- Advertisement -

Ол «халық жауы» емес еді

333

- Advertisement -

Аты шулы 37-ші жылдың құрбаны Жүнісбек Дүрімбетов жайлы жазуыма себепкер болған мына жай еді. 1989 жылдың 22 желтоқсаны күні республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетіне журналист Т.Ысқақовтың «Қураған сүйектер құпиясы» деген мақаласы жарық көрген. Онда мынадай жолдар бар екен. «Жаппай жазалауға тікелей жауапты НКВД басшылары Ф.Демидов пен П.Титов, тергеушілер А.К.Погрелов, В.И.Иванов, В.А.Ягунков, сол сияқты үштік мүшелері-облыстық партия комитетінің хатшылары Д.Журунов, Иночкин, облыстық Совет атқару комитеті төрағасының орынбасарлары Дүрімбетов, Стецюра деп табылады». Автордың айтуынша бәрі атылып өлген. Өзі сол 1937-1938 жылдардағы жаппай жазықсыз жазалаудың құрбаны болған, сөйтіп 1957 жылы толық ақталған асыл азаматқа бұлайша жала жабылуының сыры неде?
Осы сауал көптен мені мазалап жүргендіктен, сол жылдың маусым айының басында Жамбыл (қазіргі Тараз) қаласында тұратын Жүнісбектің үлкен ұлы Ермек Дүрімбетовпен жүзбе-жүз әңгімелесуді ұйғарған едім. Ерекең өзінің үйінде алдыма бірқатар құжаттарды жайып салды да: «Шырағым, әкем жайлы газетке мынадай мақаланың шығуы отбасымызға үлкен соққы болды», – деп қамкөңіл үнмен әңгімесін бастады.
«Жапқан жалаға шыдай алмай, қаңтар айының басында газеттің бас редакторына кіріп, әкемнің ақтығын айтып дәлелдейтін құжаттарды көрсетіп, «Шерхан-ау, (Мұртазаны айтады) өзі де сол Ақтөбедегі атылған 1046 адаммен бірге 1937 жылы ұсталып, 1938 жылы атылып кетсе, қайтіп ол жаппай жазалауға қатысады?» – дедім ашынып.
Ол кісі Қазақ КСР Мемлекеттік қауіпсіздігі комитетіне баруымды өтінді. Олар Ақтөбе облыстық мемлекет қауіпсіздігі басқармасының бастығы Виктор Налпинге тапсырма берді.
Осыны айтқан Ермек ағайдың көрсетуімен қауіпсіздік комитеті үштігінің қолдары қойылған, Жүнісбек Дүрімбетовтің 1937 жылдың 23 қазанында ұсталып, 1938 жылдың 18 ақпанында атылғанын айғақтайтын хабарлама қағазымен танысып шықтым.
Оған қоса, Ақтөбе облыстық партия комитетінің партиялық бақылау жөніндегі комиссиясының мүшесі А.Рсалин қол қойған қағазда: «1937 жылғы 23 қазан айына, сотталғанға дейін Ақтөбе облыстық Советі атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Жүнісбек Дүрімбетовтің айыптау ісін КСРО Жоғарғы Сотының әскери коллегиясы 1957 жылдың 5 қыркүйегінде қайта қарап, Ж.Дүрімбетовке қатысты әскери коллегияның 1938 жылғы 15 ақпанындағы үкімінің күшін жойған және қылмыс белгісі болмағандықтан іс тоқтатылған. Ж.Дүрімбетов қайтыс болған соң ақталған» делінген. Рсалин одан әрі 1989 жылғы 28 қыркүйегінде өткен облыстық партия комитеті бюросының шешімімен Ж.Дүрімбетовтің БКП (б) мүшелігінің 1926 жылдың шілдесінен қайтадан қалпына келтірілгенін хабарлайды.
