Жерлестеріміз Токиода топ жара ала ма?

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің Тұңғыш Президент атындағы залында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірімізден шыққан Олимпиада,
Әлем чемпиондары мен жүлдегерлерін, жас спортшыларды, жаттықтырушыларды қабылдады.

Есет ДОСАЛЫ

Жиынды сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:
– Еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы спорт саласын өте жоғары қолдады. Әр Олимпиададан соң, чемпиондар мен жүлдегерлерді өзі қабылдап, құрмет көрсетіп жүрді. Әр облыста Олимпиада чемпиондарының құрметіне сарай салуды тапсырған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да спортты қолдауға деген ықыласы ерекше. Біздің өңірде тұрғындардың 32 пайызы бұқаралық спортпен шұғылданады. Бұл көрсеткішті дамыта түсуіміз керек. «Жол картасымен» биыл өңірде 13 спорт нысанын салдық. Менің ойымша, әр алыс ауылдың өзінде спорт алаңдары болу керек. Әр ауылда балаларға қажетті күрес кілемі, доп жеткілікті болуы тиіс. Оған көп қаражат кетпейді, тек ұйымдастыра білген жөн. Әр ауылда балаларды үйлестіріп отыратын спорт нұсқаушысы болуы тиіс. Біз демеушілер таптық, Тараздан мұз айдынын саламыз. Теннис кортын, жеңіл атлетика манежі де салынады. Әр ауданда жабық спорт кешендері болуы керек. Оның бәрі бос тұрмай, тұрғындардың игілігіне айналғаны дұрыс. Қазір карантин кедергі болып тұр. Біз күзде Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің құрметіне халықаралық турнир өткіземіз. Сол турнирге Жақаң өзінің чемпион достарын шақырса. Таразға бірнеше Олимпиада чемпионы қатар келсе, жастарға ынта-жігер бермей ме? Келесі жылғы Олимпадаға Жамбылдан үш жолдама иегері бар. Жолдама саны 8-9-ға жетеді деген болжам жасалуда. Соның ішінен бір Олимпиада чемпионы шықса деген тілегіміз бар. Осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз, – деді.
Мұнан соң Мәскеу Олимпиадасының чемпионы, даңқты жерлесіміз Жақсылық Үшкемпіров сөз алып, белгілі спортшыларды жинағаны үшін облыс басшысына алғысын білдірді. «Жақында Президент Тоқаевтың Жарлығымен «Халық алғысы» медаліне ие болдым. Ол да – құрмет. Мәскеу Олимпиадасында менің алтын, Серік Қонақбаевтың күміс медаль алып, Қазақстанның атын аспандатқаны тарих болып қалды. Ол өте қиын уақыт. Қазір Тәуелсіз елміз. Олимпиадаға жолдама алу жеңілдеді. Спорттағы жетістік жақсы жаттықтырушылармен болады. Сондықтан, білікті мамандарды тарта білген жөн. Сонда чемпиондар шығады. Тіпті, 2024 жылғы Олимпиадаға дайындықты да осы бастан ойлағанымыз жөн. Жас спортшыларға сәттілік тілеймін», – деді чемпион.
Рио Жанейро-до Параолимпиа-дасының чемпионы Зұлфия Ғабидуллина мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арнайы спорт сарайы салынса деген мәселені көтерсе, Афины Олимпиадасының чемпионы Бақтияр Артаев облыс спортын дамытуға қатысты бірқатар мәселелерді ортаға салды. Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері, Әлем чемпионы Болат Жұмаділов спортты әлі жақсы көретінін айтса, Әлем чемпионы, қазақ күресінен «Қазақстан барысы» турнирінің үш дүркін жеңімпазы Бейбіт Ыстыбаев 200 баланы Күйік тауына жүгіртіп, баптау керек деген ойды қозғап өтті. Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері Елдос Сметов 40 жылдан бері Ж.Үшкемпіровтің ізін басып, күрес түрлерінен Олимпиада чемпионы шықпай келе жатқаны, осы жолда тер төгетіні туралы айта келіп: «Мен 5 жасымда спортқа келдім. Сол кезде мені баулып, баптаған Ахмет Жұмағұл бапкерім осы залда отыр. Ол кісіге шексіз рахметімді айтамын, құрметтеймін. Осы кісінің атында күрес түрлерінен облыстық жарыс өткізудеміз. Сол доданы республикалық, халықаралық дәрежеге келешекте көтергіміз келеді» – деді. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Марат Жақитов осыдан жарты ғасыр бұрын жұмысын Жамбыл жерінен бастағанын айтып, талай чемпионды шығарғанына, Алмас Мұсабеков деген шәкірті әлі күресіп, ардагерлер арасында Әлемнің 8 дүркін чемпионы болғанына тоқталып, мықты спортшылар ауылдан шығатынын, әр ауылды қамтып оқушылар арасында жарыстарды жиі өткізу туралы айтты.
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ ректоры Махметқали Сарыбеков сөз алып, өңірден шыққан даңқты спортшылардың 70 пайызы ТарМУ-дың түлегі екенін айтып, студенттік спортты дамыту жайына тоқталды. Осы мақсатта университеттің алты жабық стадионы мен төрт ашық дала спорт кешенінде мыңдаған студенттер жаттығып жүр екен. Ректор мектептегі спортты дамытпай, студенттік спорт жедел дамымайтынын айтса, универде белдесу күресінен «Оқушы арманы» атты турнир де сәтті өтіпті. «Біз спорттың 15 түрін қолдаймыз. «ТарМУ тарланы» деген деректі фильм түсірдік. Студенттердің ынтасы артты. Қазір екі студентіміз Олимпиадаға жолдама алды», – деді ректор. Онан соң «ТарМУ тарланы» фильмінен үзінді көрсетілді.
Жиынды облыс әкімі қорытындылап, кездесуде айтылған ой-пікірлерді саралап, бағалады. «Бүгін көптеген ұсыныстар айтылды. Мен осы Токио Олимпиадасында Жамбыл облысынан бір чемпион және жүлдегерлер шықса деймін. 2024 жылғы Олимпиада дайындығын бүгіннен ойлау керек деген өте жақсы ұсыныс. Ауыл балаларын кеңінен қамтып, оларға да мүмкіндік беруіміз керек. Облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысына, жаттықтырушылар мен спортшыларға қолдау көрсетуді тапсырамын. Жаттықтырушыларды марапаттау, олардың мерейтой-ларын өткізуді кеңінен ұйымдастыру қажет. Жақсы жаттықтырушыларды өңірге алдыруға да қарсы емеспін. Өңір спортының дамуы үшін барлық шаралар жасалуы тиіс. Әр отбасына амандық тілеймін, – деді Бердібек Машбекұлы.

Comments are closed.