- Advertisement -

Экономиканың барлық бағыттары бойынша тұрақты өсім бар

46

- Advertisement -

Кеше аудан әкімі Бақыт Қазанбасов тұрғындар алдында 2018 жылы атқарылған жұмыстар жөнінде қорытынды есебін берді. Есеп беру жиынына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Еркін Базарханов, облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанке, облыстық, аудандық мәслихат депутаттары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, аудан әкімдігінің бөлім, мекеме басшылары, аудан тұрғындары қатысты.

Есепті кезеңде аудан экономикасын көтеріп халықтың әл-ауқатын арттыруда атқарылған жұмыстар жетерлік. Ауданда экономиканың барлық бағыттары бойынша тұрақты өсім бар. Облыс әкімі мен басқарамалардың аудан әкімі арасында жоспарланған индекаторлық көрсеткіштер 93,2 пайызға орындалған.
Аудан әкімнің сөзіне сүйенсек, 2018 жылы 11 миллиард 155,5 миллион теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, нақты индекс көлемі 101 пайызды құраған. Оның ішінде, негізгі кәсіпорындар: «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС 7 миллиард 691,6 миллион теңгеге 134,2 мың тонна мұнай өнімдерін өңдесе, «КнауфГипсТараз» ЖШС 1 миллиард 300,3 миллион теңгеге 624,2 мың тонна гипс тасын өндірген. Ал «БиномСтройДеталь» ЖШС 328,9 миллион теңгеге 32,1 мың тонна темірбетон бұйымдарын, «СуперФарм» ЖШС 1 миллиард 187,6 миллон теңгеге 11 770 мың дана матадан жасалмайтын медициналық бұйымдар шығарса, «КазУпакТрейд» ЖШС 103,8 миллион теңгеге 10,3 мың тонна гипс өнімдерін өңдеді.
Қазақстан Республикасын индустриалдық-инновациялық дамытудың 2015-2019 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы аясында Айшабибі ауылынан «СуперФарм» ЖШС «Бір реттік медициналық бұйымдар шығаратын зауыттың көлемін кеңейту» құрылысын іске асыруда. Жоба құны шамамен 3,5 миллиард теңге, қосымша бөлінген жер көлемі – 1,5 гектар. Жоба іске қосылғанда 108 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Ауданда құрылыс жұмыстарының көлемі 51,6 пайызға артық орындалып, 8 миллиард 094,3 миллион теңгені құрады. 2018 жылы бюджет қаражаттары есебінен 1 миллиард 823,9 миллион теңгеге құрылыс жұмыстары жүргізілген.
Атап айтқанда, Аса ауылындағы «Бәйтерек» тұрғын үй алқабында үш қабатты тұрғын үйдің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту және абаттандыру, Жалпақтөбе ауылындағы балабақша қазандығын газбен жабдықтау, Бірлесу-Еңбек ауылындағы 140 орындық мектеп құрылысы, Пригородное ауылының ауызсумен қамтамасыз ету жүйесін қалпына келтіру, Тоғызтарау ауылын ауызсумен қамтамасыз ету жүйелерінің құрылысы, Аса ауылынан ауыл шаруашылығы малын ветеринарлық егу-емдеу жұмыстарына арналған арнайы алаң құрылысы, Аса ауылы Бәйтерек тұрғын үй алқабына 3 қабатты 18 пәтерлі тұрғын үй салынды.
Өткен жылы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 27,1 пайызға артып, 24 миллиард 777,8 миллион теңгені құрады. Жан басына шаққанда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 299 022 теңгені құрады.
Аудан бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 752,7 шақырымды құрайды. Өткен жылы аудандағы автомобиль жолдарын жөндеуге және ұстауға 652,2 миллион теңге бөлінді. Оның ішінде, аудан бойынша автомобиль жолдарын ұстауға 38,1 миллион теңге және аудандық мәндегі автомобиль жолдарын жөндеуге бөлінген 411 миллион теңгеге 9 жол орташа жөндеуден өткізілді. Ал ауылішілік жолдарды жөндеуге 203,1 миллион теңге бөлініп, бұл қаржыға 19 ауылдың 36 көшесі жөндеуден өтті.
Аудандағы 42 елді мекеннің 19-да орталықтандырылған ауызсу жүйесі бар немесе ол жалпы ауызсумен қамтылғандардың 45,2 пайызын құрайды.
«Өңірлерді дамыту» бағдарламасының жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылық қолдау бағытын іске асыру аясында 2018 жылы жалпы сомасы 72 миллион 592 мың теңгеге 17 ауылдық округте 19 жоба іске асырылды.