Ерекең көзіне жас ала отырып 1937 жылдың ойранын былайша еске алып еді:
«…Онда біз Ақтөбе қаласында тұрамыз. Отыз жетінің нәубетін жасым 14-те болса да білемін. Жан-жағымыздан көршілеріміздің бір парасын «халық жауы» деп біртіндеп әкетіп жатты. Әкем облаткомның төрағасының бірінші орынбасары әрі төрағасы міндетін қоса атқарады. Өйткені, төраға Степанов Қазақ КСР жоспарлау комитетіне жоғарылап кеткен. Өз басына түйілген қара бұлтты сезген болар, үнемі түске үйге келмейтін әкеміз соңғы кездері жиі келетін болды.
37-нің 23 қазаны күні мен киноға барып кешкі 10-да үйге оралдым. Келсем жәкем үйде екен. Қабағы қатулау, көңілсіз. Үлкен жүрек секемшіл ғой.
Сөйтіп отырғанымызда көршіміз есігімізді қақты. Аштық, үйге сау етіп НКВД-ның адамдары кірді. Оларды қара-сұр шегірен плащтарынан танитынбыз. Қанды қасапқа, қайтпас сапарға әкеміз әу бастан-ақ дайындалса керек. «Сіз тұтқындалдыңыз!» дегенде өңі еш өзгерген жоқ, әйелі Арзыханға «киімдерді чемоданға сал, балаларға ие бол», – деді.
Келгендер онысымен қоймай, үйді жаппай тінтуге кірісті.
Әйел жүрегі қашанда нәзік, осал келеді ғой. Анамыз Арзыхан жылап жүр. Сонымен не керек, әкемізді үйден сәл қашықтау орналасқан, НКВД кеңсесінің ауласына екі сұр шинельді мен шешем екеуміз жеткізіп салдық. Жәкемнен бесеу қалдық. Үлкені – мен, он төрттемін, одан кейінгі Өрікбала, Рым, Айымбала және ең кішіміз – Марат. Кішіміз аштық, жалаңаштыққа шыдамады да 1939 жылы қайтыс болды. Рым мен Өрікбала да сол кездегі сұмдық өмір әсер еткен болар, ұзақ жасай алған жоқ. Өрікбала – Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары Гүлмира Есімбаеваның анасы.
– Сонда екіде екенмін, – деп еске алады Айымбала әпкей, – әкемді әкеткенін де білмеймін. Пысылдап ұйықтап жата беріппін. Әкем байғұс менің маңдайымнан ұзақ иіскеп, бетімнен сүйсе керек.
Арзыхан апа да сол сұрықсыз күндерді еске алып көп әңгіме айтқан болатын: «Ертесіне-ақ жұрт бізге үрке қарайтын болды, шырағым. Күндіз үйге ешкім бас сұқпайды, түнде жаны ашығандар келіп, талғажау беріп кетеді. Мен жұмыс істемеймін, үйдегі іске жарарды сатып, түскен ақшаға азын-аулақ тағам сатып алып, түрмеге апарамын, қалғанын балаларыма беремін. Кей күндері балаларымнан қалған табақтың түбін жалаған күндер болды ғой. Маратымды құшақтап, түнде НКВД-ның кеңсесіне барамын. Айтатындары: «Айт, Жүнісбек кіммен сөйлесті, үйге кім келді? Айтпасаң бұралқы иттей атып тастаймын!» Өзімді тұтқын әйелдермен бір бөлмеге, балаларымды бір бөлмеге қамап жауап алады. Ерекең: «Маған бірде көршілер айтты, жууға берген киімге қара, әкең хат жазып жіберуі мүмкін», деп. Бұрын ойға келмепті. Желтоқсан айында хатты тауып оқыдым. Онда жәкем былай деп жазыпты: «Арзыхан, іс қиынға айналды. Мені үлкендермен байланысың бар деп жатыр. Есің барда елің тап. Балалардың алдында бір нәрсеге өкінемін. Балаларыма «халық жауының баласы» деген атты тастап кеттім. Бірақ, мен партияға адал қызмет еттім. Ақпын. Балалар, өскен соң осыны айт». Жәкемнің Жолдасбек деген інісі бізбен бірге болатын. Бізді үйден шығарып тастады да, бір көрші әйелдің сарайына орналастық. Ақырында Жолдасбек көшіріп алудың қамын жасап, Мирзоянға (ол кезде Тараз қаласын осылай атайтын еді) кетті.
