- Advertisement -

Билер кеңесі бірлік пен ынтымақты қалыптастыруға ықпал етеді

125

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев кезекті Жолдауында еліміздің экономикалық-әлеуметтік салаларындағы бағыттарға терең талдау жасап, жіберілген кемшіліктерді жасырмай айтып, оны жоюдың нақты жолдарын көрсетті. Соның бірі ретінде соңғы екі жылда билер институтын қалыптастырудағы нақты жағдайға тоқталғаны соған дәлел. Мәселен ол Жолдауында: «Дау-дамайды шешудің баламалық тәсілдерін де дамыту қажет. Бұл ұстаным мемлекеттің қатысуынсыз-ақ ымыраға келуге жол ашады. Дамыған елдерде мұндай институттар өзін-өзі таныта білуде. Он жылдай уақыт бұрын біз «Медиация туралы заң» қабылдадық. Бірақ қазіргі кезге дейін бірде-бір мемлекеттік орган оның даму мәселесімен айналысқан емес. Айқын мемлекеттік саясат байқалмайды. Бұл жағдайды реттеп, кателікті жөндеу керек», деп өте дұрыс айты.

Бұл сөздің растығын көрмей-білмей жүрген жоқпыз деп айтуға аузымыз бармайды. Қай нәрседе де замана көшіне ілесу ісіңді ілгерлетеді, тірлігіңді жаңғыртады. Мәселен, 1 жыл 8 айда ардагерлер ұйымы жанынан құрылған Билер кеңесінің жұмысын қалыптастыруда аз тер төккен жоқпыз. «Медиация туралы» Заңды басшылыққа алып, облыстық ардагерлер ұйымының, ондағы билер кеңесінің көмегімен түрлі семинар-кеңестер, тренингтер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, 15 елді мекенде Билер кеңестері құрылды. Олармен арнайы семинар өткізіліп, 55 биге сертификаттар берілді. Ауыл әкімдерінің қолымен «медиатор-би» деген куәлік табысталды. Бұрынғы – соңғының жолымен дау-дамайларды шешу жолға қойыла бастады. Билер кеңестерінің қалыпты жұмыс істеуі үшін ардагерлер кеңесінің бөлмесінен арнайы орындар бөлінді.

Осы жұмыстарды қалыптастыру оңай болған жоқ, әрине. Біз билер кеңесінің жұмысына жағдай жасаудағы Қаратау қалалық әкімдігіне, оның бұрынғы әкімі Қайрат Серімовтың көмегіне ризашылығымызды білдіреміз. Аққөл ауылының әкімдігі де кеңес жұмысын жандандыруға көмек қолын созды. Ойық, Тамды, Қаратау ауылдарының әкімдіктері де Билер кеңесін құп көріп отыр. Дегенмен де бірнеше мәрте ұсыныспен шыққанымызға қарамастан Кеңес, Көктал, Шәкіров, Бостандық ауылдарының әкімдіктері билер кеңесінің жұмысын қолай көрмейтін тәрізді. Әсіресе алдыңғы екі ауылда Билер кеңесі құрылған да жоқ.

Білгенге билер кеңесі ауылдағы бірлік пен ынтымақты қалыптастыруда, отбасын сақтауда, ұрлық-қарлыққа  тиым салумен салт-дәстүрді сақтауға ықпал етер еді. Оған Ойық ауылындағы ардагерлер және билер кеңесінің нақты жұмысы айғақ. Бұл ауыл «ішімдіксіз, бұзақысыз және отбасы берік үлгілі ауылға айналамыз» деп бәтуә жасап, билері халық арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде. Олардың бәтуәлары қолдау тапты.

Біз Тәуелсіздік жылдары ең алдымен экономика деп рухани құндылықтарымызды байытуда сәл болса да кемшілік жіберіп алдық. Адами құндылықтарды сақтаудағы жіберген кемшілігімізді майындауымыз да керек. Бұл туралы да Мемлекет басшысының: «Бізге керегі – адалдық, ұқыптылық, тиянақтылық»,  дей келе, «Жаңғырған қоғам жат әдеттерден біртіндеп арылуы керек. Ысырапшылық пен даңғазылық қоғамның да, адамның да абыройын төгеді. Жауапсыздық, немқұрайлылық бүкіл елді қасіретке ұшыратады. Ал боссөзділік пен бөспелік, мақтаншақтық қоғамның дамуын тежейді. Бұл туралы ұлы Абай «Өңкей жалған мақтанмен шынның бетін бояйды» деп ашық айтқан. Бұл мәселе бүгінгі күні де өзекті болып отыр.

Биік мұратқа жетелейтін еңбек деген ұлы ұғымды әр азаматтың санасына сіңіргеніміз жөн. Біздің елімізде «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесі берік орнығуына керек»  деп алға міндет қойды. Мемлекет басшысы меңзеген жаман әдеттерден арылу үшін атқарушы билік өкілдері ардагерлерге, билерге, қауымдастық мүшелеріне, дін өкілдеріне арқа сүйеулері тиіс. Өткені олардың өмірлік тәжірбиесі бар. Ал билер сөзі уәлі, аузы дуалы адамдардан сайлануы тиіс. Осылардың басын біріктіріп, халықпен жұмыс істеуге жұмылдыра білген әкімдер ғана тұтас ұлттың сапасын арттыруға, әділетті, адал қоғам орнатуға қолдары жете алады.

Сәулембай Әбсадықұлы,

Талас ауданы билер кеңесінің төрағасы

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support