды. Оның қол астында еңбек еткен Б.Тоқтаров, С.Андосова, И.Әмірқұлова, Р.Жұбандықова уақыт өте белгілі, білікті кардиологтар қатарына қосылды. Бұл күндері олар – Астана, Алматы, Талдықорған, Тараз қалаларындағы емдеу мекемелерінің кардиология бөлімдерінің басшылары.
2000 жылы елімізде басталған реформалық өзгерістерге байланысты Анархан Әзімханұлы 50 төсектік кардиологиялық «Әзімханов клиникасын» ашып, дәрігерлер арасында алғашқылардың бірі болып жеке меншік емдеу мекемелері желісін дамытуды қолға алды. Қазір ол жетекшілік ететін кардиологиялық клиника – өңірдегі белгілі емдеу орындарының бірі. Иә, Анархан – медицина ғылымындағы қазіргі инновациялық технологиялардың тиімді тұстарын батыл түрде тәжірибеге енгізді. Оның осы қасиетін әріптестері де, емделушілері де ерекше ықыласпен айтады. Жанына дауа, дертіне шипа іздеп келген науқас жандарды шынайы көңілмен, жылы шыраймен, жақсы сөзімен қабылдау да бір ғанибет емес пе?! Сондықтан болар көптеген емделуші «Анарханның қолы – шипа, сөзі – дәру» деп сыртынан мақтап отырады. Жанына батқан дерттен арылу үшін науқастар білікті дәрігер Анархан Әзімхановты арнайы іздеп барып, қажетті ем-дом алып, дерттерінен айығып, алғыс айтып, шексіз ризашылықтарын білдіргеніне сан мәрте куә болдық. «Мамандығымның арқасында талай адамның өмірін арашалап, алғысын алдым. Сондайда алдыңа қиналып келген аурумен бірге өткерген қиналысыңды лезде ұмытып кетесің», – дейді ол.
Бір кездескенімізде әңгіме желісі медициналық этика төңірегінде өрбіді. Сонда Анархан: «Медицинаның атасы Гиппократ: «Не істеу керек болса да бәрін байсалды және шебер істей біл… Реті келгенде сырқатты көңіл аулағыш орынды сөздермен, достық пейілмен мақұлдау керек. Қажетті жағдайда оның орынсыз талабын қатал да орнықты түрде ысырып, кей кезде оған сүйіспеншілік білдіріп, басу айту керек» деген. Науқасты емдеуде сөздің рөлі әрдайым жоғары, кейде сырқат көзінше медициналық қызметкерлер көбірек сөйлеп қояды. Науқаста әртүрлі психикалық сөз әсерінен болатын жағдай ятрогения деп аталады. Ятрогенді ауру – медицина қызметкерінің ойланбай айтқан сөзінен, теріс іс-әрекетінен туындайтын ауру. Осы жағын қазіргі жастар қаперіне ала бермейді. Жақсы дәрігер кез келген науқаспен ортақ тіл табысып, оның сеніміне кіріп, дертінен қысқа мерзімде сауығып кетуіне жәрдемдескені – құптарлық іс. Науқасқа жылы сөйлеудің – белгіленген емнің шипалы болуына тигізер көмегі зор. Қандай дәрігер болмасын осыны естен шығармауы керек» деп бір-ақ қайырған сөзді. Расында солай. Бар ғұмырын халық денсаулығын сақтауға арнап жүрген арда азаматтың бұл ойымен толық келісуге болады. Қазақта «Бір ауыз сөз» деген мәні ерекше бір жақсы ән бар. Бір ауыз сөзбен адамды өсіруге де болады, өшіруге де болады. Сондықтан кімге не айтуымызды, қалай айтуымызды ешқашан ұмытпағанымыз жөн-ау, сірә. Әсіресе, қиналған, жанына дауа іздеп келген науқасты жылы қабылдап, зейін қоя тыңдап, жылы-жылы сөз айтқанымыз артық емес қой. Біздің дәрігерлер де мектеп мұғалімдері сияқты жыл сайын енгізіліп жатқан реформалардан көз ашпай келеді. Науқаспен сөйлесіп, оны тыңдаудың орнына бас көтермей қағаз толтырады.
Адамды сырқатынан айықтыруға кететін уақытының басым бөлігін дәрігерлер құжат дайындап, есеппен өткізуге арнайды. Осыны ескерген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Дәрігер сырқатты емдесін, мұғалім балаларды оқытсын. Бүйтіп қағаз толтырып отырмасын. Осы мәселені қараңдар да, бұл қағаздың барлығын жойыңдар. Сол қағаздардың ар жағында кабинеттерді иеленіп отырған адамдар отыр», – дегенді қадап айтып, тиісті тапсырмалар бергені де есімізде. Мемлекет басшысының осы ескертуі жасалғаннан бері біраз уақыт өтті, бірақ министрлік оны орындауға асығар емес.
«Шынымен бұрын дәрігерлер қағазға көміліп отырмайтын. Бүгінде бір күнде бес науқасты ғана қабылдап үлгереді, қалған уақытының бәрі бума-бума құжаттарды толтыруға арналады. Енді тағы бір жаңалық – міндетті медициналық сақтандыру 2017 жылдың шілдесінен бастап жұмысын бастайды. Оған қазірден бастап дайындық, үгіт-насихат жұмысы жүргізілуде. Бастаған барлық ісіміз баянды болса ғой деп армандаймыз. Айта берсек, әңгіме көп…» деп ортамызға ой тастады Анархан Әзімханұлы.
Ол зайыбы екеуі үш бала тәрбиелеп, аялап өсіріп, оларға жоғары білім беріп, қатарға қосты. Өнегелі отбасы, қадірменді ата-ана. Анархан күнделікті қызмет, жұмыс бабында қандай талапшыл, қатал болса, жәй өмірде сондай жайсаң, қарапайым. Кісі бойындағы тазалықты, шынайылықты, адалдықты ұнатады. Көзбояушылық, көлгірлік, орынсыз жалбақтау, өтірік мақтау оның мінезінде жоқ қасиет. Әңгімелесе қалсаң, кәсіби мамандығы төңірегінде ғана емес, басқа рухани-мәдени, әсіресе, тарихи әдебиеттерді көп оқитынын, көп білетінін көріп, тәнті боласың. Әрдайым ойы тұнық, салиқалы, толғамдары салмақты, мәнді де сүбелі.
Жоғары санатты дәрігер-кардиолог А.Әзімхановтың ерен еңбегі елеусіз қалған емес. Ол «КСРО Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, ел Президентінің Алғыс хатымен, бірнеше мерейтойлық медальдармен, министрліктің, қала және облыс әкімінің, облыстық денсаулық сақтау басқармасының мақтау грамоталарымен наградталған. Жамбыл облысы Жуалы ауданының Құрметті азаматы атағы берілген. Бірақ оған елдің алғысы, көптің сый-құрметі бәрінен қымбат.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support