- Advertisement -

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚҰРУ ҮШІН ЖАҢА ЗАҢ КЕРЕК

205

- Advertisement -

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айының 5 жұлдызында «Республикалық референдум» өткізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бүгінгі таңда бұл тақырып түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде кеңінен талқылануда. Алайда азаматтардың дені оның мәнін әлі де жете түсіне алмай жатқаны жасырын емес. Референдум деген не? Ол қалай өтеді? Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловпен болған сұхбатымызда осы сауалдарға
толыққанды жауап алдық.

– Серғали Өмірзақұлы, жалпақ жұртқа түсінікті болуы үшін ең алдымен, бұл қандай референдум екенін қарапайым сөзбен айтып беріңізші.

– Өздеріңізге белгілі, тәуелсіз еліміздің тарихында алғашқы жалпыхалықтық референдум 1995 жылы 30 тамыз күні болды. Сол референдум негізінде бүгінде қолданыстағы Ата Заң – Конституциямыз қабылданып, ол 5 қыркүйек күні өз күшіне енген болатын. Ал енді Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының ұсынысымен кешенді реформаларды жүзеге асыру үшін Конституцияға 33 өзгеріс пен толықтыру енгізілмек. Ал ол өзгерістер мен толықтыруларды 5 маусымда өтетін саяси науқан барысында халық шешетін болады. Былайша айтқанда, Ата Заңға халықтың өзі өзгеріс енгізеді.

– Ендеше, бұл науқанның жоғары деңгейде өтуі, халықтың неғұрлым белсенді атсалысуы және оның мәнін терең ұғынуы – ел ертеңінің іргетасын қалайтын қадам ғой.

– Дәл солай. Сондықтан бүгінгі таңда өңірдегі барлық тиісті мекемелер шұғыл іске кірісіп, дайындық жұмыстарын бастап кетті.

– Референдумды өткізу нақты қай мекемеге жүктеледі?

– «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 20-бабына сәйкес, референдумға дайындық пен оны өткізу орталық, аумақтық және учаскелік референдум комиссияларына жүктелген. Ал олардың функциясын орындаушы сайлау комиссиялары болып табылады.

– Облыстық сайлау комиссиясының дайындығы қалай? Бұл шараны өткізуге қанша адам тартылады?

– Референдумды әзірлеу мен өткізу жұмыстарына, облыс бойынша 12 аумақтық сайлау комиссиясының 84 және 492 учаскелік сайлау комиссиясынан 3748 мүше қызмет көрсетеді деп күтілуде. Комиссия арнайы бекітілген күнтізбелік жоспарға сәйкес, облыста аумақтық және учаскелік сайлау комиссияларында даярлық жұмыстары басталып кетті.

Қазір бірінші кезекте, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 24 және ҚР «Республикалық референдум туралы» заңның 25-баптарына сәйкес, референдумға қатысу құқы бар азаматтардың (сайлаушылардың) тұрғылықты жері бойынша тізімін тиісті жергілікті атқарушы орган жеке тұлғалар туралы мемлекеттік дерек қордың негізінде жасайды.

Ал ҚР ОСК 2018 жылғы 23 тамыздағы №11/196 «Сайлаушылар мен сайлау учаскелерінің шекаралары туралы мәліметтерді салыстырып тексеру және ұсыну қағидалары» туралы қаулысына сәйкес, сайлаушылардың тізімін салыстырып тексеруді сайлау комиссиясының «Сайлау» автоматтандырылған ақпараттық жүйесі бөлінген байланыс арнасы арқылы аумақтық сайлау комиссиялары жүзеге асырады.

– Демек, шараға қатысушы азаматтардың ықтимал саны белгілі ме?

– Референдумға қатысу құқы бар азаматтардың нақтыланған тізімі 1 сәуірдегі көрсеткіш бойынша облыста 688001 азаматты құрап отыр. Айта кетейін, республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар, егер олар үшін облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданатындығы айқындалған. Сондықтан жергілікті атқарушы органдардың алдында референдумға қатысу құқы бар азаматтардың тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы органдармен жасалынған тізімдерді нақтылау міндеті тұр.

– Ал референдумды өткізу үшін сайлау учаскелерін дайындау жұмыстары қалай жүргізіледі?

– Бүгінде облыс бойынша 492 референдум учаскесі құрылған. Оның 361-і мектептерде орналасқан. Сондықтан мектептердегі жөндеу жұмыстарын референдум өткізілетін айда уақытша тоқтата тұру керек.

– Бұл жұмыстарды атқару үшін белгілі бір мөлшерде қаражат қажет екені анық. Оны кім қаржыландырады?

– ҚР «Республикалық референдум туралы» заңның 8-бабының 1-тармақшасына сәйкес, референдум әзірлеу мен өткізуге байланысты шығыстар тек қана республикалық бюджет есебінен жұмсалады. Ол қаражаттың есебінен сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру мен олардың қызметіне төленетін жалақы, сайлау комиссиясының үй-жайы мен дауыс беруге арналған үй-жайды жалға алу, іссапар шығындарына, ақпараттық материалдарды дайындау шығындары өтеледі.
Ал үгіт материалдарын қоғамдық ұйымдар даярлайды. Бұл жерде ескеретін бір мәселе бар, ол үгіт материалдарды шығарған ұйымдар, оларды басып шығарған орын мен таралым, оларды шығаруға жауапты адамдар туралы мәліметтер болуға тиіс. Бұқпантай үгіт материалдарын таратуға тыйым салынады. Яғни, бәрі заң талаптарына сай, ашық жүргізілуі тиіс.

Жалпы, заң талаптарына сәйкес, мемлекеттік және жергілікті органдар референдум учаскелерін телефон, интернет байланыстарымен, электр энергиясының қосымша көздерімен, сумен, компьютерлік техникамен, өрт қауіпсіздігінен, санитарлық нормаларды сақтау және мүмкіндігі шектеулі азаматтардың референдумға қатысу құқықтарын қамтамасыз ету және олар дауыс беруге арналған үй-жайды жабдықтау кезінде кедергісіз кіруіне, дауыс беруіне жағдайлар жасаулары тиіс. Референдум өтетін мекенжайларда пандустар, тактильді жолақтар орнатылуы тиіс. Сол сияқты, қала, аудан орталықтарында колл-орталықтардың жұмыстарын ұйымдастыру қажет.

– Референдумның нәтижелі болуы кімге байланысты?

– Әлбетте, қорытындының нәтижелі болуы азаматтарымыздың республикалық референдумға белсенді қатысуына байланысты екендігі белгілі. Сондықтан референдумға енгізілген мәселелерді халыққа түсінікті етіп жеткізу үшін үгіт-насихат жұмыстарын пәрменді түрде ұйымдастыру керек.Бұл жұмыстарға қосымша референдум күні қалаларда, елді мекендерде белгіленген маршруттағы автобустардың қозғалысын реттеу қажет. Сайлау учаскелерінде көпшілікті тартатын іс-шаралар ұйымдастырылуы керек. Бүгінде облыстағы әрбір тиісті ұйым, мекеме барынша нәтижелі жұмыс істеуге тырысып жатыр.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Маржан РАҚАЙ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support