- Advertisement -

Сүйінбайдың батасы

429

- Advertisement -

Павел Кузнецов.

Алыстан талып жеткен қобыз үні шалынды ақын құлағына. Сүйінбай сәл көтеріліп, шынтақтап жатып құлағын тосты. Нәзік мұңды әуен бірте-бірте айқын естіліп, жақындай түсті. Оған қосыла шырқаған қыз даусына ұқсас балғын үн енді дәл үй жанынан естілді.
Өлеңім келді жол шегіп,
Осынау елге алыстан,
Түн болды, үйге ен дейтін
Табылмай тұр таныс жан.
Ардақты үйдің иесі,
Рұқсат ет кіруге,
Бата бер менің жырыма,
Қуат бітіп үніне
Көңілін тапсын елімнің,
Жар бол өзің, жәрдем ет,
Жібер мені бір демеп.
Таң-тамаша болған Сүйінбай орнынан көтеріліп, бәйбішесіне шам жақ деді де, есіктен дауыстап:
– Қош келдің, бозторғайдай әнші құсым! Сүйінбай құшақ жайып қарсы алады сені әманда! Кел, келе ғой, қарағым! Көзің отты, түлеп ұшар мұзбалақ болармысың әлде…
Есіктен кіріп келе жатқан, бұтында жыртық тері шалбары бар, қолына ұзын мойын қобыз ұстаған, жалаң аяқ тарамыс қара баланы көрген қарт ақын қайран қалды.
Кіре беріп, қыбыжықтап есік көзінде тұрып қалды бала. Ернін жыбырлатып сәлем берген болды.
– Қош келдің, қарағым, төрлет! – деді Сүйінбай аңырып тұрып қалған Жамбылды құшақтай қарсы алып, қасына отырғызып жатып. – Сенің өлеңіңде от бар, ал қобызыңның үнінен шамырқанған шабыт серпінін байқадым. Жырыңа лайық тартуымды ал, қарағым!
Сүйінбайдың бәйбішесі шәйі шапанды Жамбылдың алдына әкеп қойды.
Баланың жүрегі лүпілдеп қоя берді. Осы сәтте ол көрген қорлығы мен зорлығын, көкейінде жүрген көп сырын, аңсаған арманын ағынан жарылып Сүйінбайға ақтарғысы келді. Бірақ тіс жарып, тіл қатуға дәрмені жоқ, шексіз ризашылығы, алып-ұшқан көңіл күйі жалтылдаған үлкен қара көзінен ғана сезіліп тұр. Сүйінбай да мұны айтпай ұқты.
– Ақындық жолға түскен адам, – деді ол Жамбылға қарап, – алақаныңа су толтырып алып, жапан түзде шөлден қаталап өлгелі жатқан сорлыны құтқару үшін ұзақ сапарға аттанған көзсіз ерге ұқсайды. Айналайын, сен осы қиын сапарға шығуға бел буғанда кімнен бата алып едің?
Жамбыл тосылып тұрып қалды. Судай тасыған көңілі су сепкендей басылып қалды. Көз алды тұманданып кетті.
– Сүйеке, әкем өлеңді жек көреді. Сол үшін талай таяқ та жедім. Ол менің ақын болуыма қарсы, сондықтан маған батасын берген адам тарту-таралғыдан мақрұм қалары хақ. Сол себепті өз шапаныңызды өз иығыңызға жапсам деп тұрмын. Батаңызды беріңіз маған. – Жамбыл қолы дірілдеп, шапанды Сүйінбайдың тізесіне қойды.
Баланың тапқырлығына дән риза болған ақын шапанды алды да:
– Ұлым, мұндайда өз үйіңнен бір нәрсе әкелгенің абзал, – деп қағыта сөйледі. – Бірақ, мен мұныңа ренжімеймін. Өйткені сенің әкеңді білем, сен туралы да естігем. Сен маған өзіңнің жырыңды сыйладың бүгін, маған соның өзі де жетіп жатыр. Қолымды жайып ақ батамды берейін, ұлым! Бірақ есіңде болсын: домбыра – садақ та, өлең – жебе; ақылмен пайдалана білгейсің. Шын ақынның ар-ұяты өлеңінде. Оны көзіңнің қарашығындай сақтағайсың, ақылмен іс қылғайсың. Әділ де батыл бол. Сенің өлеңің халқыңа медет берсін, ісің өнеге болсын!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support