- Advertisement -

Баукеңнің ескерткіші бір бұрышта қалып қойды немесе батырдың ескерткіші Б. Момышұлы ауылына кіре берісінде тұруы қажет

386

- Advertisement -

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Қазақ елі батырдан кенде емес. «Бізден анау шыққан, мынау шыққан» деп мақтанышпен санай жөнелгенде санына жете алмай қалатынымыз тағы бар. Бұған да шүкір дейік! Бірақ кеңес үкіметі тұсында талай тарих бұрмаланып, мектепте қызыл империяның қалың тарих кітабының қасында Қазақ тарихы пышақтың қырындай жұқа болатын. Оған қарап бізде тарих, қол бастаған батырлар болмаған ба деп қалатынбыз. Қайда барсаң да көретінің социализімнің негізін қалаған күн көсемі – Лениннің ескерткіштері тұратын.

Тәуелсіздік қазаққа тың серпіліс әкелгені анық. «Өшкенің жанды, өлгенің тірілді» деген осы болар, халық батырларын ұлықтап, бас басына ескерткіш тұрғызып, күмбез салды. Ал қаптаған күн көсемнің ескерткіштерінің мойнына бұғау түсіп, тұғырынан құлатылды. Олардың орындарын елін жаудан қорғаған батырлар, ел басқарған билер мен Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне арналған ескерткіштер алмастырды.

Еліміздің өзге өңірлері сияқты Жуалы өңірі де батырлардан құралақан емес. Жоңғар-қалмақтармен болған Ұлы Отан соғысында Алатау мен Қаратаудың сан мың бұлағынан дәм татып, Билікөлдің суына шомылып, суығына шынығып өскен, майданда қол бастаған Қойгелді, Құлан, Ақпан, Рысбек, Садыбай, Байтана, Шоқан, Түктібай, Құттық, Қожық, Ақша, Ақментей батырлардың барлығына дерлік ескерткіштер мен кесенелер тұрғызылды.  Одан беріде халқына қорған болған Батырбек датқа да өз бағасын алып, биік тұғырға қонды. Сондай-ақ алақандай ғана ауданнан Бауыржан Момышұлы бастаған 5 Кеңес Одағының Батыры (генерал-лейтенант Дмитрий Кавешников, Дмитрий Пахомов, Владимир Вишневецкий, Федор Кердань) және «Даңқ» орденінің толық иегері Тайыр Тастандиевтей батырлар шықты.

Бұдан бөлек, Жуалыны бүгінде батырлар елі ғана емес, генералдар елі деп те атайды жұрт. Айтса айтқандай-ақ, Отанына адал қызмет ету үлгісін ішкі істер қызметінің генералдары Тәттібай Дүйсебаев, Есен Демесінов және Әділет генералдары Тілепалды Ыбыраев пен Ғабит Миразов көрсетті. Ал Қарулы Күштер генералдары генерал-лейтенант Дмитрий Кавешников, Алексей Тромбачев, Владимир Трегубенко, Чумаков Роман, Халық қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Диханбек Сатылғанов, Ұлттық қауіпсіздік саласының генералы Сейітжан Қойбақов есімдері жуалылық батырлар шоғырын толықтыра түсті. Сонымен қатар Социалистік Еңбек Ерлері, металлург Еламан Байғазиев (Елбасы-Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Теміртаудағы алғашқы ұстазы), жылқышы Әбден Рысбеков, комбайншы Владимир Яковенко, картоп өсірушілер Мүсірепбек Бектаев пен Антонина Манченконың, ұстаз Қазақстан Республикасының Тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Миразов, Халық Жазушысы Шерхан Мұртазаның есімдерін аудан жұрты әркез мақтанышпен айтып жүреді. Осы аталған азаматтардың барлығының портреттері басқа да елге белгілі азаматтармен бірге Жуалы ауданындағы Жібек жолы бойындағы «Жасай бер, Қазақстан!» саябағындағы «Жұлдызы биік Жуалылықтар» тақтасына ілінген.

Осы саябақтың шығыс солтүстігінде Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында орнатылған ескерткіш тұр. Бұл ескерткіш 2007 жылдың 23 қазанында салтанатты жағдайда ашылып еді. Ол кезде Жібек жол көшесі Алматы-Ташкент халықаралық көлік дәлізі болғандықтан да ескерткішке арнайы қайырылатын кісі қарасы да қалың болатын.

