- Advertisement -

Мақсат – айқын, міндет – зор

70

- Advertisement -

Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев облысымызға жасаған жұмыс сапарының бірінші күні өңірдегі бірқатар кәсіпкерлермен кездесіп, кәсіпорындарды аралады. Ал екінші күнгі жұмыс сапарын Байзақ ауданы, Мырзатай ауылында орналасқан «Әулие- Ата Феникс» ЖШС-ның жұмысымен танысудан бастады. Сонымен қатар Қанат Алдабергенұлы облыс активімен кездескен болатын.

Кәсіпкерлерді не алаңдатады?

Бүгінде мемлекет тарапынан кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту бағытында аз жұмыс атқарылып жатқан жоқ. Жылда жанданып жатқан жобалар да, қаралған қаржы да жетерлік. Алайда әлемдік пандемия кәсіпкерлік саласын қос бүйірден қысқаны ақиқат. Осыған орай өңірге жұмыс сапарымен келген Президент көмекшісі Қанат Бозымбаев жамбылдық кәсіпкерлермен кезде сіп, өтініш-тілектерін тыңдады.

Облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен жиынды өңір басшысы Бердібек Сапарбаев ашып, есепті кезеңде қол жеткізген бірқатар көрсеткіштерге тоқталды.

– Бүгінде облыста 700-ге жуық кәсіпорын жұмыс істеуде. 130 мың адам шағын және орта бизнес саласында еңбек етуде. Олар 700 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Әсіресе «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы бойынша 75,8 миллиард теңгенің жобасы мақұлданып, оның бүгінде 51,3 миллиард теңгесі игерілді. Одан бөлек «Еңбек» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша да бағдарын тапқан жұмыстар аз емес.

Әрине, әлемдік пандемия кәсіпкерлік саласына өз салқынын тигізді. Әсіре секарантиндік шаралар көп бизнес нысандарының жұмысын тоқтатты. Енді кеше ғана Қырғыз Республикасы індетке қатысты төтенше жағдай жариялады.

Бізге екі есе сақ болу қажет. Себебі, аталған елмен шектесіп жатқан «Қордай» өткізу бекеті бар. Осы бекеттен кәсіпкерлер түрлі тауарлар алып өтеді. Сондықтан бекетке келген көліктер тексеріліп, жолаушылардан тест анықтамасы сұралып барып қана өңірге өткізілетін болады. Президент көмекшісі Қанат Алдабергенұлы осы және Президент тапсырған өзге де тапсырмалардың орындалуын зерделеу, әрі сіздермен талқылау мақсатында осында келіп отыр, – деді Бердібек Машбекұлы.

Келесі кезекте сөз алған облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев өңір басшысының сөзін қуаттап, негізгі статистиканы сөйлетті. Басты көрсеткіштерді баян еткен Алмас Өскенбайұлы әлемдік пандемияға қарамастан кәсіпкерлік саласында өсім сақталғанын тілге тиек етіп, жыл соңына дейін бұл бағытта жұмыстар жалғасатындығын жеткізді.

Ал облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев карантин және карантиннен кейінгі кезеңдегі бизнес төңірегінде сөз қозғады.

– Төтенше жағдай енгізілгеннен кейін кәсіпкерлерден 18 мыңдай өтініш келіп түсті. Оның 34 пайызы блок бекеттерге, 16 пайызы несиені кейінге шегеруге, 15 пайызы ай сайынғы жалдау ақысын төмендетуге қатысты болды.

Өңірлік палатаның сүйемелдеу жұмыстарының арқасында 12 881 кәсіпкерлік субъектісі жалақыға салынатын салықтарды төлеуден босатылды. 1 674 кәсіпкерлік нысанның салықтар бойынша мерзімі ұзартылды. 318 695 тұрғынға әлеуметтік төлемдер төленді. 16 880 кәсіпкерге орта есеппен 2-3 ай мерзімге несиелері бойынша жеңілдіктер берілді.

Сонымен қатар төтенше жағдай режимі енгізілген сәттен бастап автокөлік құралдарының қозғалысы шектелуіне байланысты, өңірлік палата тарапынан тез арада рұқсатнамаларды электронды түрде қарастыру үшін «Кәсіп жәрдем» атты онлайн-платформа әзірленді. Нәтижесінде палатада 15 630 өтінім қаралып, «Сергек» базасына 36 740 автокөлік құралы енгізілді.

Өткен жылдың екінші жартысында Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасы нысандарда санитарлық нормаларды сақтай отырып, кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін жаңғырту үшін «INFO KAZAKHSTAN» платформасын әзірледі. Оған облыс бойынша 13 мыңнан астам өтініш келіп түсіп, оның ішінде 11 754 өтінім мақұлданды.

Сондай-ақ облыстық санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаменті мен өңірлік кәсіпкерлер палатасы арасында өзара ынтымақтастық туралы келісім жасалды, – деген облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры кәсіпкерлердің құқығын қорғау, сервистік қызмет көрсету, өңірлік кеңестің қызметі төңірегінде мағлұмат беріп өтті.

