Сапарбаев медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады

Медицина қызметкерлері күні қарсаңында облыс әкімдігінде сала өкілдеріне құрмет көрсетілді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев дәрігерлерге деген ризашылығын жеткізді.

Кәсіби мереке қарсаңындағы кездесуге бейне байланыс арқылы қатысып отырды.

— Өкінішке орай, карантинге байланысты біз бүгін сіздермен ойдағыдай деңгейде кездесіп отырған жоқпыз. Сіздердің жұмыстарыңыз қоғам үшін өте маңызды. Сіздер адамдардың өмірін сақтау жолында күресесіздер. Денсаулық — ең құнды дүние. Әсіресе қазіргідей коронавирус пандемиясы кезінде. Күндіз-түн демей өз емделушілеріңізге қамқорлық танытып, қол ұшын созудасыздар. Сол үшін сіздерге бас иеміз және алғыс айтамыз, -деді өңір басшысы.

Бердібек Сапарбаев мемлекет бүгінде денсаулық сақтау саласын дамыту үшін барлық жағдайды жасап отырғанын атап өтті. Бөлінген бюджет көлемі өсуде, жаңа денсаулық сақтау мекемелері салынуда, медицина қызметкерлерінің жалақысы артуда. Сонымен қатар, ол 2023 жылға дейін денсаулық сақтау саласының қызметкерлерінің жалақысы 2,5 есе ұлғаятынын тілге тиек етті.

— Біз үшін ең бастысы — азаматтардың денсаулығы. Онсыз мемлекеттің кез келген саласының жұмысы алға басуы мүмкін емес. Сондықтан сіздерге көп нәрсе байланысты, қымбатты дәрігерлер. Мен сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын және Сіздерге зор денсаулық және жетістіктер тілеймін,-деді аймақ басшысы.

Бұдан соң ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері » медалімен Жамбыл облыстық психикалық денсаулық орталығының дәрігері Абрахман Терлоев пен Жамбыл облыстық көпсалалы ауруханасының медбикесі Гүлнар Төребекова маратталды. Ал, «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісіне «Мейірім» медициналық орталығының балалар травматолог-ортопедиялық дәрігері Дәулетбек Ахметжанов, облыстық көп салалы балалар ауруханасының инфекционист-дәрігері Евгений Цой және «Ана мен бала» облыстық оңалту орталығының педиатры Рита Қиябаева иеленді.

Сондай-ақ, «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төс белгісі облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Мұрат Жұмабаевқа, облыстық «Ана мен бала» оңалту орталығының медбикесі Айгүл Ақбердиеваға және облыстық көп салалы балалар ауруханасының инфекционисі Батыржан Оспановқа табыс етілді.

Облыс әкімінің Құрмет грамотасымен Жамбыл облыстық медициналық жедел жәрдем станциясының борт-фельдшері Айсұлу Еркінқызы, кардиохирургия және трансплантология ғылыми-клиникалық орталығының аға медбикесі Сәуле Қалтаева, облыстық ЖИТС алдын алу және онымен күрес жүргізу орталығының инфекционисі Күлмира Сметова және «Almaz Medical Group» ЖШС облыстық филиалының акушер-гинекологы Ырыскүл Мырзақұлова марапатталды.

Ал облыс әкімінің Алғыс хаты облыстық стоматологиялық емхананың стоматологы Қадырбек Үсенов, Жамбыл облыстық көп салалы аурухананың акушер-гинекологы Зухра Туребаева және «Almaz Medical Group» ЖШС облыстық филиалы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Раушан Әлкееваға берілді.

Comments are closed.