Одан кейін аудан орталығында өз заманының шебер саясаткері, еліміздің оңтүстік өңіріне Қоқан хандығы тұсында билік еткен танымал тарихи тұлға Батырбек датқаның еңселі ескерткіші бой көтерді. Тұғыры биік ескерткіш Бауыржан Момышұлы ауылының солтүстік бетіндегі, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізі бойына жақын, аудан орталығына кіре берістегі төбеге қойылған. Ол 2012 жылы 24 қазан күні ашылған болатын. Бертінде ескерткіш астындағы қыраттан «Жуалы ауданының Құрметті азаматтары» аллеясы, Жастар саябағы бой көтеріп, «Махаббат аралы» жасалып, саябақ аумағы үлкейді. Ескерткіштің қасынан ауданның кіре беріс қақпасы тұрғызылып, маңдайына Бауыржан Момышұлы есімі ойып жазылды.

Уақыттың бір орында тұрмайтыны анық. Желдей ескен уақытпен халықаралық көлік дәлізі аудан орталығын айналып өтіп, барлық көлік Ұлы Жібек жолының жаңа торабы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» соқпағына түсті. Осы арада жолы түсіп ауданға атбасын бұрғандар қақпадан кіре бере, шығысқа қамшы нұқып тұрған Батырбек датқаның мүсініне қарап, «Мынау Бауыржан Момышұлының ескерткіші ма?» дейтін болды. Білмейтіндер Баукеңнің ескерткішіне қайырылдық деп бұрылғандар тақтадағы жазуға көздері түскенде, «Сендердің Батырға деген құрметтерің осы ма еді?» деп өкпелеп, кері бұрылып кеткендерді де көрдік. Кім де болса (сырттан келген адамды айтып отырмын), ол жерден қақпада есімі ойылып жазылған тұлғаны көремін, рухына тағзым етемін деп келетіні анық.

Жоғарыда айтқанымдай заманына қарай өзгермейтін дүние жоқ. Мемлекет деңгейінде орнын ауыстырып жатқан ескерткіштер де бүгінде аз емес. Қапшағай су қоймасын саларда, су астында Өтеген батырдың сүйегі қалатын болған соң қазып алып, басқа жерге жерлеп, басына ескерткіш белгісін қайта қойған жоқ па еді? Өзбекстан Республикасында 1981 жылы Орта Азиядан шыққан алғашқы генерал Сабыр Рахымовқа Ташкент қаласының ортасында ескерткіш қойылып, ол 2011 жылы басқа орынға ауыстырылды. Бірақ  араға жылдар салып барып Өзбекстан мемлекетінің Президенті Шавкат Мирзиеев генерал ескерткішін халықтың өтінішімен орнына қайта қойғызды. Ал өзіміздің Тараз қаласындағы облыстық театр қасындағы Бауыржан Момышұлы ескерткішін алдыңғы жылы «Жеңіс» саябағына көшіріп, ескерткіш өзіне нағыз лайық орнын тапты. Сол сияқты Қайрат Рысқұлбеков, Тұрар Рысқұлов ескерткіштері де орындарын ауыстырып, айналасы қайта гүлденді. Жыр алыбы Жамбылдың да ескерткіші облыс әкімдігінің алдында жаңа тұғырға орнатылып, өзіндік жарасым тауып тұр. Жәкеңді орнынан қозғаған сәтте де ел шулаған. Бір кездегі көкбазар да қазір орнында жоқ. Бірақ ескерткіштің орнындағы сағат стелласы мен оның айналасындағы ғажап ғимараттар бүгінде Көне Тараз тарихи-мәдени кешенінің ажарын аша түскен.

Бұл жерде мен тарихи тұлға Батырбек Рысбекұлының беделін төмендетейін деп отырғаным жоқ. Ол қазақ тарихында өзіндік орны бар дара тұлға. Ресей патшалық империясы оған алғашында полковник, кейіннен фельд-маршал атағын ұсынған.  Тек болашақта ескерткіш орнын ауыстыру уақыттың өзі талап етіп отыр. Батырбек датқаның тұғырын биіктетіп, ескерткішін қондыратын орын да жоқ емес. Өзі жақсы кісіге қашанда жақсы орын табылмай қалмайды. Оны тек жергілікті билік көре білсе болғаны. Қалғаны рет ретімен араға жылдар салып орын-орнына келері анық. Мүмкін болса қазірден ескерткішті орналастыратын жаңа орынды  заңдастырып, абаттандыру жұмыстарын бастап кетсе, орайы келген тұста Баукеңді қан майдандағы ақбозатымен желдей ескен, қиын зұлматқа қасқая қарсы тұрған ат үстіндегі бейнесін датқаның орнына, ал Датқаны жаңа тұғырға қондырсақ, Батырбек баба рухы бұл шешімді ризалықпен қолдайды деген сенімдемін. Бұған батыр ұрпақтары да түсіністік танытады деген ойдамын.

