- Advertisement -

Егілген тал-теректің «қызығын» ешкілер көріп жүр

109

- Advertisement -

«Есің кетсе ешкі бақ» дейді. Ешкінің сүті –ем, еті сіңімді-ақ, бірақ айналадағы көгеріш пен тал-дараққа өш келетіні тағы бар. Ауылда болса бірсәрі, қаланың ортасында ешкі ұстап, оны қараусыз қоя беру ақылға қонымсыздау. Мұндай көріністі Тараз қаласының Айша бибі көшесінен кезіктірдік. Көше менікі дегендей он екі ешкі бұл көшеде емін-еркін жайылып, гүлзарлардың гүлін кертіп жеп, қала берді жаяу жүргінші жолы бойындағы қарағай біткеннің қабығын кеміріп жеп жүргеніне талай уақыт болған. Әй дейтін әжесі, қой дейтін қожасы болмаған соң ешкілер де әбден еркінсіп алыпты.

Жол бойындағы көгерішке жайыла берсін. Бірақ ешкі біткен жаяу жүргінші жолы бойындағы қарағай ағаштарының қабығын кісі бойындай кеміріп, жалаңаштап жарақаттап тастаған. Сол араның өзінен қабығынан жұрдай болған 14 қарағайды санадық. Олар енді қурап кетпесін деңіз. Бұдан бөлек, көшенің қалған бөлігіне биыл қарағаш көшеттерін отырғызған екен, ешкілер оларды да жапырақтан жұрдай еткен. Одан қала берді көшеге сән беріп тұрсын деп егілген гүлзарлардағы гүлді де жеп, айналасын қу тақырға айналдырған. Көшенің «NURDAYLET» сауда орталығы тұсындағы шайла (беседка) ешкілер үйездейтін орнына айналғанына көп болыпты. Оны мал қиының көптігінен аңғару қиын емес.

Көше тұрғындары ешкі егесін тәртіпке шақырмақ болып полицияға да, көгеріштендірумен айналысатын «Жасыл-Тараз» мекемесіне де шағымданыпты. Әзірге тұрғындардың шағымына құлақ асқан ешкім болмапты. Еңбек ардагері Темірхан Жұмабеков «Мен біреудің малын қызғанып отырғаным жоқ. Қанша асыраса да, өз еркі. Бірақ адам деген өз малына еге болуы керек қой. Бақсын, бірақ өзі басында жүрсін. Ал ол болса түске қарай дарбазасын ашып ешкілерін қоя береді. Егесіне айтып едік, бізді тыңдамады. Қартайғанда өзіміздей қариямен салғыласып тұрамыз ба? Ағаштарға, көгерішке обал. Ешкілер бәрін жалмап тастады. Ертең бұл ағаштар жайқалып өсіп кетсе, қасындағы жаяу жүргінші жолына көлеңке болар еді ғой», – деп шырылдайды ол.

Ардагер ағаштарға көптен бері су құйылмағанын да айтты. Су ішпеген гүлзарлар да сусап тұр. Ал жаяу жүргінші жолы бойында қылтиған өскін жоқ. Топырағы шығып тақыр топыраққа айналып кеткен. Көзіңе ешкілерден қалған қи ғана шалынады.

Жолды жағалай жүріп, қоршаудың арғы бетіндегі Қарасу каналында бес қой мен ешкіні қозы-лағымен бағып отырған қарияны жолықтырдық. Қырық жыл мектепте жұмыс істеген Жұмабек Серіков Домалақ ана көшесінің тұрғыны екен. Көктемнен бері қойы мен қозы-лағын осы канал бойына жайып келе жатқанын айтты.

– Осында бір қарт әйел ешкі ұстайды. Ешкілерін қараусыз қоя береді. Қарамайды. Он екі ешкі. Өткенде біреуін көлік қағып кетті. Өлген ешкі жол бойында екі күн жатты. Ешкім жолдан алып тастамады. Ақыр соңында осында жүрген иттер сүйреп әкетіп, жоқ қылды. Егесін анда-санда көріп қаламын. «Малыңызға қарасаңызшы. Басы- қасында жүрсеңізші. Мына ағаштарға обал болды ғой» деп айтып едім, «шаруаң болмасын», деп тыйып тастады. Ешкімді тыңдамайды. Бірнәрсе айтсаң, бетіңнен ала түседі. Өткенде полиция да үйіне кіре алмай кетті. Күнде бақылап жүремін ғой, кешеден бастап ағаштарға су құя бастады. Биыл көпірдің арғы шетіне еккен қарағаштардың көбі дер кезінде су құйылмағаннан қурап та қалды. Өскінінің жапырағын ешкілер жеп қойды, – деді ол.

