- Advertisement -

Меркі ауылындағы мерейлі істер

93

- Advertisement -

Аудандағы тұрғын саны көп округ – Меркі ауылдық округі. Мұнда 14094 адам тұрады. Сонымен бірге, ауылда отыздан аса ұлт өкілдері бірлікте, ынтымақта өмір сүруде.
Кеше Меркі ауылдық округінің әкімі Ұлан Жұматаев Меркі шипажайы елді мекен тұрғындары алдында округтің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындысы және 2020 жылға арналған міндеттері туралы есеп берді.
Ауылдық округ әкімінің айтуынша, өткен жылы Меркі ауылдық округінде 2 көшеге 30 миллион теңгеге жуық қаражат бөлініп, асфальт төселген. Ал «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» шеңберінде іс-шараларды іске асыруға 15 миллион теңге бөлініп, Ә.Ысмайлов көшесінің бойында абаттандыру жұмыстары жүргізілген. «Наурыз» дәріханасының алды абаттандырылып, тұрғындар үшін демалыс орнына айналған. Сондай-ақ «Алимжан» балабақшасының алдына балаларға арналған алаңша жасалып «Мерей» құрылыс дүкенінің маңында абаттандырылған.
Өткен жылдың үлкен жетістігі – жыл аяғында орталық саябақ ішінде «Анаға тағзым» ескерткішінің бой көтеру болды. Нысан елді мекенде биылғы халықаралық әйелдер күні салтанатты түрде ашылады деп күтілуде.
Ауылдық округ әкімі 18 бейне бақылау камерасы орнатылып, ол аудандық полиция бөлімі бақылауында болатындығын тілге тиек етті. Ауылдық округтегі маңызы бар М.Мәметова көшесінің бойына «Стритворкаут» спорт алаңшасы салынып, өткен жылы қолданысқа берілген екен.
Ауылдық округ аумағында 27 жеке шаруа қожалығы тіркелген. Олардың 15-сі мал өсірумен, қалғаны егіс және мал азығын өндірумен шұғылданады. Тұрғын үйге жер кезегіне бүгінгі күнге дейін 1546 адам тіркеліпті.
– Ауылдық округ аумағында орталық аурухана және орталық балалар емханасы, «Самат и К» тіс емханасы орналасқан. Ауданда «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын орындау мақсатында скринингтік зерттеу, яғни мемлекетімізде көрсеткіштері жоғары болып тұрған аурулардың алдын алу бойынша тұрғындарға медициналық қарау және тағы басқа алдын алу жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіледі.
Өткен жылғы көктемгі және күзгі әскери шақырулар ұйымдастырылып, округтен 20-дан астам азамат еліміздің Қарулы күштері қатарына әскери борышын өтеуге жіберілді, – деген округ әкімі осы жылдың жоспарымен де бөлісті.
Жиын барысында ауыл тұрғыны Совет Қалманбетов шипажай аумағындағы тазалық мәселесіне назар аударып, жалпы жұмыстарды жандандыра түсу керектігін айтты. Ауылдық округ әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берген тұрғындар атқарылған жұмыстардың нәтижесіне көңілдері толып тарқасты.

Ләззат Құралбаева

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support