Нысандардың сапасы жіті бақылауда

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен құрылыс нысандарының сапасын бақылау жүйесіне қатысты жиын өтті.

2018 жылдың маусым айында кәсіпкерлерді қолдау жөнінде кейбір заң актілеріне өзгерістер енгізіліп, құрылыс саласындағы атқарылып жатқан жұмыстардың сапасын тексеру бойынша бірқатар құзыреттіліктер қысқартылған.
Облыс әкімінің тікелей тапсырмасына сәйкес, өңірдегі құрылыс нысандарына бақылауды күшейту мақсатында «Заңсыз, негізгі құжаттарсыз және сапасыз құрылыстарды болдырмау іс-шаралар жоспары» әзірленіп, бекітілді. 2018 жылы құрылыс сапасына қатысты 168 әкімшілік іс қозғалған болса (айыппұл сомасы 18,1 миллион тг), оның 114-і немесе 68 пайызы (айыппұл сомасы 12 миллион тг) аталған іс-шара нәтижесінде анықталған. Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде 89 іс қаралса (айыппұл сомасы 9,2 миллион тг), оның 74-і немесе 83 пайызы (айыппұл сомасы 8 миллион тг) іс-шара нәтижесінде белгілі болған.
Облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы тарапынан облыс аумағындағы лицензиаттардың электронды деректер базасы құрылып, лицензиаттар бойынша барлық мәліметтер енгізілуде. Нәтижесінде облыста тіркелген 1500 лицензиаттың 700-і қысқартылды. Яғни бүгінгі күні облыстағы құрылыс саласындағы лицензиаттардың саны 800-ді құрап отыр. Аталған деректер базасы құрылыс саласындағы аты бар да заты жоқ мекемелердің лицензия алуына шектеу қоюға мүмкіндік беріп отыр. Ал бұл өз кезегінде құрылыс сапасының артуына септігін тигізері сөзсіз.
Жиында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес құрылып, қолданысқа енгізіліп жатқан өңірдегі «Құрылыс нысандарының электронды деректер базасының» тиімділігі, пайдалы тұстары кеңінен сөз болды. Деректер базасы мониторинг жүргізуді, қызыл сызықтың сақталуын, құрылыс мәдениетін, заңдылығын, сапасын қамтамасыз етіп, құрылыс нысандарының басталған күнінен пайдалануға берілгенге дейінгі аралықта бақылауға, құрылыс көлемін анықтауға, заң бұзушылықтардың алдын алуға толық мүмкіндік береді.
Асқар Исабекұлы жүргізіліп жатқан әрбір құрылыстың сапалы атқарылуы адам өмірінің қауіпсіздігімен байланысты екенін баса айтып, бұл бағыттағы жұмыстар қашанда назардан түспеу керектігін ескертті. Өңір басшысы мердігерлердің құрылыс жұмыстарын бақылау шараларына тапсырыс берушілермен қатар ауылдық округ әкімдері де барынша атсалысу керектігін тілге тиек етті. Сонымен қатар құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылған нысандардың кепілдік мерзімі аралығында пайдалану кезіндегі сапасына жүйелі түрде мониторинг жүргізуді тапсырды.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Comments are closed.

микро займ на карту