- Advertisement -

Қазақ күресінің арысы, «Қазақстан барысы»

247

- Advertisement -

Жамбылдық балуан Бейбіт Ыстыбаев екі дүркін «Қазақстан барысы» атанды

«бабым келіп тұр, бағым да жанатын шығар…»

2 3Бесінші мәрте жалауы желбіреген «Қазақстан барысы» мегажобасына қарт Қаратау аймағынан аттанған қапсағай денелі алыбымыз Бейбіт Ыстыбаев өңірдің мерейін асырды. Қазақ күресінің туын зау көкке көтерген жобаға аттанар алдында Бейбіт батырмен тілдескенімізде: «Биыл екі бапкермен дайындық жүргізіп жатырмын. Ең бастысы жауапты сын алдында жарақат алып қалмауым керек. Қалғанын боз кілем көрсетеді. Алла қаласа «Қазақстан барысы» жобасының екі дүркін жеңімпазы болып ораламын. Бабым келіп тұр, бағым да жанатын шығар» деген еді. «Ер майданда, болат қайнауда шынығады». Бейбіт ер екен. Екі сөйлемеді. Сөзінде тұрды. Жерлестерін шексіз қуанышқа бөледі. Сонымен…

«Қазақстан барысы» жобасы, оның ішінде Бейбіт Ыстыбаев туралы әңгімені бастағанымызбен, додадағы екінші үмітіміз саналған Айбол Айтбекті де ұмытпаған ләзім. Алыптардың арасында атой салған шынашақтай жігіт те барын салып бақты. Ол алғашқы айналымда павлодарлық толағай Алан Тұрысовты оңай еңсерді. Қарсыласын алып та, шалып та жыққан Айбол Айтбек үздік оналтылықтың қатарынан көрінген соң, қызылордалық қарымды балуан Нұрым Сәлімгерейге жол беріп қойды. Дегенмен, салмағы сексен келіден сәл ғана асатын жерлесіміз белсенділікпен көзге түсті. Жеңілсе де әдіс жасап бақты.
Бұған дейін «Қазақстан барысы» жобасында 2011 жылы күміс белбеу иеленіп, араға жыл салып жеңімпаз атанған даңқты жерлесіміз Бейбіт Ыстыбаев алғашқы айналымда Оңтүстік Қазақстан облысының үміті Нұрсұлтан Мыңғышевті оңай жеңе алды. Дегенмен, Бейбіттің екінші қарсыласы қарымды болды. Соқыр жеребе шығыстың қос мықтысы, «Қазақстан барысында» екі жыл қатарынан олжа салған Айбек Нұғымаров пен Мұхит Тұрсыновты алғашқы айналымда жұптастырды. Негізгі уақытта қос барыс бірін-бірі ала алмай, кездесу тағдырын белдесу шешті. Айласы басым Мұхит Айбекті кілем сыртына шығарып жіберіп, жеңіске жетіп, Бейбітке қарсылас атанды. Бейбіт бұл шайқасқа шарболаттай ширығып шықты. Салған жерден ілгеріде кеткен есені қайтармақ болып, қарсыласының жағасына жармасып, сол қолын байлады. Алайда, Мұхит Бейбітті шаршатқысы келді ме, әлде Ыстыбаевтың жуан білегінен қаймықты ма, әйтеуір жамбылдық жампоздан қашқақтаумен уақыт өткізбекке ұмтылды. Мұны қалт жібермеген төрешілер ескерту де берді. Осыдан кейін Бейбіт іштен шалу әдісін қолдануға талпынды. Ұрымтал тұстардың бірінде қарсыласының қолын икемдеп алып, атып ұрды. Төрешілер бұл әдісті бүк ұпайымен бағалады. Қолын ауырсынып қалған Мұхит Тұрсынов кездесу соңына дейін еш қайран қыла алған жоқ. Бейбіт ширек финалда!
Ширек финал жолдамасын қалтаға салған Бейбіт Ыстыбаев қызылордалық Нұрым Сәлімгерейді ойланбай жеңеді деп ойлағанбыз. Бірақ, Нұрымның қорғанысы нық екен. Қос балуан негізгі уақытта жеңімпазды анықтай алмай, жеңімпаз белдесуде айқындалды. Физикалық тұрғыдан әлеуеті басым Бейбітке қарсылық көрсете алмаған Нұрым белбеуден қолын шығарып алды. «Тараз арланы» жартылай финалға шықты. Осы топта өзінің мықтылығын айқындаған Ғани Сейділдаев жартылай финалда Ыстыбаевқа қарсы алақанын ысқылап шыққанымен, іс жүзінде қауқарсыздық танытты. Бейбіт Ғаниды оңай еңсеріп, ақтық сынға жол тартты. Қарсы топтан финалға қызылордалық оғлан, «Қазақстан барысы» жобасының алғашқы жеңімпазы Ұлан Рысқұлдың інісі Руслан Әбдіразақов суырылып шықты. Ол шымкенттік алып Жұманазар Ерсұлтановтан айласын асырған болатын.
Алдымен Жұманазар Ерсұлтанов пен Ғани Сейділдаев турнирдің қола жүлдегерін анықтады. 160 келілік толағаймен шайқасқан Ғани өзінің әбжіл қимылдарының арқасында ұпай қорын молайтып, Жұманазарды жеңіп кетті. Осылайша, Жамбыл өңірінде туған, бүгінде Астанада тұрып жатқан Ғани қола жүлдеге қол жеткізді. Ал ақтық сын қос мықтының бір-бірін барлауымен ерекшеленді. Бейбітті жақын қашықтыққа жібермеу үшін Руслан Әбдіразақов қашқақтап жүріп күресті. Русланның сылбырлығын байқаған төрешілер ескерту берді. Кейіннен ескертуді Бейбіт те алды. Руслан қанша жерден қашықтық сақтаймын дегенімен, Ыстыбаев оны іштен шалып, бүк ұпайын иеленді. Екі мәрте ескерту алған Әбдіразақов соңынан бүк ұпайын қоржынға салғанымен, бір ұпай айырмасымен жамбылдық жампозға жол берді.
Бейбіт – жеңімпаз! Бес жылдан бері Елбасы жүлдесі үшін өткізіліп келе жатқан мегажобаның тарихында Ыстыбаев тұңғыш рет екі дүркін «Қазақстан барысы» атанды. Кезінде Бейбіт: «Бұл жобада мен үш мәрте топ жарамын» деп сұхбат беріп еді. Соған жақындап қалды…