Содан қаңтардың ішінде әкемізге тамақ қабылдауды тоқтатты, бізді «әкең үлкен түрмеге кетті» деп алдады.
Не керек, 1938 жылы күзге салым жүк пойызымен Мирзоянға қарай қашып шықтық. Өйтпесек, бізді де қалған «халық жауларының» балалары тәрізді түрмелерде азапты өлім күтіп тұрғаны ақиқат болатын. Көп ұзамай бізді Мирзояндағы балалар үйіне өткізді. Ағамыз Жолдасбек бізді сол жерден тауып алды. Елге келген соң біраз ағайындар қамқорлық жасады. Бірақ «халық жауының баласы» деген жексұрын атақ Дүрімбетовтер әулетіне жабысып-ақ бақты.
1941 жылы соғысқа Ермек ағай да әскер қатарына шақырылған. Еті тірі, орысша-қазақша судай аға офицерлер даярлайтын училищеге қабылданады. Алайда, «халық жауының баласы» деген жала бұл жерде де алдынан шығып, Ерекеңді Алматыдағы жаяу әскерлер командирлерін даярлайтын училищеден шығарып жіберген. Ермек ағай бізге соғысқа қатысқанын еш айтқан емес. Мәскеу үшін шайқаста Рокосовский басқарған Ерекше армияның құрамында жауға қарсы жан аямай соғысқанын да кейін білдік. Тіпті, айыптылар батальонына жиі-жиі жіберетін қорлығы ше? Жалпы бұл армияның негізі «халық жауларының» өздері мен тұқымдарынан жасақталған еді.
Сұрапыл соғыстан соң еліне аман-есен оралған Ермек ағай ең әуелі Жамбыл қаласындағы есеп-санақ техникумын, кейіннен қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтын сырттай бітіріп, 1948 жылы Үшарал жеті жылдық мектебіне директор болып бекітілгенде де арада бір-екі жыл өтпей жатып аупаркомның хатшылары шақырып алып: «Сізге мұндай қызмет беруге болмайды» деп орнынан алып тастаған.
– Партияға қабылдамаған соң, 1956 жылы Н.Щ.Хрущевке хат жаздым. 1957 жылдары әкемізді ақтатып алдық. Тек 1959 жылы ғана КОКП-ға мүшелікке өттік қой, – деді Ермек ағай күрсініп.
Сонымен біз әңгіме етіп отырған Жүнісбек Дүрімбетов кім? Оның кейінгі өміріне сілтеме жасамай-ақ 1926-1927 және 1930-1934 жылдары төменгі Талас аудандық атқару комитетінің төрағасы болып тұрғанда ауданда ең алғаш Ойық, сосын Үшаралдан мектеп аштыруының өзі оның мықты ұйымдастырушы екенін айғақтайды. Осы күнгі Ақкөл ауылының іргетасын да қаласқанның бірі Жүнісбек Дүрімбетов болса керек. Әулиеата уезінің алғашқы басшыларының бірі, Меркі, Шу аудандарының ауатком төрағасы қызметтерін абыроймен атқарған партия-кеңес қызметкері. I дүниежүзілік соғыс кезінде патша әскерінің қатарында қызмет етіп, орыс революциясын көзімен көрген азамат. Өз дәуірінің өткір алмас қылышы Жүнісбектің Орынбор, Ақтөбе облыстарындағы атқарған ірі қызметтері өз алдына бір төбе.
– 1946 жылы әскерден босап келісімен әкеммен аталас ағайын Шәрекеңнің менімен құрдас Жақсыбек деген ұлы жәкемнің менің әкеме қолымен жазған хаты бар, іздеп едім таппадым деді. Содан бері 44 жыл өтті ғой. Түнеу күні облыстық «Ақ жол» газетіне шыққанда бір-ақ білдім, – дейді Ерекең.
Сәлемде бізден дұғай жарандарға,
Елдегі есен-аман қалғандарға.
Барысың барды жалмап тояр емес,
Ұқсайды қарға-құзғын талағанға.
Хатты да жаздым зорға үрейленіп,
Жүрген соң мезгіл-мезгіл үрей көріп.
