- Advertisement -

Келісті келіндер көбейсін

116

- Advertisement -

Сырттай қарағанда, бұл мәселе ұсақ-түйек сияқты көрінуі де мүмкін. Алайда, бүгінгі кейбір келіндердің олақтығы некенің бұзылуына, отбасылардың ажырасуына себеп болып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Әуел бастан үй шаруасының ауыр жүгі келінге жүктелетіні жұрттың бәріне мәлім. Көпке топырақ шашпаймыз, жұмысын да атқарып, отбасындағы үй шаруасын да тап-тұйнақтай етіп тындырып жүргендер жоқ емес, әрине. Бірақ, сол бір кеменің желкенін түзу жая алмай отырғандар да бар. Бір кеме деп отыр­ғанымыз – отбасы, ошағы.
Қазақ ежелден қызын еркін, ерке етіп өсірген. Қазір еркінсіген еркелігін отбасы құрғанда да тастай алмайтындар көбейген. Олай дейтінім, қазірде келіндер ата-енесімен бірге тұра алмайды, тұрса «тынысы» тарылады-мыс. Бейнебір өздері қартаймайтындай. Бұл жас келіндердің отбасын құрудың жауапкершілігін түсінбейтінін көрсетеді. Табалдырық аттаған соң, сол шаңырақтағы үлкендердің ақыл-пайымын парақтап, санасып отыруың керек. Ата-анаңның түтетіп берген отын ары қарай лаулату, шаңырақты шайқалтпау сенің қолыңда. Бірақ, базбіреулер бұл жауапкершілікті сырып қойып, өмірде тек өз сүйгенімен серілік құрып өтсем, менен асқан бақытты жан жоқ деп ойлайды. Сондықтан да, менмендікке басып, оп-оңай отбасын тастап, соңынан жарын ертіп тайып тұрады.
Қош… Сайып келгенде, мұның бәрі тәрбиеге, имандылыққа байланысты. Әрине, қазақтың келіндерін қаралаудан аулақпыз. Шүкір, ата-енесінің алғысын алып отырған келіндер де баршылық. Бірақ, әлі отбасын құрмаған қыздардың «Келешекте тұрмыс құрсам, ата-енем­мен бірге тұрмаймын. Лажы болса сен де енесіз отбасын құруға тырыс» деген сөздерін естігенде, жағаңды ұстайсың. Неге бүгінгі қоғамда ата-ененің дәрежесі төмендеп кеткен?
– Кейбір келіндердің ата-енесін жағымсыз кейіпке айналдырып айтқан жөнсіз сөздері қоғамда осындай ой қалыптастырды. Бір үйдің болашақ келінін тәрбиелеп отырған кез-келген ана қызына «Тұрмыс құрған соң, бізден гөрі ата-енеңе жақын бол. Ол кісілерді өз әке-шешеңдей сыйла» деп құлағына сіңіріп отыру керек. Әйтпесе, онсыз да Қарттар үйі көбейіп, адамдардан мейірім кеткен заманда жастардың бұлайша секең қағуы қауіпті, – дейді көп балалы ана Бағила Жамбылбекова.
Расында, бұрын ата-енеге деген құрмет, сыйластық жоғары еді. Менің апам бала күнімде о дүниелік болған. Сондықтан да, апам туралы анамнан көп сұраймын. Анам енесінің өзіне жасаған жақсылығын көп айтады. «Жол-апатынан кетті ғой. Әйтпесе, өзі ширақ, денсаулығы мықты кісі еді. Көп жасағанда ғой деп армандаймын», – деп сағыныштан көз жасына ерік беріп, жылап қалады кейде. Сонда іштей ойланамын, шіркін, қазір де енесін ойлап, жүрегі тебіренетін келіндер бар ма екен?!

Шынар АСАНҚЫЗЫ,
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support