- Advertisement -

«Қаралмадағы» құрылыс Қыста да тоқтаусыз жүргізілуде

56

- Advertisement -

Тәттібай Дүйсебайұлы ауылының үстіңгі жағындағы тау баурайында салынып жатқан «Қаралма» тау-шаңғы базасындағы құрылыс жұмыстары қыс мезгілінде де тоқтаусыз жүргізілуде. Бүгінгі таңда қажетті инфрақұрылымдардың дені аяқталған, мысалы, тақтайдай тегіс жол, электр желілері, газ және ауызсу құбыры бар. Қалашықтан бой көтерген 23 коттедждің 15-і қызмет көрсету үшін ұсынуға дайын болып қалды. Олардың сыртқы әрлеу жұмыстары аяқталып, қасбеті мен ішкі әрлеуі жүргізілуде. Бес коттедждің қабырғасы көтеріліп, төбесі жабылуда. Нысан басында 72 адам еңбек етуде.
Бас мердігер «ТаразСпецСтрой» ЖШС-ның учаске басшысы Василий Журавиннің айтуынша, бүгінде құрылыс жұмыстарының 70 пайызға жуығы атқарылған. Жақында ұзындығы 300 метрлік бірінші аспалы желінің құрылысы аяқталып, сынақтан өткізілген, іске қосу-баптау жұмыстары жүргізілген.
Одан бөлек, тау-шаңғы базасы әкімшілігі, кафе, мейрамхана, қонақ үй ғимараттары бой көтерген. Ұзындығы 2,5 километр үлкен аспалы желінің құрылысы басталған. Бүгінде діңгектері орнатылып, жолаушыларды мінгізу терминалының, диспетчер стансасының қабырғасы тұрғызылуда. Кешеннің аумағы абаттандырылып, 100-ден астам шырша егілген.
– Айта кететін бір мәселе, таудағы қардың аздығынан демалушыларды қабылдай алмай отырмыз. Мұнда келіп, бір сырғанамай кеткен қандай өкінішті десеңізші?! Қар жеткілікті жауғанда, кіші аспалы желімен тау басына, шаңғы жолына көтерілуге болар еді. Алайда қардың аз түсуіне байланысты мұндай мүмкіндік болмай тұр. Бұл жылғы ауа райы былтырғыдай емес. Дегенмен қаңтар айы қарлы болады деген болжам бар. Шаңғымен сырғанау үшін қардың көбірек жауғаны дұрыс. Тау-шаңғы базасын аяқтау жөніндегі шартты міндеттемеміз болғандықтан, қандай ауа райы болса да, жұмысты тоқтатпаймыз. Одан бөлек, бұл нысанды ел-жұрт күтіп отыр, – деді Василий Владимирович.
Учаске бастығынан тау-шаңғы базасының келешегі туралы сұрағанымызда, ол болашақта коттедждер қалашығының кеңейетінін, мұнда қосымша 20 шақты коттедж салынатынын айтты. «Нысан пайдалануға берілгенімен, құрылыс жұмыстары тоқтамайды, әлі 1-2 жыл жүргізіледі. Базаның аумағы толығымен көріктендіріліп, демалушылар үшін жазғы спорт алаңы, басқа да көңіл көтеру-сауық орындары салынады, сонымен бірге ашық бассейн салу жоспарда бар. Кешен жаз мезгілінде жылқымен серуендеу, велотуризмді дамыту орнына айналады», – деді ол.

Абылайхан СӘРСЕН,
журналист.

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support