- Advertisement -

Ұлттық аспапты байырғы тәсілмен жасайды

60

- Advertisement -

Ел арасында ата жолын жалғап, темірден түйін түйген, сан алуан ағашты небір түрлі иірімге келтіріп, кәдесіне жаратқан шебер қолды адамдар сирек болғанымен, әлі де болса баршылық. Жасыратыны жоқ, олардың көпшілігі ауылды жерде тасада қалып қойып жатыр. Қазақ қашан да ұсталық өнерді киелі кәсіп түрінде бағалап, оны төрге оздырғанын кез келген ұлтжанды азамат зердесіне тоқып өскені бесенеден белгілі шығар. Дейтұрғанмен, бүгінгі ұрпақ ұсталық, зергерлік өнерді ұмыт қалдырып, жаһандану заманының иіріміне терең бойлап бара жатқаны да шындық.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Қалай десек те бүгінгі ұрпақтың арасында ғасырдан-ғасырға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа аманат болған төл өнерді босағадан оздырып, төбесіне көтеріп, одан рухани ләззат алып жүрген азаматтар да кездеседі. Шынын айту керек, бұндай азаматтарға алыстан немесе шетелден келген мейманға кәдесый ретінде ұсынуға қажетті бұйым керек кезде немесе мерекелік көрмелер ұйымдастырылғанда ғана іздеу салатынымыз бар. Міне, он саусағынан өнер тамған, кәсібінен нәсібін тауып, ауыл-аймағына қадірлі болып жүрген осындай жандардың бірі – Шу ауданына қарасты Далақайнар ауылының тұрғыны Бауыржан Жақсыбаев.
Ол бүгінде ауылдық округте қолөнер үйірмесінен сабақ береді. Ол бізбен әңгімесінде: «Ұсталық – өте қызық өнер. Көздің жауын алып тұратын дүниені өмірге әкелген сайын рахат күйге бөленесің. Оны одан сайын дамытып, сол кәсіптің қыр-сырына сәт сайын қаныға түскің келеді. Темірден түрлі бұйымдар жасау мен ағаш жонуға асқан ептілік қажет. Олай болмаған күнде, жоспарлаған дүниең ойдағыдай шыға қоюы екіталай. Қай бұйымды болмасын бастар алдында жасайтын дүниеңді ойша жоспарлап аласың. Содан кейін барып жұмыс басталады. Ұсталық өнер төзімділік пен шыдамдылықты, ептілік пен ыждағаттылықты талап ететін өнер. Қолдың күшімен, күректің ұшымен қопарып тастайтын ауыр жұмыс емес. Төмен қарап отырған қалпы алақандай затты әдемі етіп шығару керек. Бұл іс адамның көңіл күйімен тікелей байланысты. Жұмысқа жан-тәніммен берілген сәтте ғана жасаған дүнием әп-әдемі болып шығады» деген еді.
Ал ағаштан жасайтын бұйымдарға қолдың күші қажет көрінеді. Өйткені жас шебер әлі күнге дейін домбыра жасаудың байырғы тәсілін қолданып келе жатыр екен.
– Домбыраны көбіне-көп қайың мен алма ағашының кепкен түбірлерінен жасаймын. Ағашты жону, домбыраның көлемін келтіру жұмыстарының барлығын кәдімгі қолсүргішпен жасап жатырмын. Ал оның әрлеу мен ою-өрнек салуда жілік сүйекті пайдаланамын. Бүгінде бұл жұмыстардың барлығын оңай әрі тез жасай алатын заманауи технологиялар да бар. Қаржылай қолдау болмағандықтан әл-әзірге оған біздің қолымыз жетпей тұр. Шынын айту керек, көп адам домбыраның түрлерін нақты ажырата бермейді. Сол себепті оның сапасы мен үніне де аса бас қатыра қоймайды. Өз басым оркестрде ойнауға арналған құрама домбыра мен дәстүрлі әншілерге арналған шаппа домбыраны жасауға дағдыланғанмын. Оған қоса, аудандағы мектептерден түсетін тапсырысқа қарай ұлттық аспаптарды қайта қалпына келтірумен де айналысамын, – дейді Бауыржан.
Алғашында ағаштан азды-көпті бұйымдар жасап жүрген ол, өз бетімен ат әбзелдерін жасауға ден қойып, бар ынтасын соған қойған. Мектепті тәмамдай салысымен Алматы облысындағы Қаскелең мәдениет колледжіне оқуға түседі. Міне, сол кезден бастап Бауыржанның қолөнерге деген ынтасы еселене түсіп, сол салаға түбегейлі бет бұрады. Ағаштан ою ойып, темірден түйін түйген қас таланттардың шеберлер отбасынан шығатыны және ол әкеден балаға қан арқылы даритыны даусыз. Қолөнердің құдіретін бала күнінен біліп өскен Бауыржанға да шеберлік әкесінен қонған қабілет екен. Ал анасы тігіншілікпен айналысқан. Бауыржан 2013 жылы оқуын аяқтап келе салысымен-ақ ауылдық клубтың жанынан ашылған «қолөнер» үйірмесінің жетекшісі болып жұмысқа орналасқан. «Бастысы балада қабілет пен ынта болса, оны ары қарай шыңдауда мен аянып қалмаймын» – деген Бауыржан биыл небәрі 7-8 баланы қолөнерге баулып жатқанымен, мектеп бітіруші бірнеше түлекке осы сала бойынша бағыт сілтеп, өз мамандығын адаспай таңдауына ықпал еткен. Жұмыс орнын екінші үйі деп есептейтін шебердің өз жұмысына деген жауапкершілігінің зор екенін байқадық. Тек, бір әттеген-айы, атқарған жұмысына ай сайын азды-көпті жалақы төленгенімен, үйірмеге қатысушылардың қолданатын құрал-жабдықтарына, шикізатқа қосымша қаражаттың бөлінбейтіндігі болып тұр.
– Арнайы тапсырыс түскенде немесе өзім жасаған бұйымдарға қызығушылық танытқандарға жасаған дүниемді сатамын. Алайда шәкірттерімнің қолынан шыққан дүниелерді ешқашан сатылымға қойған емеспін. Ал өзім жасаған бұйымдардан түскен ақшаға шәкірттерім пайдаланатын заттарды арнайы Алматы облысынан алдырамын. Ақша жоқ екен деп қарап отыруға тағы болмайды. Жұмыс тоқтап қалмау үшін қажетті құралдарға өз қалтамнан қаржы шығаруыма тура келді, – дейді ауыл әкімшілігінің ғимаратын паналап отырған жас шебер.
Бауыржанның айтуынша, алыс-жақыннан домбыра жасауға тапсырыс беретіндер үзілмейтін көрінеді. Керісінше, уақыт өткен сайын тұрақты тұтынушысын да жинап үлгерген. Мәселен, аудан орталығында орналасқан Әбілахат Еспаев атындағы саз мектебінің оқушылары домбыраны Бауыржанға арнайы тапсырыс беріп жасататын көрінеді. Міне, алақандай ауылда отырып-ақ ата кәсіптің арқасында нәпақасын тауып отырған біздің кейіпкеріміз бүгінде көпке үлгі болып жүр. Мұндайда халқымыз «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демес пе еді?! Расымен де, ұсталық өнер атадан балаға аманатқа айналған ардақты өнер еді. Ал осындай игі дәстүрдің жібін үзбей жүрген Бауыржандай алтын қолды азаматтар барда құтты өнеріміз ешқашан өшпек емес.

Шу ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support