- Advertisement -

Алыстағы ауылдардың ахуалы қандай?

68

- Advertisement -

Жыл басында өңір басшысының тапсырмасымен әзірленіп, бекітілген қала, аудан, ауыл əкімдерінің регламентіне сәйкес аудан әкімі Б.Байтөленің елді мекендердің жай-күйімен тереңірек танысу сапары жалғасуда. Аудан әкімі күні кеше ғана тұрғындармен кездесіп, Ноғайбай ауылдық округі мен оған қарасты Сарыбастау және Шарбақты ауылдарының тыныс-тіршілігімен танысып қайтты.
Сарыбастаулықтар биыл ауылда медициналык пункті салына бастағанын, алдағы уақытта орталық көше толықтай жөндеуден өтіп, жарықтандыру жүргізілетінін, елді мекендер аралығындағы жолдың да жөнделетінін естіп, бір серпіліп қалды. Ендігі жерде сондай-ақ таза ауызсу жеткізу мәселесі де түбегейлі шешімін таппақ. Аудан әкімі бұл іске техникалар бөліп, көмектесуге уәде етті. «Кәсіп ашамын деген жандарға да қазіргі таңда қолдау жетерлік. Жобаларыңызды ұсыныңыздар, қараймыз, көмектесеміз. Қайта оқытудан өткізуге де мол мүмкіндігіміз бар. Шаруа қожалықтары қажетті маманға тапсырыс берсе, оқытып беруге болады», – деді бұл тұрғыда Болатбек Байқонысұлы. Ал әңгіме ауыл тұрғындарының белсенділігіне ауысқанда, көптеген азаматтың ауыл әкімінің жұмысына қадағалау жүргізетін, бірқатар мәселелерді бірлесе шешетін бірден-бір ықпалды ұйым – ауыл белсенділерінің қауымдастығы туралы біле бермейтіндігі белгілі болды. Осы орайда аудан басшысы қауымдастық мүшелігіне белсенді, ауылға жанашыр болатын жандарды сайлау қажеттігін қадап айтты.
«Туған жерге туыңды тік» жобасы аясында «Алтын дән» шаруа қожалығының басшысы Ғабиден Тулақбаев бастаған азаматтар 300 түптен астам ағаш көшеттерін отырғызып, ауылдық жастарға спорт алаңшасын салып беріпті. Осы ретте тұрғындар сұранысына орай мұнда жаңа саябақ үшін жер телімін бөлу жөнінде ауылдық округ әкіміне тапсырма берілді. Қырық шақты түтіні бар ат төбеліндей ғана ауылдың ынтымақ, бірлігі жарасқан.
Шарбақты ауылының тұрғындарымен кездесу барысында аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Қайрат Маметов кәсіпкерлікті дамыту бағытында қолға алынған «Қарапайым заттар экономикасы» туралы баяндама жасап, өзінің жеке бизнесін ашамын деген азаматтарға қолдау, көмек көрсетілетіні турасында түсініктеме берді. Онда «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы арқылы көп балалы аналарға арналған грант пен 29 жасқа дейінгі жас азаматтарға жасалып отырған жеңілдіктер жайы да қаузалды. Ал жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек турасында жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Айгүл Заурбаева кеңінен әңгімелеп берді. Тұрғындар тарапынан қойылған басқа да сұрақтарға тиісінше жауаптары қайтарылды.
Мұндай жиын одан әрі округ орталығы – Ноғайбай ауылында жалғасты.
Қысқаша қайырғанда, аудан басшысының ел арасында болып, үш бірдей елді мекенді аралап шыққанында бірқатар кемшіліктер анықталды. Сарыбастауда ұялы телефон байланысының жоқтығы, интернет желісі тек ауылдық амбулатория мен мектепте ғана орналасқаны, кешкі уақытта электр қуаты кернеуінің төмендеп кететіні, оқушылар тасымалымен айналысатын көліктің тым ескілігі, ал Ноғайбай ауылындағы ауыл шаруашылығы колледжі ауласының абаттандырылуы өте төмен деңгейде екені, «Балдырған» бөбекжайында бала саны толық болмауы, «Дүйсенбі Халфи» мешітінің төңірегін көгеріштендіру мен тазалық жұмыстарының жүргізілмеуі, Рза Қунақова атындағы мектеп кітапханасының тарлық етуі секілді мәселелер назарға алынып, жауапты тұлғаларға бұл жұмыстарды тез арада жолға қою тапсырылды. Осы ретте аудан басшысы округ бойынша әлеуметтік көмек алатын 14 отбасының толықтай өз қаражаттарын алуын бақылауға алатынын жеткізді. Тұрғындардың басқа да талап- өтініштері толықтай қанағаттандырылатын болды.
Осылай үш ауылдың тыныс-тіршілігімен бір күнгі зерделеу барысында-ақ жан-жақты танысуға мүмкіндік туды. Ауылдық округте әлі талай тірлік тындырылуға тиіс. Бұл жерде де мәселе тұрғындардың ынтымақ, бірлігі мықты болса, тірлігі де соған саядыға дөп келіп тұр.

Жандос ОМАРОВ,
журналист.

Қордай ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support