«Тәуелсіздіктің бір
нышаны – қазақша күресті аренаға шығардық…»

Дода соңында жамбылдық жеңімпазға 150 мың, бапкері Елдос Далабайға 30 мың АҚШ долларын және алтын белбеуді турнирдің демеушісі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Өмірзақ Шөкеев пен Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков табыстаса, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев салтанатты жағдайда алтын тайтұяқты тапсырып, жеңімпаздарды құттықтады.
«Құрметті қауым! Бірнеше жылдан бері қарай, елімізде тәуелсіздіктің бір нышаны ретінде қазақша күресті қайтадан дүниеге алып келдік. Бұл біздің салтымызбен, ғұрпымызбен бірге қайнаған, баяғыдан келе жатқан барлық ер балалардың жас кезінен ауылдың сыртына шығып, күш сынасып, Отан қорғауға, күшін шынықтыруға, амалдарды үйренуге арналған болатын. Әр қазақтың баласының әкесі күрес үйренетін, шалуға, жығуға үйрететін. Содан қалған үлкен мерекеміз, анау хандардан, ата-бабалардан келе жатқан жеңіскер балуанға алтын тайтұяқ тапсыратын болатын. Мен де сол салтты орындай отырып, Бейбіт Ыстыбаевқа биылғы жеңісі үшін осы алтын тайтұяқты тапсырайын деп отырмын. Егерде болашақта қазақтың күрескерлері ұлы бабаларымыз балуандар Қажымұқан Мұңайтпасов, Балуан шолақ тағы басқа белгілі күрескерлер өткен қазақтың атын жаңғыртып, әлі күнге дейін аты тарихта қалған. Осы күрескерлердің ішінен сондай балуандар шығып та жатыр, болашақта жас балалардың ішінен солай тағы талайы шығады деп ойлаймын. Бұл біздің күресіміз дүниежүзілік аренаға шығып, олимпиадалық ойындарында, құрлық ойындарында тарап, біздің атымызды шығарып, бұл күрес қазақтың жеке өзі ұлттық күресі деп саналатын болады. Солай болсын! Күреске қатынасқан барлық облыстардағы, аудандардағы жеңімпаз болып келіп, мына кілемде өнерін көрсеткен барлық азаматтарды құшақтап тұрып, шын жүрегімнен құттықтаймын! Бұл еліміздің жүрегі, халқымыздың тірегі елордасы Астананың туған күні қарсаңында беріп отырған үлкен құрмет, сондықтан бұл үлкен мереке біздің халқымыз үшін. Осы күрескерлерді қазір бүкіл Қазақстан көріп отырғанын білесіздер. Мерейлері толып, жігіттеріне сүйсініп, отыр. Лайым, осылай бола берсін! Біздің жігіттер, қазақтың ұлдары, осындай сайыскер, күшті болуға бейімделсін! Жаман ырымнан ажырап, жақсы ырымға, салауатты өмірге, күшке, денсаулығын сақтауға, әр уақытта осылай болса, еліміздің тұрағы, еліміздің қорғаны күшті болады. Осы күресті, осы жарысты мен шын жүрегіммен қолдаймын. Болашақта өркені өсіп, үлкен болады деп ойлаймын! Ал енді Бейбітке мына тайтұяқты тапсырайын. Жақсылап ұстап, тағы да табыстарға жете беретін болсын!» деп жүрекжарды сөзін арнаған Елбасы жамбылдық балуанды құшақтап тұрып, ақ батасын берді. Жүлдегерлермен естелік суретке түсті. Кейіннен Нұрсұлтан Әбішұлы Бейбіт Ыстыбаевты қабылдап, Алғыс хат тапсырып, «Құрмет» төсбелгісімен марапаттады.

