- Advertisement -

«Көктөбеге жаңа мектеп салынады» дегелі де көп жылдың жүзі болды

250

- Advertisement -

 

 

Есет ДОСАЛЫ

Облыс орталығынан шалғайдағы ауылдардың бірі – Талас ауданы, Ойық ауылдық округі. Округке қарасты үш елді мекен бар. Солардың бірі – Көктөбе елді мекені. Көктөбедегі орта мектеп 1992 жылдан бері әйгілі шешен, тарихта айнымастай аты қалған Бөлтірік Әлменұлының есімімен аталады. Бірақ, қазіргі таңда бұл мектептің ғимараты ескіріп, жаңа мектептің салынуын қажет етіп тұр.

Көктөбе елді мекенінде қазірдің өзінде жүзге жуық түтін бар. Тұрғындар егін және мал шаруашылығымен айналысады. Ауыл іргесінен канал өтіп жатыр. «Бөрібай» каналы арқылы да Талас өзенінен бұл мекенге су келеді. Әр аула өкілдеріне есігінің алдын көгертіп бау-бақша, жоңышқа өсіруге еш кедергі жоқ. Осы ауылда тұрғыны Болатбек Тілепбергенов биыл жылыжайынан екі маусымда 6-7 тонна қияр мен қызанақ жинапты. Болатбектің қолынан келген тірлікті ерінбесе ауылдастарының да істеуге мүмкіндігі бар. Бұл елді мекенде мектептен бөлек фелдьшерлік пункт, жекеменшік балалар бақшасы орналасқан. Ол жерден де 7-8 адам айлық алады. Егіншілік пен мал шаруашылығымен мықтап айналысқандардың табысы өз алдына. Бір сөзбен айтқанда Көктөбе елді мекені суы да бар, нуы да бар, болашағы да бар өмір сүруге қолайлы ауыл. Тіпті, Тараз, Қаратау қалаларынан бұл елді мекенге қайтадан көшіп келіп, мал шаруашылығын жолға қойып жатқандар да баршылық.

Міне, осындай келешегі кемел ауылдың бетіне қарап отырған орта мектебі тозып тұрғалы талай жыл болды. Қазір аталған Бөлтірік Әлменұлы орта мектебінде 125 бала білім алып жатыр. Кезінде осы мектепте 300 бала оқитын еді. Ол кезде мектеп ғимараты үлкен екі бөліктен тұратын. Оның бірінші бөлігі 1960 жылдары салынған екен. Ол мүлдем жарамсыз болып қалғандықтан, осыдан 5 жыл бұрын бұзылып, орны тазартылған. Сонда барлық сынып 1974 жылы салынған екінші бөлікке ауысты. Әрине, амалсыздан солй істеді. Барлық оқушы екі аусымда 5-6 сынып бөлмесіне бөлініп, ыңғайластырылып оқып жатыр. Мұнда мәжіліс залы, спорт залы деген атымен жоқ. Әсіресе, өнер мен спортқа бейім оқушыларға обал-ақ.  Олар үш шақырым жердегі округ орталығына жаяу сандалып, мүмкіндіктерін арттыруға мәжбүр. Біз айтып отырған мектептің футбол алаңы бар. Оған да шүкір. Осы футбол алаңынан мұғалім Бауыржан Несіпбай дайындаған балғын балалар жасөспірімдер арасында аудандық, облыстық турнирлерде талай рет жасындай жарқылдап, жүлде алды. Мектеп директоры Гүлфайруз Орманованың айтуынша, ыңғайсыз мектепте оқып жүріп — ақ оқушылар арасында  республикалық, халықаралық байқауларда   жүлде алып жүрген шәкірттер бар екен. Мәселен, Арнұр Ерубай халықаралық қолөнер және сурет байқауының жүлдегері болса, жас футболшы Азиз Рахмалы жасөспірімдер арасында республикалық  турнирлерде өнер көрсетіп жүр. Қазақ тілі пәні бойынша Арай Болат, Гүлназ Тілепберген, биология пәні бойынша Ақнұр Бодаубек облыстық олимпиадалардың жүлдегерлері. Ал осы мектептің 60-70 оқушысы қашықтан жарияланған түрлі республикалық, халықаралық онлайн байқаулардың жеңімпаз, жүлдегері екен.

Осындай жетістікке не дейсіз? Осындай талабы таудай шәкірттері бар елді мекенге жаңа мектеп керек емес деп қалай айта аласыз? Ал Бөлтірік Әлменұлы орта мектебі аудан бойынша «Ауласы ең таза мектеп» атанса, мектеп директоры Г.Орманова  былтыр «Үздік мектеп директоры -2019» облыстық байқауынан үшінші жүлдені иеленіпті. Мектептің ағылшын тілі пәні мұғалімі Қарлығаш Датееваның да шәкірттері біраз жетістікке жетіп отыр. Орыс тілі пәнінің мұғалімі Гүлнар Ізтілеуова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жазира Әлімханова, Аити және робототехника саласын сауатты жүргізіп отырған Олжас Бүркітбаев, бастауыш сынып мұғалімі Баян Саттаркеліні, Гүлзира Бештаева шәкіртке сапалы білім беріп жүрген үздік мамандар. Осы мектепте ұзақ жыл ұстаз болғандар  Арман Абдашимов қазір округ орталығында жағадан ашылған өнер мектебінің басшысы болса, Бауыржан Несіпбай ауылдық спорт клубының директоры болып жемісті еңбек етуде. Жерлестері бұл мектеп түлектерінің арасынан белгілі жазушы Ерғали Сағат, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші –композитор Әбиірбек Тінәлі, белгілі айтыскер, танымал журналист Біржан Сөктай шыққанын мақтанышпен айтады.

Жақында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Талас ауданын аралаған жұмыс сапарында Көктөбе елді мекеніне де соғып, әйгілі шешен Б.Әлменұлы атындағы орта мектептің бүгінгі жағдайына алаңдаушылық білдіріп, келесі жылдары жаңа мектеп салынуы тиіс екенін айтып, ауыл жұртын қуантып, аудан әкімі мен тиісті жауаптыларға  жаңа мектеп құрылысының  сметалық құжаттарын әзірлеу туралы тапсырма беріпті. Біздің ауданға барған сапарымызда да аудан әкімінің міндетін атқарушы Қадірбек Садубаев Көктөбеге жаңа мектеп салынатынын, 2021 жылға жоспар жасалып жатқанын шегелеп айтты.

Дұрыс-ақ! Бірақ, бір мәселе бар. Бұл мектептің мәселесінің көтерілгеніне талай жыл өтті. Осыдан 8-9 жыл бұрын облыстық мәслихат депутаты Ақынбек Бектай, ауыл белсендісі Төкен Атамқұлов көтеріп, шырылдап жүрді. 2012 жылы Ойық ауылдық округіне келіп есеп бергенде сол кездегі аудан басшысы да Көктөбе елді мекеніне келесі жылы жаңа мектеп салынады деп уәдені үйіп — төгіп берген. Бірақ, келесі жылы ештеңе де болған жоқ. Мектеп тозған күйінде қалды, уәде берген аудан басшысы басқа қызметке ауысып кетті. Енді Талас ауданын Бақыт Қазанбасов басқарып тұрған кезде көтерілген бұл мәселе оң шешіімін тауып жатса дейміз. Түйіндеп айтқанда, Көктөбе елді мекеніне жаңа мектеп керек-ақ!

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support