Көксайдың электр стансасы іске қосылатын күн жақын

Бастауын Алатаудан алатын Ақсай мен Көксай каналдары ауданның ауыл шаруашылығы үшін басты тіршілік көзі саналады. Ақсай еңістегі Теріс өзеніне келіп қосылады. Таудан құлай ағар қос өзеннің де арыны тым қатты-ақ. Әсіресе Көксайдың суы жаяуға ғана емес, аттылыға да өткел бермес әлеуетке ие. Өзен бойының таңғажайып табиғатын тамашалауға алыс-жақын шетелдерден туристердің ағылып келері анық. Осындағы терең шатқалдың қос жиегінде сыңсып өсіп тұрған арша, шырша, бозарша, қайың ағаштары, алуан гүлдер, көкорай шалғын көз жауын алады. Ауасы таза, суы мөлдір. Бұған табиғаттың тамаша туындысы Көксай каньонын қосыңыз.
Көксай өзенінің суын аудан диқандары ежелден бері егістіктерін суаруға пайдаланумен келеді. Күні кешегі кеңестік одақ тараған тұста аталған каналдың 12 шақырымы көршілес қырғыз елінің аумағында қалып қойып, диқандар судан айтарлықтай тапшылық көргені белгілі. Бертінде Елбасының тікелей араласуымен Көксайдың жаңа арнасын салуға Үкіметтен 5,2 миллиард теңге бөлініп, бұл мәселе түбегейлі шешімін де тапқан болатын. Содан бері арыны қатты осынау өзен суынан электр қуатын өндіру мәселесі күн тәртібіне өткір қойылумен келген.
Аудан әкімі Бақтияр Көпбосыновтың өткен жылы аудан тұрғындарының алдында берген есебінде Көксай шатқалынан қуаты 20 мВт-ты құрайтын шағын су электр стансасын салу жобасы ойластырылып отырғанын жеткізгені бар. Көп өтпей-ақ аталған жобаны қаржыландыратын инвестор табылып, «Қазгидрооперэйтинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Көксай өзені бойынан шағын энергетикалық нысанның құрылыс жұмыстарын бастап та кеткен.
Бүгінгі күні жалпы құны 4,593 миллиард теңгені құрайтын су электр стансасының 4 каскадын тұрғызу үшін іргетасын бекіту, бетондау жұмыстары жүзеге асырылу үстінде. Энергетиктер тағы да 2 каскадтың құрылысын қоса салуды жобалап отыр. Бұл жағдайда аталған стансаның қуаттылығы тағы 2 мВт-қа артпақ. Ал құрылыс алаңына құрал-жабдықтар арнайы тапсырыспен Австрия мемлекетінде жасалып, тасымалданып, жеткізілуде.
Сондай-ақ «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС электр бағандарын орнату, сым тарту жұмыстарына 83,0 миллион теңге бөліп, бүгінде электр бағандары орнатылып, желілер тартылуда.
Жаңа нысан басындағы жұмыстардың барысы жөнінде айтып беруін өтінгенімізде, аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Талғат Әмірәлиев:
– Қазіргі уақытта «Көксай» каналы бойынан 20 мВт электр қуатын өндіретін шағын су электр стансасының құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Бұл істі қолға алған серіктестікке ауданның жер қорынан 1,71 гектар жер телімі 10 жыл мерзімге жалға беріліп отыр. «Қазгидрооперэйтинг» тиісті зерделеу жұмыстарын толықтай аяқтап, жаңа нысанның каскадтарын тұрғызу жұмыстарын бастап кетті. Құрылыс басында бас-аяғы 35 азамат жұмыс істеп жатыр. Олардың барлығы да жергілікті тұрғындар. Нысан үстіміздегі жылдың мамыр айында пайдалануға берілетін болады, – деді.

Жуалы ауданы.

Марат Құлибаев

Comments are closed.

https://4store.com.ua/