- Advertisement -

Досқа сыр

82

- Advertisement -

Қанат
Мырзаханұлы.

Сөз беріп ең кезінде сөзге ермеуге,
Менен гөрі жақсы жан кез келген бе?
Көз алартып қарайсың неге, досым,
Көзқарасың мен жайлы өзгерген бе?

Алып-ұшып тұрушы ең бұрындары,
Керісінше болып тұр бүгін бәрі.
(Мен дегенде жайнайтын жолдасымның
Неге бүгін қайнайды зығырданы?)

Жан досыңнан қашырған жан ұшыра,
Алма-кезек өмірдің ағысы ма?
Танысымнан досыма айналып ең,
Айналмақсың досымнан танысыма.

Досты көрсем бөркімді аспанға аттым,
Таптырмайды ол қанындай қасқалдақтың.
Достарым бар саусақпен санарлықтай,
Ал сен орнын алушы ең бас бармақтың.

Аяғымнан шалатын аңғармасам,
Дұшпаным көп қуанар тал қармасам,
Қосыла бер солардың қатарына
Көптің бірі болуға арланбасаң.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support