- Advertisement -

Той-думан көбейді, ал мониторингтік топтар «бәрі жақсы» дейді

87

- Advertisement -

Короновирустық инфекцияның таралуы бойынша еліміз «қызыл» аймаққа қайта енді. Өңірлердегі эпидахуал да мәз емес. Індет күн санап күшейіп, санитарлық-эпидемиологиялық жағдай құбыла бастады. Оның бірден бір себебі – тоқтаусыз өтіп жатқан той-думандар, сақталмай отырған карантиндік талаптар дейді мамандар. Аурудың беті қайтқандай болып еді, көпшіліктің вирустың қауіпті екенін қаперден шығарып алғаны да, рас. Облыс әкімдігінде өткен кезекті штаб отырысында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев мониторингтік топтардың жұмысын күшейтіп, вакцинация туралы халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қатаң тапсырғаны да – сондықтан.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің айтуынша, 29 маусымдағы мәлімет бойынша, облыс аумағында жалпы COVID-19 індетінің 9 783 жағдайы, пневмонияның – 4 588 жағдайы тіркелген. Ал өткен тәулікте КВИ-дың 31, пневмонияның 17 жағдайы анықталған екен.

– Соңғы аптада жалпы облыста 214 жағдай тіркелді. Аурушаңдықтың жоғарғы деңгейі Жуалы, Мойынқұм және Шу аудандарында, Тараз қаласы және сырттан келгендерден анықталып отыр.  Көрсеткіш өткен аптамен салыстырғанда 91 жағдайға өскен. Өздеріңізге белгілі, денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, Нұр-Сұлтан қаласында науқастардан «Дельта» штамы мутациясының ықтималдылығы анықталған. Басқа белгілі штамдарға қарағанда ол 60 пайыз жұқпалы, ал инкубациялық мерзімі – 7 күн. Бұрын вирус жұқтырғаны 14 күнде белгі беретін. Жалпы «Дельта» штамының ерекшелігі қосымша буындардың және құрсақ қуысының қатты ауруымен және есту қабілетінің нашарлауымен айқындалады. Сол себепті, науқастар санының өсу ықтималдылығы жоғары болғандықтан медицина мамандарын оқыту, төсек қорларының, дәрі-дәрмектердің 3 айлық қорының дайындығы бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр, — деді Әсет Әскерұлы.

Штаб отырысында мониторингтік топтардың жұмысы өте төмен деңгейде жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Облыстағы мониторингтік топтардың өткен аптадағы жұмыс көрсеткіштерінің динамикасын талдау объектілерде карантиндік режимнің бұзылуын анықтау өте әлсіз екені көрсетілген. Т.Рысқұлов, Сарысу, Шу, Мойынқұм, Жуалы аудандары бойынша бұл бағытта мүлдем шара қолданылмаған. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділдә Шынәлиевтің айтуынша, өңірдегі құрылған 38 мониторингтік топ ешқандай карантиндік талаптарды бұзғандарды кездестірмеген-мыс. «28 маусымда облыс бойынша мониторингтік топтардың мүшелері 11 рейд жүргізіп, 47 объектіні тексерді. Талап бұзушылықтар анықталған жоқ», — деген  Байділдә Сейділдәұлы өзінің бұл айтып отырған ақпаратының шындыққа жанастпайтынын, күмән тудыратынын да айтуды ұмытпады. Себебі облыс бойынша кафелер мен мейрамханаларда жиын-тойлар жиі өтіп жүргенін бәрі біледі. Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы да шынтуайтында айтылған ақпаратының шындыққа жанаспайтынын ескертіп, сын тезіне алды. Өйткені облыс әкімдігінің инспекторларынан мониторингтік топ құрып, арнайы өзі тексертіп, көз жеткізген.

– Рас, бұл айтып отырғаныңыз шындыққа сәйкес келмейді. Тараздағы 20-ға жуық нысан тексеріліп, бірде-бір бұзушылық анықталмауы мүмкін емес қой. Кафелер, мейрамханалар тапсырыстарды қабылдауды жалғастыруда. Мұның салдары туралы ешкім ойлап отырған жоқ. Егер мониторинг топтар ешқандай бұзушылықтар жоқ десе, онда қызметкерлеріңіз жеке тексеріп көрсін. Мейрамханаларға қоңырау шалып, тексеріңіз. Олар тіптен адам санын да сұрамайды. Өткен сенбі, жексенбіде инспекторларға зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырдым. Сол кезде 150-200 адамнан кем емес жиын-тойлар өтіп жатқан тойханалар анықталды. Біреуі де маска тақпаған, — деді Бердібек Сапарбаев.

Расымен де мониторингтік топтардың айтқаны осы екен деп қарап отыруға болмас. Ауру күн санап күшейіп келе жатқаны рас. Тіптен жауаптыларға көрші Қырғыз мемлекетімен шекарамызды жабу жағын да қарастыруды тапсырды.

– Бірқатар өңірлерде коронавирустық инфекция бойынша жағдай күрделене түсті. Оған жол бермеу керекпіз. Біздің облыс шекаралас аумақ екенін ұмытпаңыздар. Шекарадағы бақылауды күшейту, барлығында ПТР-тестінің оң нәтижелерінің бар-жоғын тексеру қажет. Еліміздің басқа қалаларынан да келетін адамдарды қатаң қадағалаңыздар. Басқа қалаларға жиі баратын сатушыларға да ерекше көңіл бөлген абзал. Сауда үйлерінің, базарлардың басшыларымен кездесу өткізіп, олардан барлық шектеу шараларын сақтауды талап етіңіздер. Біз қауіпті инфекцияның таралуын болдырмау үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіспіз, — деді өңір басшысы.

Сонымен қатар штаб отырысында облыс әкімі тұрғындарды вакцинациялау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. Мемлекеттік қызметкерлер арасында да  әлі де екпе салдырмай жүргендер бар көрінеді. Індетті жеңудің бірден бір жолы – ол вакцинациялау. Сондықтан облыс әкімі екпе ектіруден бас тарпауға шақырып, жауаптыларға осы бағыттағы жұмысты күшейтуді тапсырды. Мониторингтік топтың да жұмысын ширату қажеттігі баса айтылды. Бұдан кейін қызметтік және қоғамдық автокөліктерді табиғи газға ауыстыру және алқаптарды сумен қамтамасыз ету мәселелері қаралып, өңір басшысы туындаған мәселелер бойынша жауаптыларға арнайы тапсырма берді.

Камила БОРАШОВА

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support