- Advertisement -

«Көне тараздағы» көркемсурет галереясының тағылымдары

547

- Advertisement -

Жаңа жыл қарсаңында облыстың 80 жылдық мерейтойына орай пайдалануға берілген нысанның бірі – «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі көркемсурет галереясы. Облыс тұрғындарының игілігіне берілген бұл ғимарат екі қабаттан тұрады. Ежелгі шығыстық үлгіде қыш кірпіштерден салынған. Талапқа сай аяқталған құрылыстың көркемдігі көз тартады. Бірінші қабат үлкен және кіші залдардан тұрады. Үлкен залда ҚР Суретшілер одағы мүшелерінің «Қазақстан бейнелеу өнері» атты көрмесі орналасыпты. Мұнда 39 суретшінің 117 картинасы қойылған. Мәселен, Генадий Теннің «Көкпар», Мұрат Рахымжановтың «Жер астындағы жарылыс», Нарбай Шилібаевтың «Киіз үй жанында», Ерболат Құсайыновтың «Қыпшақ арулары», Бақыт Сейсенханұлының «Қуыршақ», Галина Шумилинаның «Ұйқыдағы сәби» картиналары өзіндік образдарымен, алуан бояуларымен көпшіліктің көңілін баурап алады. Осы жерден Айдархан Сихаев, Болат Құсайынов секілді жергілікті суретшілердің де сан алуан картиналарын тамашалауға болады.
Бұл – облыс суретшілеріне жағдай жасауға, олардың шебер қолдарынан шыққан көркем суреттерді көпшілікке насихаттауға мүмкіндік туды деген сөз.
Суретші Болат Құсайынов: «Бұрын шыны керек, өңірдегі суретшілердің еңбегі өз деңгейінде бағаланбай келді. Сондықтан көпшілігі сырт жаққа кетіп қалып жатты. Мен де Алматыға барып, бағымды сол жақтан сынадым. Балам Ерболат та – ҚР Суретшілер одағының мүшесі. Екеуміз осы галереяның ашылғанын естіп, елге келіп, картиналарымызды қуана-қуана осында ұсынып отырмыз», – деп ағынан жарылды.

Көркемсурет галереясының кіші залы түгелдей неміс суретшісі Леонид Брюммердің еңбектеріне арналған. Оның орынды себебі де бар. Л.Брюммер шеберлігі толысқан кезде салған бүкіл туындыларын Тараз қаласына арнаған екен. Оның өз қолымен салған 1200 картинасы кіші залға қойылыпты. Бұл залды тамашалаушылар да көп. Себебі неміс суретшісінің қылқаламынан шыққан картиналар еріксіз назар аударады. Бұл көркемсурет өнеріне жаңадан ден қойып жүрген жастар үшін бағыт-бағдар сілтеп, шабытын оятатыны анық.
Ал галереяның екінші қабаты «Art.Vicasso» балалар студиясының көркемсурет үйірмесіне арналған. Мұнда дарынды 25 жасөспірімнің сурет өнері бойынша қабілетін дамытуға мүмкіндіктері бар. Қазірдің өзінде бірқатар балалардың картиналары осындағы көрмеге қойылып үлгеріпті. Осы ретте галереяның жай ғана суреттерді тамашалайтын жер ғана емес, талантты балаларды қолдауға арналған шеберлер ордасы екенін де байқауға болады.
Галереяны алғашқылардың қатарында Қазақстанның Еңбек Ері, Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов, Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Мұратбай Жолдасбаев, Абдалы Нұралиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қожахан Жабағиев тамашалап, риза болған.
Біз барғанда Тараз қаласындағы білім ұяларынан келген жүздеген оқушы ұстаздарымен бірге осы мекемедегі көрмелерді тамашалап жүрді. «Бізге суреттер өте ұнады. Қазақтың көкпары мен киіз үйі, асығы туралы да кеңінен біле түстік. Алған әсеріміз ерекше», – дейді Т.Рысқұлов атындағы №48 орта мектеп оқушысы Інжу Жақсылық.
– Мұнда алты адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Одан бөлек көркемсурет студиясы да біздің бірқатар бөлмелерімізді жалға алып жұмыс істейді. Қазірдің өзінде талапты балалардан сұраныс көп. Облыс суретшілерімен де бірігіп біраз жобаларды жүзеге асыруды көздеп отырмыз. Мұнда өңір суретшілерінің шеберліктерін шыңдауға барлық мүмкіндік бар, – дейді көркемсурет галереясының меңгерушісі Балнұр Райқұлова.

Тараз қаласы.

Суреттерді түсірген
Ақәділ Рысмахан.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support