- Advertisement -

«SUPER PHARM» өнімдері шетелдерге сатылуда

75

- Advertisement -

Марат ҚҰЛИБАЕВ

Денсаулық сақтау саласына қажетті дәрі-дәрмектер мен жабдықтарды шет мемлекеттерден сатып алып отырғанымыз белгілі. Оған қоса, халықтың дәрі-дәрмекке, медициналық бұйымдарға деген сұранысы күн санап артып келеді. Бұл қажеттіліктерді қанағаттандыру мақсатында облысымызда елеулі шаралар қолға алынып, жүзеге асырылуда.
Өңірімізде 2011 жылы іске қосылған «Super Pharm» фармацевтикалық кәсіпорнында алғашқы жылдары медициналық бұйымдардың 15 түрі ғана өндірілсе, қазір онда 390 түрі шығарылуда. Содан бері зауыттың өндіріс қуаты артып, жұмыс орны көбейген. Атап айтсақ, бүгінде зауытта 250 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт директоры Қайрат Қаймолдаевтың айтуынша, бір айдан кейін өндіріс ошағы тағы да 150 адамды жұмысқа қабылдап, жұмысшы санын 400-ге жеткізуді жоспарлауда.
– Біз 2010 жылы өз жобамызды жүзеге асыру үшін осы жерді таңдап алдық. Аукционға қатысып, жер телімін сатып алған соң зауыт салуға кірісіп кеттік. Алғаш бұл жер бос жатқан болатын. Не газ, не жарық, не су тартылмаған. Барлығын өзіміз тартып, зауытты да бір жарым жылда тұрғызып, өнім шығардық. Оның қасынан тағы бір зауыт салып, өндірісімізді кеңейттік. Бұған дейін дәрі және қан құятын құралдар, лейкожапсырмаларды еліміз шетелден алып келсе, енді оны өзімізде жасаудамыз, – деді зауыт директоры.
Қайрат Қаймолдаевтың айтуынша, зауытта тоқылмаған материалдан жасалған бір реттік стерильді емес «Нәрия» медициналық халаттары, хирургиялық киімдер жиынтығы, аса жұқпалы және инфекциялық аурулардан сақтануға арналған бетперделер мен шприцтер, системалық құралдар шығарылады. Бұдан бөлек, спиртті салфеткалар мен бинт, лейкожапсырма, тағы да басқа операция залдарына қажетті құралдар, яғни, қайшы, пышақтар жиынтығы өндіріледі. Жұмыс барысында зауыт жұмысшысы Рабиға Досымханқызын сөзге тартқан едік.
– Осында жұмыс істеп келе жатқаныма 8 жылдан асты. Жұмысымыз жақсы. «Нәрия» медициналық халатын шығарамын. Екі күн жұмыс істесек, екі күн демаламыз. Жұмысшыларды тасымалдау үшін арнайы автобустар бөлінген. Түскі тамағымызды осында ішеміз. Зауыт жұмысшыларына бар жағдай жасалған, – деді ол.
Бір атап өтерлігі, мұнда жұмысқа орналасқан адамды жаңа құрылғылар мен техника тілін меңгеру үшін арнайы курстан өткізеді. Оқу тегін жүргізіледі. Сондай-ақ жұмыс беруші іскер азаматтарға, балалар үйінен шыққан, тұрғын үйі жоқтарға зауыттың қасынан тұрғызылған 96 орындық жатақханадан орын, асханадан тегін тамақ беріледі.
Өндіріс ошағы бүгінде еліміздегі бірқатар емханалармен келісім-шартқа отырып, өнімдерін делдалсыз өткеруде. Сонымен қатар көрші мемлекеттерге фармацевтикалық заттарды экспорттауда.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support