туған жер
төрінде

«Қазақстан барысы» мегажобасында алмас қылыштай жарқырап, атой салған батырын жерлестері, спорт саңлақтары, спорт саласының басшылары, лауазымды тұлғалар әуежайдан күтіп алды. Еңбек ардагері Қаржаубай Бекболатов батырға батасын берсе, айтыскер ақын Нұрлыбек Құрманов жүрекжарды арнауын орындады. «Қазақстан барысы» жобасының екі дүркін жеңімпазымен біз де аз-кем тілдестік.
– Бейбіт, жеңісіңіз құтты болсын! Кезінде өзіңіз «осы додада үш мәрте топ жарамын» деп уәде беріп едіңіз. Қазір жасыңыз отызда. Екі мәрте жеңіске жеттіңіз. Жобада бақ сынаған Ғани Сейділдаев отыз төрт жаста екен. Осы жерде бір статистиканы айтай кетейін. Бес жыл бойы «Қазақстан барысына» қатыстыңыз. Екі рет жеңімпаз атандыңыз. Әлі бабыңыздасыз. Дегенмен, тіпті осы статистика қайталанып, тағы бес жылда екі рет топ жарсаңыз, төрт дүркін чемпион болады екенсіз…
– Рахмет! Шыны керек, бұл жобаны жыл сайын жеңіп алатындай мүмкіндігім болды. Әйткенмен, сәтсіздіктер ұшырасып жатты. Биылғы жеңісіме ұзақ еңбектендім. Соның жемісі. Алдағыны уақыт көрсетер. Оған әлі дайындалу керек қой.
– Дайындық туралы айтып қалдыңыз, биыл сізді қос бапкер жаттықтырыпты. Бұл өзін ақтағанын көріп отырмыз. Жалпы екі бапкермен жұмыс істеудің қандай айырмашылығы бар, бірі байқамағанды екіншісі толықтырып отыратын шығар…
– Ақиқатын айтқанда, спортшының қасында бір бапкер қадағалап жүруі керек екен. Адам болған соң кейде ұйықтап қалуың, болмаса басқа да бір жағдай болуы ықтимал. Сондай кезде сені серпілтіп, қамшылап отыратын адам қасыңнан табылса, ол да жеңіске бастар жол секілді. Бапкерлерім жемісті жұмыс атқарды. Нәтижені өздеріңіз көріп отырсыздар…
– Осы жобада міндетті түрде кездескіңіз келген қарсылас болды ма? Мәселен, кезінде қарағандылық Ержан Шынкеев екеуіңіздің белдесуіңіз дауға ұласып кетіп еді. Осы жолы сол Шынкеевпен кездесіп, жеңісті жұлып алсам деген ой болған болар. Одан бөлек, Мұхит Тұрсыновпен кездесіп, одан да есе қайтарғыңыз келген шығар…
– Иә, жобаға қатысқан балуандардың бәрі де қарымды. Әрқайсысының білек күші нық. Мұхиттан есе қайтарғаныма қуаныштымын. Ал Ержан Шынкеевпен кездескім келгені рас. Оны да жеңгім келген. Бірақ, бәрін жеребе шешеді ғой. Жеребе қалай түсті, солай болады. Аллаға шүкір, көздеген мақсатымнан шықтым. Алла қаласа, алда әлі үлкен жарыстарда өзімді дәлелдей түсетін боламын.
– Рахмет!

Табиғат Абаилдаев, 
«Ақ жол».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support