«Ақментей» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол Дүрәліұлы бұл мәселені көптен бері көтеріп жүргендердің бірі. «Мен жүрген жерімде Батырбек датқаның орнында Бауыржан Момышұлы ақбозат атымен тұруы керек деп айтып жүрем. Халық қолдағанмен кейбіреулер тыныш жүр деп, қиқаңдайды. Бірақ маған еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар, «ауылдың аты Бауыржан Момышұлы бола тұра, Баукеңнің ескерткіші елеусіз жерде қалып кетіпті. Осының өзінен-ақ сіздердің Батырды қалай құрметтейтіндеріңіз көрініп тұр» деп ұялтқан сәттері аз болмады. Бауыржанды танымайтын қазақ жоқ. Тіпті мұхиттың арғы бетіндегі Куба мемлекетінің азаматтары оны ұлық тұтады. Осы Баукеңнің қазіргі тұрған ескерткішін орнатарда да қызу талас болып еді. Конкурсқа қатысқан мүсіншілер аянып қалмады. Ондаған мүсіннің ішінде көпшілік Батырдың ат үстінде отыған қайсарлық пен ерлікке толы мінезі сипатталған бейнесін дұрыс көрген. Бірақ ауданның атқамінерлері қазіргі орындықта отырған нұсқасын таңдап жіберді. Кейіннен оның аяғын біреу ұрлап кетіпті деген де сөз шығып, мүсінші аяқ жалғап, бірнәрсені істеді ғой», — деді Батырдың бүгінгі бейнесіне көңілі толмаған ол. «Қойсақ бастапқыда көпшілік таңдаған ат үстіндегі бейнесін қою керек. Батырдан халық ештеңесін аямайды» деп тағы нықтай түсті.

Сөйтті де, «Баукеңнің орны белгілі, ал Батырбек датқаның ескерткішін қайда қоямыз?» деді маған, сен тап дегендей. Оймен ауыл ішіне экскурсия жасап жіберіп, «бір жер бар» дедім. Сөзім сенімді шықса керек, «Ол қай жер? Менің назарымнан тыс қалып кеткен» деп маған не айтар екен дегендей сынай қарады. Ақсақалға Жібек жолы бойындағы Қошқарата бағытына бұрылғандағы жолдың сол жақ бетін ұсындым. Ол да аудан орталығына кіре беріс. Онда: «Қазақстан – 2030» Стратегиясы» деп жазылған тақтатастан басқа ештеңе жоқ. Айналасының шаңы шығып жатыр. Басын шайқады да «Неге менің ойыма келмеген ол? Тәп тәуір жер. Қошқарата өңірінен келетін жұрттың барлығы сол жолмен кіреді. Ертең «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізінің осы тұсына аспалы көлік жүретін көпір салынып жатса, бұл жер гүлденейін деп тұр. Бір жағы мына үлкен көше – Жібек жолы көшесін Батырбек датқаның атына беріп жіберсе, тіптен қатып кетер еді», деді алақанын соғып. «Бірақ», деді ақсақал, «бірінші датқаның орнын дайындау керек. Оның тұғыр тасы қазіргіден де биіктету болғаны жөн. Ескерткішті орнатпай тұрып айналасын бірнеше жыл абаттандырып барып, Батырбек датқаны жаңа құтты орнына қондырған дұрыс болады. Оған дейін елге белгілі азаматтар мен кәсіпкерлерді тартып, «Бауыржан қорына» қаржы жинап, Баукеңнің жаңа ескерткішін жасату қажет. Халық бұл бастамаға қарсы болмайды. Батырдың рухы үшін қайырымды істен бас тартпайды. Содан кейін сәтін салған күні Батырбек датқа ескерткішінің орнына Баукеңді әкеліп қоятын болсақ, шынында қатып кетер еді. Осылай жасау арқылы ұрпақ алдындағы таразы басын теңестірер едік. Бұл болашағымыздың, ертеңгі күніміздің жарқын болуы үшін қажет», — деді қария.

