- Advertisement -

«Шолақтаудың» жұмысшылары сөзге жоқ, тірлікке мығым

136

- Advertisement -

Амангелді  ӘБІЛ

Қаратау туралы аңыз көп, оның ақиқаты да аз емес. Аңыз өз алдына,  ақиқатына келсек атам заманнан келе жатқан осынау қасиетті тау қойнына сан ғасыр бойы фосфорит кенін жасырып келіпті.  Алғашқы геологиялық экспедициясы  1864 жылы І Петрдің жарлығымен жұмыс істеген көрінеді. Ақыры  1936  жылы мамыр айында кеңестік даңқты геолог Иван Машкара тау жоталарынан фосфорит кенін тауып, ол Қаратаудан фосфор кенін алғаш ашқан азамат болып тарихта қалды. Бірер жылға созылған зерттеу жұмыстары Ұлы Отан соғысының отты жылдарында да тоқтаған жоқ. Арада он жыл уақыт өткенде, 1946 жылдың 5 желтоқсан күні «Шолақтау» кенішіндегі ашық карьерден мотовоз машинисі Сергей Малинин фосфорит кенінің алғашқы тоннасын алып шығады. Осы күн комбинаттың тарихи күні болып, «Казфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің құрылған күні ретінде жыл сайын салтанатты жағдайда аталып өтіп келеді.

Талас ауданының орталығы-Қаратау қаласының іргесіндегі «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінің ауласына енгеннен  18 ғасырдың екінші жартысындағы, одан соғысқа дейінгі, Жеңістен кейінгі комбинаттың алғашқы қадамы көз алдымда тізбектеліп осылай өте берді. Кешен басшысы Құдияр Омаровтың кәнігі кенші, іскер ұйымдастырушы екенін бұрыннан білеміз. Аман-саулықтан кейін-ақ  алып іргелі өндіріс ордасының негізі осы «Шолақтауда» қаланғанын әңгімелеп, тарихынан да сыр шертті. Иван Машкарадан бөлек, басқа да бір топ кеңес геологтары мен алғашқы кен өндірушілердің  есімдерін атап, «Ондай даңқты азаматтардың ерен еңбегін естен шығаруға болмайды, мен өзім жұмысқа қабылданып жататын жас кеншілердің де естеріне салып отырамын. Бұл-тарих, ұмытуға болмайды» деді Қ.Омаров.

Одан әрі ол 1946 жылдан бүгінгі күнге дейін атқарылған жұмысты, өндірілген өнім көлеміне қысқаша шолу жасап, еңбектің қара қазанын қайнатып жатқан кеншілердің ерен еңбегін айтты. Кенішке қарасты құрылымдар жайлы да аз-кем  мәлімет берді.  Жерасты «Шолақтау» және «Ақсай» кеніштерінде  1964 жылы «Молодежная» мен 1987 жылы «Ақсай» шахталары пайдалануға берілген. Бірінші шахтаның жылдық жобалық қуаты 800,0 мың тонна кен өндеу, ал екінші шахта жылына 1 миллион тонна кен өндіруге қуатты көрінеді. «Шилібұлақ» кен орнынан ашық түрде фосфор шикізатын өндірумен «Тау-кен  байыту» цехы айналысады. Бұдан бөлек тағы да бірнеше цех жұмыс істейді.

-Бізде жұмыс қарқыны ерекше. Алғашқы күннен бастап еңбек қарқынын бәсеңдетпеумен қатар, жерастында еңбек ететін болғандықтан кім-кімде сақтық шараларын қатаң сақтайды. Ал енді еңбек озаттарына келер болсам, біздегі азаматтардың бәрі де жанып тұрған жігіттер. Дегенмен, үш-төртеуін атап өтер болсам, жерасты кеніші кен көтеру учаскесінің энергетигі Темір Хан, кенді тасымалдау-жеткізу учаскесінің механигі Нұрбек Тоқсанбаев, слесарь-жөндеуші Руслан Әбдірәсіл және жөндеуші-электрик Жалғас Тілеген сынды азаматтарымызды мақтан етеміз,-дейді осында 17 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан жерасты кенішінің басшысы Мақсұтбек Мәселбеков.

«Қазфосфаттың» қай құрылымына барсаң да, бір-екі ауыз пікір айтуға уақытты әзер табатын жұмысшы-қызметкерлердің тірлігіне қайран қаласың. Өткенде Жаңатастағы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешені «Көксу» кенішінің басшысы Әбдінәсыр Қалдыбеков та өстіп еді. Мақсұтбек те екі-үш минут пікірлесе салып, жер астындағы шахтасына шұғыл түсіп кетті. Кешен басшысы Құдияр Омаровпен де кеңірек әңгімелесуге мүмкіндік болмады. Қызметтік телефоны ма, рация ма қайт-қайта «бебеулеп» тыным таппады. Жұмысы қайнап жататын тау-кен өндірісінің тірлігі осындай енді… Оның үстіне жер астынан кен алып жатқан кеншілердің амандығы күн тәртібінен түспейтінін кешен шахтасына ана жылы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің директоры Мұратқали Сәрсеновпен өзіміз де түскенбіз, көргенбіз сонда, еңбек өнімділігін еселеп арттырумен қатар, сақтық шараларының қатаң сақталатынын.

Биылғы тоғыз айда 220 000 тонна фосфор кенін өндірген «Шолақтау» тау-кен өңдеу кешенінде сегіз ұлттың өкілдері, барлығы  512 адам еңбек етеді. Ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем көп ұлтты іргелі ұжым жыл жыл сайын жоспарларын асыра орындап келеді. Кешенде өндірістік тәжірибеден өту де жолға қойылған. Биыл жыл бойы кешен базасында 102 адам тәжірибеден өтсе, оның  42-і газ, электр дәнекерлеуші мамандығы бойынша, 60-ы тау-кен саласының әртүрлі мамандықтары бойынша тәжірибеден өткен. 2020 жылы 40 адам екінші қосымша мамандық алса, 20 маманның санаты көтеріліпті. Осы жылы жұмысқа 46 адам қабылданса, оның алтауы кешен базасында  өндірістік тәжірибеден өткендерден іріктелген. Биылдың өзінде 22 жаңа жұмыс орны ашылған. Жұмысшы-қызметкерлердің айлық-жалақсы да еңбек өнімділігінің артуына қарай көтеріліп отырады. Мәселен, биылғы әлемді жайлаған короновирус індетіне байланысты карантиндік шаралар енгізілуіне қарамастан тоғыз айда 10 пайызға артқан.

Мұнда жұмысшы-қызметкерлер үшін барлық жағдай жасалған. «Шолақтау» және «Ақсай» жерасты кеніштерінде екі асхана істейді. Денсаулық сақтау пунктінде бір аға емшібике мен 8 емшібике қызмет атқарады. Кешеннің жұмысшы-қызметкерлері  Қаратау қаласынан бар-жоғы 12 километр жердегі «Көктал» емдеу, сауықтыру кешенінде емделіп, сауықтырудан өтіп тұрады.

Суреттерді түсірген Ағаділ РЫСМАХАН.

Талас ауданы.                                                                                       

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support