- Advertisement -

«Ауыл-береке» базарындағы берекесіздік

178

- Advertisement -

«Ауыл–Береке» базарында төтенше жағдай орын алып, жерасты суын көтерілді. Жеміс-жидек, көкөніс сататын көтерме сауда орны су астында қалды. 

IMG_6200Көлкіген су қала деңгейінен 10 метр ойда орналасқан көтерме сауда орнын жартылай басып қалған. Саудагерлер су басқан аумақты тастай қашқан. Базардың осы бөлігінде тек суда қалқыған қағаз қораптар, төбе болып үйілген ағаш жәшіктер, қаңырап бос қалған бастырмалар көзге ілікті. Бірер апта бұрын кәсіпкерлер ауыр жүк көліктерімен тонналап тауар әкеліп, таң азаннан бастап сауда көрігін қыздырғаны ертегі сияқты. «Оптовыйдың» ізі де қалмапты. «Ауыл–Берекенің» жарты бөлігі ғана жұмыс істеп тұр. Сұрастырып жүріп бұрын сол жерде көтерме бағамен қияр, қызанақ сатқан Гүлназ Исламованы таптық. «Мен Байзақ ауданындағы «Манат» шаруа қожалығының жылыжайынан тонналап қияр, қызанақ алып, осы базарда төмен бағамен өткеремін. Сауда қатарларын су басып кеткеніне байланысты басқа жерден орын алдым, – деді ол.
Мән-жайды өздерінен білмек болып, базар әкімшілігіне бас сұқтық. «Ауыл–Береке» базарының бас инженері Амангелді Әжмаханов көкөніс сатылатын сауда қатарларын су басқанын растап, бірақ ешқандай да саудагердің шығынға батпағанын, ешкімнің де зардап шекпегенін айтты.
– Сатушылардың тауары суға кетті деуге негіз жоқ. Себебі, ол жерде тек «КамАЗ» жүк көліктері ғана әкелген тауарларын көтерме бағамен өткереді. Біз ешкімді бұл бөлікте сауда жасауға мәжбүрлеген жоқпыз. Әркімнің құқығы, еркі өзінде. Егер біздің базардан орын алып сауда жасау оларға тиімсіз болса, әркім өз жөніне кетер еді. Керісінше, қазан шұңқырдағы сатушылар біздің басқа орын бергенімізге, шығынсыз көшулеріне көмектескенімізге алғыс айтуда. Ал сауда орнын су басу мәселесіне келсек, біз бұл жерді екі жылға сауда және демалыс орнын ашу үшін жалға алдық. Кезінде жерасты суы көтерілуі мүмкін екенін ескеріп, табанын биіктетіп, тас, топырақ төседік. Алайда, биылғы жауын-шашынның мол түсуі мен Талас өзенінің арнасы толып ағуы мәселені қиындатты. Қазір жағдайдың алдын алу мен су сорғы құрылғыларын орнату жұмыстары қолға алынуда. Алдағы күні қазан шұңқырды тағы да биіктетіп, асфальттауды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыстар қыркүйек айында аяқталады деп күтілуде, – деді ол.
Ал мәселеге қала билігі қалай қарайды? Осыған байланысты біз Тараз қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Айдар Молдабаевпен, Тараз қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары Арнұр Тоқсабаевпен, облыстық төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Талғат Сабыровпен сөйлескен едік.
А.Молдабаев: «Ол жерге дәл қазір құрылыс жүргізуге болмайды. Жер уақытша жекеменшік иелігінде болғандықтан, олардың карьердің бетін тегістеуіне болады», – десе, Талғат Сабыров: «Ауыл–Береке» базарында жерасты суының көтерілуі мен қазан шұңқырда орналасқан сауда орнына судың жиналуы әзірге тоқтамайды. Себебі, базар өзен бойында орналасқан. Ал иелері қазан шұңқырды тегістейтін болса, қауіп сейіледі», – деген уәж айтты. Тек Арнұр Тоқсабаев қана: «Ауыл–Береке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне 29 гектар жер сауда және демалыс орындарын ашу үшін екі жылға жалға берілген болатын. Ол мерзім алдағы қыркүйекте аяқталады. Алайда, иесі ол жерді әрі қарай пайдаланбақ мақсатта жердің жалға алу мерзімін создырғысы келетіні жөнінде біздің бөлімге өтініш түсірді. Бірақ, ол өтініш мақұлданбады. Себебі, олар бұрынғы карьердің орнынан базар ашу секілді қисынсыз әрекеттермен жерді дұрыс пайдаланбай отыр», – деп жауап берді.
Жерді жалға алу мерзімі аяқталып келе жатса да, базар әкімшілігі тарапынан құрылыс жұмыстарын жүргізуге деген құлшыныс бәсеңдемей отыр. Сондықтан, «Ауыл–Береке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Рүстем Сарымбетовтен осы мәселені сұрағанымызда ол жоғарыда айтылған Арнұр Тоқсабаевтың пікірімен келіспейтінін айтты.
– Қазір базардың құрылысы тоқтаусыз жүргізілуде. Жерді жалға алу мерзімі біткенше пайдалану туралы барлық талаптарды орындайтынымызға, топырағы алынған қазан шұңқырды тегістейтінімізге сенімдімін. Жерді біз иесіз қалдырып немесе басқа мақсатта пайдалансақ, жерді жалға алу мерзімі ұзартылмайтыны белгілі. Ал біз осы үдеден шығып отырмыз. Базарды жабу туралы шешімді арнайы құрылған комиссия шешеді, – дейді ол.
Қыркүйек айы иек астында тұр. Ал базар иелерінің оған дейін аталған қазан шұңқырды тас, топырақпен толтырып, бетін асфальттап үлгеруі екіталай. Сондықтан, «Ауыл–Береке» базарының тағдыры санаулы айлардан кейін белгілі болатын сыңайлы.

Нұрым Сырғабаев,
«Ақ жол».

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support