Дамылсыз сауалға да, зорлыққа да,
Шыдаймыз қиналсақ та ілбіп жүріп.
Тәнім жоқ боямаған қызыл қанға,
Шыдаймын, кім аясын қиналғанда.
Бәрібір сенем түбі ақталамын,
Төнсе де қауіп-қатер шыбын жанға.
Бәрінен аты жаман «отыр» деген,
«Отырға» сөз жамылар «контр» деген.
Сонда да арым таза партияға,
Өшірмес ақтың атын «контрменен».
Не шара, бекер-босқа налығанмен,
Шешілер аққа қара жағылғанмен,
Бәрінен тепірештің ауыр маған,
Қалғаны Арызханым бес баламен.
Арызхан жаңа келген бұл қалаға,
Қазір ол зәру шығар баспанаға.
Бір менен он төрт жастың арасында,
Тірідей жетім қалды жас балам да.
Әкелік борышымды өткермедім,
Болар деп мұндай жағдай ескермедім.
Жабылған жаламенен қарғыс-таңба,
Талабын өсер ұлдың шектемедім.
Болсақ та тұздас-дәмдес тәуірлермен,
Қорқамын бұл күндерде тәуірлерден.
Ағайын, жора-жолдас бәрі қашты,
Кінәсіз үйде қалған сәбилерден.
Шәренжан, құрдас едің Жүсіпәлімен,
Сені де кем көрмедім Жүсіпәліден.
Панасыз балаларым жұртта қалды,
Кетпесін жат боп олар туған елден.
Ер жетіп өскен болар Жақсыбегің,
Сүйенер келешекте жас тірегің.
Жалғасы өмірімнің енді менің,
Ойлаңдар, Ермекжанның келешегін…
Осы өлеңнен-ақ Жүнісбек Дүрімбетовтің азапты өмірі, ақ жүрегі, өлмес рухы сезілмей ме?
Алғаш қол қойып өзі ұйымдастырған Талас ауданындағы мектептердің біріне, немесе ауылға, көшеге аяулы ағаның есімін беру лайықты-ақ.
– Әке аманатын бұлжытпай орындадым, – деді Ерекең, – біреудің ала жібін аттамадым, республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер болсам да жұмыстан, өзімнің сүйікті мамандығымнан жырақ кеткен жерім жоқ.
Ерекеңнің жұбайы Елизавета Акатова да аяулы адам. Талас асыл тұқымды мал зауытында ұзақ жыл бас маман болып еңбек еткен, кеудесіне Ленин орденін таққан кісі.
Екі жыл бұрын Ерекеңнің ұлы Маратпен жолығып қалдым. «Әкеміз қайтыс боларының алдында көптен бері ойында жүрген тілегін айтты. Атамның жатқан жерін тауып, туған жердің топырағын сеуіп, сол жердің топырағын туған жерге әкелсем деді. Әкейдің тілегін құп алып, ең әуелі Ақтөбедегі жолдастарға телефон шалдым. Ол жақтан бізді Ақтөбе облысы әкімінің аппарат басшысы Қалижан Әбдірайымов, облыс прокуроры Сартаев қарсы алды. Олар да күні бұрын облыстық қауіпсіздік комитетінен «халық жаулары» деп атылғандардың орнын анықтатып қойған екен. Бір топ адам қаладан он жеті шақырым жердегі «Қаракемер» аталатын төбешікке келдік. Белгіленіп қойған зират жоқ, әрине. Айтуларынша, үлкен қазан шұңқыр қаздырып, сол жерге азаматтарды тізіп қойып, атып тастапты. Жердің бетін бүгінде жусан басқан. Әкеміздің топырақты алып, тізерлеп жылағанын көргенімізде біз де шыдай алмадық. Көз жасымызға ерік бердік. Содан ертеңіне топырағын алып Арзыхан апам жатқан бейітке себеледік. «Ойымда көптен бері жүрген нәрсе еді. Енді өліп кетсем де арманым жоқ», – деді әкеміз. Сонда барып, әкені аңсаудың құдіретін түсіндік», – дейді Марат.

Сәулембай Әбсадықұлы,
«Ақ жол».

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support