- Advertisement -

Кешірші мені, ана!

233

- Advertisement -

Күйеуіммен тұз-дәмім жараспай, ажырасып, төркініме қайта келдім. Бір үйде әкем, шешем, күйеуімнен тапқан балам  төртеуіміз тұра бастадық. Жұмыстың қиындығынан ба, білмедім, әйтеуір қабағым бір ашылмайтын. Барын аузыма тосып отырса да, әкем қақырынып қалса, жақтырмай, алдымдағы тамақты итеріп, төгіп жіберетінмін. Тіпті, оларды «Қарттар үйіне» тапсырып, өзіммен-өзім болып, шалқып өмір сүруді де ойлап жүрдім. Жақсы қызметке орналасып, көп өтпей су жаңа «Джип» алдым. Оған әке-шешемді мінгізгім келмей, оларды барар жеріне автобуспен жүргізіп қоятынмын. Мына өмірге ме, қоғамға ма, білмедім, әйтеуір кеудемде бір өшпес өшпенділік болды. Бәрін жек көрдім. Бәрінен баз кештім.

Туған бауырыммен сыйыспай, ата-анамды оның отбасымен араластырмадым. Анама да, әкеме де дауыс көтеріп, бұйыра сөйлеу күнделікті дағдыма айналды. Бірде аяқ астынан анам жүрегі ұстап құлап қалды. Мен жұмыста едім. Тас болып қатып қалған жүрегім кезекші дәрігерлер ауруханадан қоңырау шалғанда, еріп сала бергені-ай… Алқынып ауруханаға жеттім. Анам кереуетте сұлқ жатыр екен. Көзі жұмулы. Кереуетке жетіп жығылып, өкіре жыладым.
– Тастамашы, апа! Тастамашы! Мені кешірші?! Кешірші мені! Мен қазір-ақ бауырыма қоңырау шаламын, татуласамын, барлық жағдайыңды жасаймын, тек көзіңді ашшы, – деп көз жасымды төге бердім.
Анамның саусағы әзер қимылдады. Бірақ, дәрігер бұл анамның өміріндегі соңғы минуттары екенін айтып, «Соңғы сөздеріңді тез айтып қал» деп күбірледі.
– Апа! Мені кешірсең, қолымды қысшы! – дедім жан ұшыра.
Бұл сөздерді не үшін айтқанымды білмеймін. Бәлкім өзіме кішкене жеңіл болсын деп, кейін өз-өзімді жегідей жемес үшін айтқан шығармын… Анам қинала қимылдап, саусағымен қолымды бір рет қысқандай болды…
– Расымен, мен бейбақты кешірдің бе, апа?! – дедім.
Бірер секундтан соң, анам саусағын тағы қимылдатты. Бұл жолы анамның мені естіп жатқанына сенімді болдым. Сол қимылсыз сұлқ жатқан күйі мәңгілік сапарына аттанып та кетті. Ебіл-дебіл боп жылап, анамның бетін, саусағын сүйе бердім. Бұрын анам сүймек болып ұмтылғанда, әжімдерінен жиіркеніп, сүйгізбей, бетімді ала қашушы едім. Ал қазір… дүниеде одан қымбат, одан аяулы жан болмағанын ұқтым. Әжімі де сондай сүйкімді еді. Енді жоқ…
Ал жансыз саусақтары мәңгілікке менен ажырамаса екен деп тіледім сол сәт. Бірақ, бәрі де кеш еді… Кеш еді…

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support