Ел ішінде бұл ойды қолдайтындардың бірі ауданның Құрметті азаматы, Билікөл ауылдық округі ақсақалдар кеңесінің төрағасы Еңсебек Апсалямов.

—        Соңғы жылдары бұл халық арасында жиі көтеріліп жүр. Өз басым орынды ұсыныс деп білем. Өйткені Баукеңнің атақ-абыройы зор. Батырды әлем таниды десем еш қателеспеймін. Оған Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан бөлек Мәскеуде де ескерткіш орнатылып, бір мектепке есімі берілген. Мұхиттың арғы жағындағы Куба мемлекеті Баукеңді құдайдай көріп отырғанда, біздікі ұсақтық. Кезінде жолдың ауыл сыртынан түсіп кететінін ешкім білмеді. Батырбек датқаның әруағы кешірсін, датқаны Қошқаратадан келіп ауданға кіретін жол бойына көшіріп, орнына Бауыржан Момышұлының ескерткішін қойса, аудан көркі ғана емес, ауданның беделі де артайын деп тұр. Біз бүгінгі күнімізді ғана ойламауымыз керек, бұл игі істі ертеңгі ұрпағымыз үшін жасауымыз керек» — дейді.

Сонымен бірге Еңсебек аға ауданда жасалып жатқан саябақтар мен Күйік асуына шыға берістегі «Жуалы» стеласы маңайындағы абаттандыру жұмыстарының жақсы жасалғанын айта келіп, ауданның айбынын асыратын тағы бір игі бастаманың шетін қылтитты. «Біздің өлке батырларға бай аймақ. Ташкентте Төле би бабамыз билік құрғанда Қойгелді қол бастады. Халық ішінде «Төле би келмей тұрыс жоқ, Қойгелді келмей ұрыс жоқ», деген қанатты сөз бар. Осыдан-ақ Қойгелдінің қандай беделі болғанын аңғару қиын емес. Мұны тегін көтеріп отырғаным жоқ. Күйіктен көтерілгенде, Жуалы стелласынан сәл өткенде сол жақта бірден көзге түсетін төбе  бар. Қаратау сілемдерінде көптеген батырлардың дүниеге келгенін, қонақтардың батырлар еліне аяқ басқанын білсін деген ниетпен сол төбеге Баукең қатты құрметтеген қолбасшы Қойгелді батырдың еңселі ескерткішін қондырсақ. Жоңғар-қалмақпен болған соғыстағы Қойгелдінің ерлігі, оның еліміздің оңтүстік өңірін жаудан азат етудегі соғыс тактикасы Баукеңді де таңқалдырмай қоймаған. Жалпы Жамбыл жұрты Баукеңді қолдағандай Қойгелдіні де қолдайтыны анық. Қарап тұрсаң бір ғана үлкен жолдың бойында сонадайдан көз тартып, үш бірдей тарихи тұлғаның еңселі ескерткіші мен мұндалап тұрса, ғажап емес пе? Осы ескерткіштерді дұрыс орнымен орналастыра отырып, жастардың бойындағы Отаншылдық сезімді оятар едік» дейді Еңсебек Абсалямов.

Осыған орай өзге азаматтардың да пікірін тыңдадым. Жалпақ жұрттың басым бөлігі қолдады. Бірақ, «Баукеңе басқа орын табылмай қалды ма, не? Біз қарсымыз. Ереуілге шығамыз» деген қызметтегі адамдардың аузынан осындай сөз естігенде, қайран қалдым. Бір атаның ғана мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын адамнан не күтуге болады? Болашағына көз жібере білетін, ауданның құрметті қариялары Мақсатбек Байболов, Кемелбек Дәуренов, аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубеков, депутаттар Зайырбек Сұлтанмұратов пен Керімқұл Бегалиевтер және де көзі қарақты азаматтар дәл қазір болмаса да, болашақта ескерткіштердің орнын ауыстыру керек деп біледі. Ол үшін жаңа ескерткіштің түсетін орнын биылдан бастап заңдастырып, дайындық жұмыстарын бастап кеткен жөн деп санайды. Бұл игі бастаман аудан басшылары мен мәслихат, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен облыстық мәслихат тарапынан да қолдау табарына сенімдіміз. Ал, Сіз не дейсіз, құрметті оқырман? Келіңіз, пікірлесейік!

 

Жуалы ауданы.

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support