- Advertisement -

Бүгінгі күннің «Қаһармандарынан» үлгі аламыз ба?

94

- Advertisement -

Сонау соғыс жылдарында өзінің соғыс тактикасымен ерекшеленіп, көзге түскен Бауыржан Момышұлы 207 рет ұрысқа кіріп, 5 рет өлімнің құрсауында қалып, 2 рет қатты жараланған. Бірнеше рет жау қоршауынан жауынгерлерін аман-есен алып шығады. 27 рет қол бастап, ұрысқа кіріп, соғыс тарихында болмаған тамаша тактикалық әдіс көрсеткен. Отбасында алған тәрбиесі, ең бастысы тәртіпке мойынсұнуы, сонымен қатар ызғырық желі тынбайтын қысы, аптабы ерекше жазы бар Қиыр Шығыстың табиғатына көне білуі, бұлардың барлығы Бауыржан Момышұлы үшін үлкен өмір мектебі болғаны анық. Бауыржан атамыз бұл өлкенің табиғатының ерекшелігіне «Жауын жаздың сілекейі», «Жауыннан қорыққан жауға жем болады», деп өзін-өзі қайрай жүріп, шыдаған, шираған. Қыстың алпыс градус аязына шыдау, әркімнің де қолынан келе бермес, сірә.
Ол соғыста қаншама қиындық көрді. Соның бәріне төзді, шыдады. Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» атты роман-диалог кітабы осының дәлелі. Жалпы, Батыр атамыздың қаталдығының өзі көп адамға үлкен тәрбие.
«Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, ешбір дұшпан басынбаған, басымыздан сөз асырмаған елміз» дейді Қазыбек би. Десе де, ешкімге соқтықпай жатқан халқымыз тағдырдың небір сынын бастан кешірді. «Тамырсыз ағаш, тарихсыз ел болмайды» демекші, Тұмар ханымнан Кенесары ханның дәуіріне дейін, Мұстафа, Әлиханнан кешегі Қайрат пен Ләззат зәбір көрген заманға дейін даламыз қаншама рет қанға бөкті. Халық «елім-айлап» қайғыдан қан жұтты, зар жылады.
Отан – әр адамға ыстық. Отыз жыл бұрынғы Желтоқсан оқиғасы – Қайрат, Ләззат, Сәбира сынды өжет ұл-қыздар бастаған жастардың елге, жерге деген іңкәр сезімінің көрінісі еді. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы халқымыздың Тәуелсіздікке деген алғашқы қадамы болды. Өр рухты қазақ жастарының ерлігінің арқасында тоталитарлық жүйе босаңсыды. 1991 жылы Қазақстан Тәуелсіздік Туын тікті.
Міне, бүгінде біз Тәуелсіз елміз. Тәуелсіздік оңай келген жоқ. Сондықтан, біз оны көзіміздің қарашығындай сақтауымыз керек. Бірақ, бір өкініштісі бүгінгі жастар арасында қазақ деген атқа кір келтіретіндер бар.
«Елді құрту үшін, дінін ал, тілін ал» деген сөз бар. Тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы жастардың қолында. «Қазақ жастарының 50 пайызы Кореяға еліктейді» деп ауыз толтырып, мақтанышпен айтатындар бар. Бұл мақтаныш емес. Қыздардың еліктеушілігін жөнге сала алмай жүргенде, өнерде жүрген жігіттеріміз шықты. Олардың кейбіреулерінің бейнебаяндары жаға ұстатады. Сырға тағып, көз бояп алған. Қазақ жігітіне жат қылық жасайтынды шығарды.
Айтқан әндерінде мән болса мейлі дер едік. Мағынасыз айтылған өлең… Кезінде жезтаңдай, қадірлі әншілеріміз шыққан сахнаның қадірін кетіріп жүр. Осыдан кейін «Корея елінің жастары біздің қазақ жастарына еліктей ме екен?» деген сұрақ туындайды. Әрине, жоқ. Ендеше неге бізге қазағымыздың төл өнерін шетелдерге дәріптемеске?..
Иә, қазір елімізде батыр Бауыржан, қайсар Қайратымыздай жастар көп болса, мұндай жайттарға жол берілер ме еді? «Жаман айтпай, жақсы жоқ», елімізге кенеттен қауіп төнсе, ел қорғайтын ерлер деп атқа қондырар азаматтарымыздың түрі «Ninety one» сияқты топтардың жігіттері болмақ па?! Кезінде Бауыржан атамыз шашын өсірген журналист сұхбат алмақ болып алдына келгенде үйінен қуып шыққан екен. Ал қазір көгілдір экранда ондайлар өріп жүр.
Дерекке сүйенсек, бір ғана Алматыда 60-қа жуық қызтекелер клубы бар екен. Ел қорғаған батырларымыздың мұндайды көрмегені бір жағынан дұрыс та шығар. МС Сайлаубек сияқтылар тілді жоғалтса, «Ninety one» сияқтылар дәстүр мен жігіттікті жоғалтса, қазақ деген атқа кір келгені емес пе?!
Біз қайда кетіп барамыз?! Көкейімдегі жауабын таппаған ой осы.

Жадыра Мырзабай,
М.Горький атындағы
орта мектептің
9-сынып оқушысы.

Т. Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support