- Advertisement -

Қоңыр күйден қуат алған қазақтан асқан рухты халық жоқ

203

- Advertisement -

Әбдімомын ЖЕЛДІБАЕВ,
күйші, композитор,
«Құрмет» және
«Парасат» ордендерінің иегері.

Ұлтымыздың маңдайына біткен ұлы ақындарының бірі Қадыр Мырза Әлінің «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра!» деген жырының мәні зор. Дәл осы тұжырымның астарында қазақтың домбыра дейтін осынау киелі аспабын құрметтемеген, оның үніне елтімеген адамда қазақы қасиет жоқ деген ой жатқандай көрінеді маған. Жасыратыны жоқ, мұндай жайттарды өмірден көріп-біліп, ұшырастырып та жүрміз.
Кез келген адамның музыкалық қабілеті бола бермеуі мүмкін, ал бірақ, әуенді сүйіп тыңдай білу – барлығына тән құбылыс. Демек, әуен адамдардың рухани қорегі деуге әбден болады. Өзге ұлт өкілдері секілді қазақтар да өзінің ұлттық аспаптарын құрметтеп, ән-күйлерін тыңдап ләззат алады. Әсіресе домбыраның үні естілгенде елеңдемейтін қазақ жоқ шығар. Сондықтан да болар, қазақ ежелден домбыраны киелі аспап санаған.
Осы киелі аспаппен асқақтата ән салып, күмбірлетіп күй төккен халықпыз ғой. Кезінде әрбір қазақ домбыраны өзінің сүйеніші, мұңдасы ретінде көрді. Сол себепті де, домбыраға үкі тағып, аялап төріне іліп қою әр қазақтың ортақ дәстүріне айналған. Мен ең алғаш домбыраны қолыма алғанда 4-5 жаста едім. Әуелі анамның оқтауына жармасып, әлдеқандай үн шығарып ойнайды екем. Оқтауды әрі-бері тыңқылдатып, әуестеніп жүргенімді дер кезінде байқаған әкем мені атына мінгестіріп алып, Ордабай дейтін шебердің үйіне ертіп барды. Әлі күнге көз алдымда, «Домбыраның тоғыз пернесі болады. Бірақ саған жеті перне де жетеді» деген ақсақал маған арнап жасаған шағындау домбырасына жеті перне байлап берген. Осылайша, ақысына бір қой беріп, маған арнап домбыра жасатып, қазақтың қара домбырасын алғаш қолыма ұстатқан әкем еді. Бір қызығы, домбыра тарта алмасам да оның бұрауы келіспей тұрғанын біліп қоятынмын. Кейіннен, домбыраға бой үйретіп, одан әрі құмарта бастаған соң анама үйдегі бір өгізін сатып, ақшасына жақсы бір домбыра сатып алып беруін өтіндім. Ол тілегім орындалды да. Жазмыштың жетегі шығар, содан бері қара домбыра қолымнан бір сәтке де түскен емес.
Қазақ осы домбырамен не айтпады, шіркін?! Шерін де, шерменін де, шежіресін де айтты. Мені күйші еткен де осы аспап. Бірақ оның қасиетін өзінен басқа ешкім де түсіндіріп бере алмайды. Оны тек домбырадан шыққан қоңыр үн ғана айта алады. Қазақтың өзіне ғана тән болмысын, мінезін, мұңын қоңыр үнмен жеткізген құдіретті аспап қой ол. Өмірдің шынайылығын көрсетіп, ғибратқа толы жыр жолдарын ұлттық аспап – домбыраға қосып жеткізгенде ғана төл туындылар құлаққа қонымды, жанға сая бола алады. Ол тәрбиелік мәні зор оқиғаларды көз алдыңа келтіріп, содан белгілі бір ой түйіп, кесапатынан қашып, жақсылығына асығуды қалайсың. Мұндай күйлерді тыңдағанда кейде жаныңда отырған жандарды да ұмытып, күмбірлеген домбыраның дауысы мен одан шыққан толғаныс керемет күйге бөлейтіні бар. Неге екенін, алуан сарындағы күйлерді домбырамен бебеулеткенде ен далада қазақтың мың тұлпары дүркірей көшіп бара жатқандай көрінеді маған. Домбыраның күмбірлеген қоңыр үнінен тарар құдіретті күй сазын жан-жүрегімен тебірене тыңдайтын, тылсым сырымен сезімі бітісе толқитын қазақтан асқан шабытты, қазақтан асқан рухты халық жоқтай сезіледі кейде. Міне, осындай рухты елдің батысы мен шығысында да, оңтүстігі мен солтүстігінде де асып-төгіліп жататын домбырадан шыққан әуен қай қазақтың болсын жүрегінің кілтін тауып, төрінен орын алатынына кәміл сенемін.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support