Президент көмекшісі Қанат Бозымбаев статистикаға түзілген баяндама жасағаннан гөрі нақты ұсыныстарды ортаға салу әлдеқайда пайдалы екенін айтып, кәсіпкерлерді ашық пікірлесуге шақырды.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Өңірлік кеңес мүшесі Ерболат Саурықов Тараз қаласының маңындағы қоқыс тастайтын орынның шағын болуына байланысты Қанат Алдабергенұлынан тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт салуға ықпал етуін сұрады.

Сондай-ақ Ерболат Байұзақұлы елімізде тұқым шаруашылығы тұралап тұрғанын, осы салаға көңіл бөлетін уақыт келгенін қозғады. Бұдан бөлек кәсіпкерлер арасынан «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің құрылысын аяқтауға жәрдемдесу, бизнесмендердің коммуналдық төлемдерін жеңілдету сынды өтініш тілектер айтылды. Қанат Бозымбаев барлық мәселелер бойынша талқылау жүргізіліп, тиісті шешімдер қабылданатындығын жеткізді.

Ал облыс әкімі Бердібек Машбекұлы кәсіпкерлер көтеріп отырған мәселелердің орынды екенін, алайда денін жергілікті деңгейде шешуге болатындығын тілге тиек етіп, бұл бағытта өңірде де шаралар қабылданатындығынан құлағдар етті.

Өндірістің өркендеуі – өмірдің жақсаруы

Өңірге жұмыс с апарымен келген ҚР Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев Сарысу ауданына барып, өңірдегі алпауыт кәсіпорын – «ЕвроХимҚаратау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тыныс-тіршілігімен танысты.

Биыл құрылғанына 8 жыл толған «Евро Хим Қаратау» серіктестігінің бас директорының кеңесшісі Еркебұлан Мырзағалиевтың айтуынша, пандемия салдарынан туындаған қиындықтарға қарамастан кәсіпорын 2020-2021 жылдары толайым жетістіктерге жеткен. Өндіріс өз айналымын азайтпай, керісінше көрсеткіштері өсе түскен. Сондай-ақ әлеуметтік жауапкершілікті де назардан тыс қалдырмаған. Сарысу ауданында жұмыс істей бастағаннан бері компания өңірдегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға 24 миллион АҚШ доллары көлемінде қаражат жұмсапты.

Серіктестік басшыларының сөзіне сүйенсек, өткен жылы шілде айында Қазақстан мен Ресей Үкіметтері жылына 1 миллион тонна минералды тыңайтқыш өндіретін зауыттың құрылысын қолға алу және іске қосу бойынша үкіметаралық келісімге қол қойыпты. Жоба Қаратау фосфор бассейніндегі кен орнын игеруге бағытталған. Компания қазір оның екінші кезеңін іске асыруға кіріскен.

Химиялық кешеннің құрылысы аяқталған соң өндіріс ошағында 1000 жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Өндіріске қатысты өзге салаларда 2 мыңнан астам жұмыс орны пайда болмақ. Мұнан кейін Қанат Алдабергенұлы Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барды.

Натрий цианидін өндіретін еліміздегі ең алғашқы және жаңа заманауи технологияларға негізделген зауыт толықтай автоматтандырылған. 2014 жылы іске қосылған кәсіпорын бүгінгі таңда қалыпты режимде жұмыс істеуде.

Жыл басынан бері 6080 тонна (2020 жылы 5 мың тонна) натрий цианидін және 1698 тонна (2020 жылы 734 тонна) аммоний сульфатын өндірген. Өндірген өнімнің 70 пайызы Ресей, Тәжікстан, Қырғыз елдеріне экспортқа шығарылуда.

Ашылғалы бері кәсіпорын жылына 15 мың тонна натрий цианидін өндірсе, алдағы уақытта бұл көрсеткішті 30 мың тоннаға жеткізу жоспарлануда. Сол мақсатта арнайы жоба да жүзеге асырылып жатыр екен. Кәсіпорынның бас директоры Ерлан Нұрханов жаңа жоба іске қосылған жағдайда өнім өндіру көлемі екі еселеніп, жұмысшылар саны да едәуір артатынын жеткізді. Қазір кәсіпорында 552 адам жұмыс істесе, жоба аяқталғанда одан бөлек тағы 300 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Облыс активімен кездесті

Жоғары с апа лы құс етін өндіретін кәсіпорын 2014 жылы «Бизне стің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында іске қосылған. Жоба «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы қаржыландырылған. 2019 жылы жаңғыртудың екінші кезеңі аяқталып, нәтижесінде жобалық қуаты жылына 5000 тоннадан 8000 тоннаға дейін артқан. Екінші кезең шеңберінде қалдықтарды қайта өңдеу цехы ашылып, қалдықсыз өндіріс жүйесіне көшіпті.

«Әулие-Ата Феникс» ЖШС директоры Фарида Жүнісова кәсіпорынның өнімі тек елімізге ғана емес, шет елдерге де жеткізілетінін айтты.

