- Advertisement -

Күй ойнайды қазағымның қанында

124

- Advertisement -

күйші, композитор Әбдімомын Желдібаевтың шығармашылық кеші табысты өтті

«Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй,
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй» дейді дана Абай. Рас-ақ, әсерлі ән мен әдемі күйдің адам жанын тербеп, жүрек қылын шертіп қоя беретіні бар. Әсіресе, қазақтың қасиетті домбырасынан қоңыр үнді күй күмбірі көңілді толқытып, алуан ғажайып сезім сыйлайды.
«Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткері, күйші-композитор Әбдімомын Желдібаевтың «Туған елім – тұғырым!» атты кезекті шығармашылық кеші ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.

img_5453 img_5553
Өнер кеші кеш иесі Әбдімомын Желдібаев пен жүргізуші, айтыскер ақын Алик Бекмұсаевтың сұхбат-әңгімелесу барысымен өрбіді.
Көп жылдар бойы мәдениет саласында еңбек етіп келе жатқан күйші осы уақыт ішінде мәдениет саласының басшылық қызметтерін атқара жүріп, «Шу еркесі» халықтық ән-би ансамблінің негізін құрап, ансамбльдің республикалық, облыстық фестивальдерде лауреат атағын алуда еңбегі сіңген. Белгілі жазушы-драматург Әлдихан Қалдыбаев: «Әбекеңнің ел есінде мәңгі жүрер күйлері көп. Бірақ оның басты шығармасы «Ерке сылқым» болып тұр. Кім білсін, жоқ мен білемін, Әбекеңнің әлі де таңдай қаққызатын көп-көп ән-күй тудырары айдан анық», – деп биік бағасын бергені бар. Киелі Шу жерінде өсіп, еңбек еткен өнер иесі тек ауданның ғана емес, облысымыздың да мәртебесін өзінің шығармашылығымен көкке көтерді. Бүгінгі таңға дейін 70-тен аса шығармалары жарық көріп, «Құрманғазы» атындағы академиялық оркестрінің орындауында кең-байтақ қазақ жеріне тарады.
Сол шығармаларының бір парасы кеш барысында орындалып, тыңдармандардың құлақ құрышын қандырды. Шамғон Қажығалиев атындағы дирижерлар конкурсының лауреаты Жанас Бекентұрдың дирижерлығымен өнер көрсеткен облыстық филармония оркестрі бұл күні көпшілікке күйшінің атақты «Ерке сылқым», «Көкшолақ», «Арман құс», «Шабыт», Шайқас», «Толғау» секілді күйлерімен бірге Елбасының кемеңгерлік болмысын күй арқылы суреттеген «Нұрсұлтан» және «Төле би» дастандарын да орындап, шынайы өнердің қасиетін тағы бір айшықтай түсті. Сондай-ақ, Ә.Желдібаевтың шабытынан туындаған «Қызыл елік», «Сұлутөр», «Қызыл гүлім, қызғалдағым», «Шырайлым», «Әке» секілді танымал әндері де шырқалып, көрермендерді шат-шадымен күйге бөледі. Кеште күйші-композитордың немересі Нұрғиса Желдібаев, келіні Сәуле Желдібаева да өнер көрсетті.
Кеш соңында облыс әкімінің ықылас гүлі сахнаға жеткізілді. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев дәулескер күйшіге ізгі лебізін білдіріп, шығармашылық табыс тіледі. Өнер иесіне қазақы салтпен шапан жауып, сый-сияпат жасады. Күйші-композитор Әбдімомын Желдібаев та құрметке бөлеген көпшілікке кештің өтуіне қолдау білдірген облыс, аудан әкіміне, сала басшыларына және өнерпаздарға алғысын білдірді. Осылайша Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойына арналған өнер кеші Тараз аспанын ән мен күй кернеген әдемі кешке ұласты.

Жанғазы АХМЕТ,
«Ақ жол».

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support