Құқық саласының ардагері Мақұлбек Жаналиев – үйінің іргесінде болып жатқан көрініске шыдай алмай арыз бергендердің бірі. «Қалай құр қол қарап отырайын. Осы көшеге асфальт жабынын төсеп, көшені жарықтандырғанда, жаяу жүргінші жолын салып, қарағай отырғызғанда қандай қуандық. Жаяу жүргіншілердің жолының бойына орындықтар қойды. Бір өкініштісі, Төле би көшесі қиылысынан басталған көгеріштендіру «NURDAYLET» сауда орталығы тұсына дейін жалғасып, әрі қарай аяқсыз қалып қойды. Оны қашан аяғына дейін жеткізерін кім білсін?» – деп өкініш білдіреді.

– Ешкілер 14 қарағайдың қабығын аршып жеп қойған. Биыл егілген қарағашқа да қырғидай тиюде. Гүлді өспей жатып-ақ жеп қойды. Кемпірге айтсаң, гүл егетін қызым бар, соған айтам, гүліңді егіп береді. Ағашыңды әктеп беремін дейді. Ол кемпір полицияны да тыңдамай отыр. Бұл мәселені «Жасыл-Тараз» мекемесінің басшысы Талғат Зәуірбековке де айтқанмын. Бәрі жүре тыңдайды. Ешқандай шара қолданып жатқан жоқ, – деді ардагер Мақұлбек Жаналиев.

«NURDAYLET» сауда орталығы тұсындағы шатыр қасында «Жасыл-Тараз» мекемесінің қызметкерін кездестіріп қалдық. Ол жаяу жүргінші жолы бойында орнатылған орындықтардың қасындағы қоқыс жәшіктерінің айналасын жинастырып жүр екен. Өзін Рүстем деп таныстырған жігіт осы арадан Тәуке хан көшесіне дейін бір өзі қоқыс жәшіктерін тазалап шығатынын айтты. «Мен жалғызбын, орындық айналасындағы қоқысты бір өзім жинап үлгермеймін. Үлгергенше жинап, тазалап кетіп жүрмін», – дейді. Мұнда жайылып жүрген ешкілерді ол да көреді екен. Бір-екі рет қуып та жіберіпті.

Мал егесімен сөйлесудің орайы түспеді. Ал «Жасыл-Тараз» мекемесінің басшысы Талғат Зәуірбеков бұл жайдан хабардар екенін жасырмады. «Мәселенің бары рас. Біз оны шешеміз. Көше тұрғындары да хабарласып, ешкі жайын айтқан болатын. Бұл бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Учаскелік полицияға айттық. Алда нәтиже шығаратын боламыз», – деп уәде етті.

ТІЛШІ ТҮЙІНІ

Айша бибі көшесі тұрғындарының жанайқайы ескерусіз қалмайды деген сенімдемін. Өйткені Мемлекет басшысы республикамыз бойынша тал-дарақтарды отырғызу арқылы елдегі экологиялық ахуалды түзетуге басымдық беріп отырғанда, Тараз қаласындағы мына жағдай биліктің назарынан тыс қала қоймас. Қазіргі таңда облыс əкімі Бердібек Сапарбаев та көктемде отырғызылған тал-дарақтарға ағын су уақтылы жетіп тұруын қадағалауды жиындарда үнемі көтеріп, аудан және қала әкімдеріне тапсырма беріп келеді. Олардың қурап қалмауына баса мəн беріп отырғанда, жауапсыз көше тұрғынының бұл əрекетіне кім тосқауыл қояды. Тиісті мекеме мен полицияның шамасы келмей жатқан мәселеге «Сен салар да мен салар, атқа жемді кім салар» демей қала əкімдігінің де араласқаны да жөн болар.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support