Серіктестіктің зертханалары, қасапхана және құрама жем цехтары, инкубатор, құстарды басқару жүйесі, союға арналған желісі, арнайы техникалары бар.

Қанат Бозымбаев «Әулие-Ата Феникс» ЖШС-ның жұмыс барысы және өнім түрлерімен танысты.

Бұдан соң ҚР Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаев, Президент Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Ғабидолла Оспанқұлов облыс активінің жиынына қатысты.

Кездесуді ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңір экономикасының дамуы туралы қысқаша тоқталып өтті.

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын орындау үшін ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жарты жылдың қорытындысымен әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша өсім қамтамасыз етіледі деп күтілуде, – деді Бердібек Машбекұлы.

Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Нұржігітов ауыл шаруашылығының қазіргі жай-күйі туралы баяндады.

Егістік алқабы 47 мың гектарға ұлғайып, 768,5 мың гектарға жетті. Суармалы жерлердің жалпы ауданы 179,8 мың гектарды құраған. Ішкі су ресурстарынан су толық көлемде қамтылады. Нұржан Нұржігітовтің айтуынша, трансшекаралық Талас өзені бойынша суармалы сумен қамтамасыз етуде бірқатар мәселелер бар. Бұл туралы ҚР Экология, геология, су ресурстары министрлігінің су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров толығырақ тоқталып өтті.

Малдың қалыпты қыстап шығуы үшін 1,7 миллион тонна шөп қажет десек, бүгінде жоспар 43,5 пайызға орындалған. Өңірде 29 әлеуметтік павильон жұмыс істесе, олармен 1288 тонна өнім өткерілген.

Облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев әлеуметтік саладағы ахуалды арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етті. Жыл басынан бері 12 мыңға жуық медицина қызметкерінің, 44 000-нан астам мұғалімнің, 1 000- нан астам жаттықтырушының жалақысы өскен.

Ағымдағы жылдың бес айында «Еңбек» бағдарламасы бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 24 мыңға жуық жамбылдық қамтылған.

Статистика департаментінің басшысы Сырым Мәдиев халық санағына дайындық барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, облыс бойынша 268 интервьюер жұмыс істейді.

Биыл тағы бір маңызды оқиға – ауыл әкімдерін сайлау. Облыс әкімі аппаратының басшысы Расул Медетов сайлауды ұйымдастыру мәселелері бойынша облыстық штаб құрылғанын, сайлау комиссияларының мүшелері оқытудан өткенін хабарлады. Бақылаушылардың тізімі құрылып, оған 194 азаматтық белсенді енген.

Жалпы, 38 ауылдық округтің әкімін сайлау шілде айында өтеді десек, үш ауылдың әкімін сайлау қыркүйек, қазан, желтоқсан айларына жоспарланған.

Қазақстан COVID-19 ауруының таралуы бойынша «қызыл» аймаққа енгенін ескере отырып, вирусқа қарсы вакцинация мәселесі күн тәртібінде екендігі айтылды.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің мәліметінше, вакциналарды сақтау үшін минус 18, 20 градус температуралық режимдегі 74 мұздатқыш, 52 термоконтейнер сатып алынған. Облыс халқының жалпы санының 80,4 пайызын (582 мың адам) вакцинациялаумен қамту жоспарлануда.

Қанат Бозымбаев КВИ-ға қарсы вакцина алып, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру арқылы ғана қауіпті вирусты жеңе алатынымызды атап өтті.

Ол ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын тиімді іске асырудың арқасында Жамбыл облысында экономиканың барлық салаларында оң динамика байқалатынын тілге тиек етті.

– Мемлекеттік бағдарламалар аясында үлкен қолдаулар көрсетілуде. Ағымдағы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 29 жоба іске асырылып, 1000-нан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Ауыл тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру бойынша жоба сәтті жүзеге асуда.

Кездесу барысында жамбылдықтар да өзекті мәселелерді көтере білді. Солардың бірі – суармалы сумен қамтамасыз ету мәселесі. Бұл республикалық деңгейде сараланатын болады. Облыстағы үш су қоймасын салу жұмыстарын жеделдету қажет, – деді ҚР Президентінің көмекшісі.

Қанат Бозымбаев кеңеске қатысушылармен бірге алдағы сайлаудың маңызы мен ерекшеліктерін талқылады.

– Биыл халық санағы өтеді. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды көптеген сұрақтармен шамадан тыс жүктеуге жол берілмейтіндігін және цифрлық технологияларды қолдана отырып, санақ жүргізуді оңтайлы түрде өткізуді тапсырды. Бұл пандемия жағдайындағы шектеулерді ескерсек, маңызды екенін айтпасақ та түсінікті, – деді ол.

Бердібек Сапарбаев Қордай ауданында биофармацевтикалық зауытты іске қосу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да қысқаша айтып берді.

ҚР Президентінің көмекшісі Қанат Бозымбаевтың облысымыздағы жұмыс сапары Қордай ауданында жалғасты.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support