Жұмыссыздық деңгейі 4,5 пайызға жетті. Күнкөрістің ең төменгі деңгейінің шамасы халықтың орта есеппен жан басына шаққанда 23 296 теңгені құрады.
Кешенді жоспар бойынша 3 028 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 296 адамға немесе 10,8 пайыз.
Жұмыспен қамту бөліміне 2 643 адам жұмысқа орналасуға өтініш білдіріп, оның 2 254-і жұмыспен қамтылды немесе қамтылу деңгейі 85,3 пайыз.
Есепті жылы 1 580 отбасының 7 964 мүшесіне 268 миллион 127,5 мың теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 228 милион 626 мың теңге төленді, 721 отбасының 4 208 мүшесіне 16 402 мың теңге тұрғын үй жәрдемақысы тағайындалып, толық төленді, 191 отбасындағы 197 үйден оқытылатын мүгедек балаларға 5 милион 274 мың теңге жәрдемақы берілді. Жергілікті өкілетті органдардың шешімі бойынша мұқтаж азаматтардың жекелеген топтарына бір реттік әлеуметтік көмекке жүгінген 654 адамға 17 миллион 702 мың теңге тағайындалып, толық төленді.
«Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында 1 335 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, 1 498 адам жұмыспен қамтылып, жоспар 12,2 пайызға артық орындалды, – деп атап өтті.
Ауданда бұдан өзге білім, денсаулық, спорт салаларында да алға ілгерілеушілік байқалады.
Есепті кездесуде сөз алған Өрнек ауылы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңласын Атықаев:
– Былтырғы жылы атқарылған жұмыстар туралы халық алдында берген есебіңізде бәрін айттыңыз. Облыс көлеміндегі ауданның жетістіктерін ақпарат көздерінен естіп, біліп отырмыз. Енді биылғы жылы да еңбегіңіз жансын. Менің сұрағым елдің бәрі де жақсы жағдайда өмір сүріп жатыр ғой. Мына алдағы уақытта он үш елді мекенді «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету жайын айтып едіңіз. Біздің төменгі жақтағы Өрнек, Ерназар, Тоғызтарау ауылдары тұрғындарының соған қолы жетсе, осы мәселеге ерекше назар аударсаңыз деген үмітіміз бар – деп өз сауалын жолдады.
Бақыт Алпысбайұлы бұл мәселе биылғы жылы облыс әкімінің бастамасымен қолға алынып, бірінші кезеңде бес елді мекенге қаражат бөлінді. Екінші кезең бойынша қалған осы сегіз ауылға қаражат бөлінеді деген ойдамыз. Биыл болмаса да, келесі жылы ауылыңызға «көгілдір отын» барып қалады, – деді.
Басқосуда бұдан өзге де тұрғындар тарапынан шекаралас аймақтарда контробандалық жолмен өткізілген малдың иелерін анықтауға арналған тергеу шаралары өткенше оларды ұстап тұруда кездесетін қиындықтар, оған қажетті орынның құрылысын жүргізу, жастарды білімге, ғылымға баулу мақсатында Өрнек ауылындағы техникалық мамандықтарды дайындайтын кәсіптік колледжді көшіру бірқатар көшелерге ауызсу жеткізу, аудан оталығын толықтай жарықтандыру секілді өзге де атқарылуы тиіс шаруалар төңірегінде сұрақтар қойылды. Ал аудан тұрғыны Мақұлбек Байгелдиев «Тараз қаласының шетіндегі шайынды су мәселесінің шешімі табыла ма?» деген сауалын жолдады. Бұл мәселе облыс әкіміне де айтылған болатын. Себебі қаланың шайынды суының басым бөлігі Жамбыл ауданына келетіндігін айтып осы шаруаның шешілуіне ықпал етуін сұрады. Түрксіб ауылында үш ауысымды мектепті жою мақсатында жаңа мектеп салып беру мәселесі де өзекті.
Аудан әкімі тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің барлығынан да хабардар екендігін айтып, алдағы уақытта оны шешу жолында жұмыс жүргізілетіндігіне тоқталып, көтерілген мәселелерді шешу жолдарын нақты мысалдар келтіру арқылы түсіндіріп берді.
Осылайша 2018 жылы атқарылған жұмыстар мен алдағы жүзеге асырылатын жобалар туралы баяндаған Бақыт Қазанбасов 2019 жылы да жергілікті атқарушы органдар «Қазақстан-2050» Стратегиясында, « 100 нақты қадам» – Ұлт жоспары мен Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында қойған міндеттерді шешуге барлық күш-жігерін жұмсайтынын айтты.
Жиын соңында өткен жылы атқарылған істерге тұрғындардың көңілдері толатындығы айтылып, аудан әкімінің есебіне оң бағасын берді.

Алпамыс ҚАЗЫБАЕВ

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support