- Advertisement -

Жарылқасын – істің адамы

68

- Advertisement -

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен өмірге келген «Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасы өңірімізге тың серпін әкелгені анық. Бүгінде аудандардағы қанатқақты жоба аясында таңдап алынған ауылдық округ тұрғындары 2,5 пайыздық өсіммен несие рәсімдеп, мал алуда. Несиеге ие болғандардың бірі – жуалылық Жарылқасын Пірназов. Ол 3 миллион 500 мың теңгені «Тараз» әлеуметтік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы алып, оған 50 бас қой, 3 сауын сиыр алған. Несиенің қайтару мерзімі – 5 жыл.

– Қандай шаруа болмасын, оны бастау қиын. Бастаған соң соның үдесінен шығуға тырысасың. Өзім жоғары білім алмағаныммен малдың, егін сеуіп, бау-бақша өсірудің жайын жақсы білем. Әке-шешем Өзбекстанда тұрғанда жер өңдеудің барлық қыр сырын үйреткен болатын. 2004 жылы атажұртқа көшіп келген соң көкөніс ектім. Бақшамда көкөністің барлық түрі болды. Бұл кәсіптен әлі күнге қол үзбей келем. Өйткені соның арқасында мал жинадым. Оларды бордақылап, сатып отырдым. Маңдай теріммен тапқан табысыма өзімнің қалауыммен үй тұрғызып, қасына қора жайын салып алдым. Ата кәсіптен қол үзбейін деп, қорамды қайта малға толтырсам деп жүргенде, ауыл әкімі Арабхан Заппаров өңір басшысының «Облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» қанатқақты жобасымен таныстырды. Үкімет қолдап тұрғанда неге жұмыс істемеске деген ой келді. Сөйтіп алғашқылардың бірі болып, несие алып, жұмыс жасауға талап білдірдім. Ниетім қабыл болып, қорам малға толды. Енді кәсібімді бұдан әрі дөңгелетіп, шаруамды шалқытсам деймін, – деді ол.
Жас кәсіпкердің алға қойған мақсаты көп-ақ. Әңгіме барысында оның өзінің жеке егістік жерінің жоқтығын білдік. Бұған дейін жерін игере алмай жатқан ұсақ шаруа қожалықтардың жерін жалға алып, көкөніс егіпті. «10 гектар егістік жерім болса, арпа-бидай сеуіп, жоңышқа өсіріп, мал азығын өзім дайындар едім. Ол болмаған соң бәрін өз қаражатыма сатып алуға тура келеді. Бір тайланған жоңышқаны – 1000, арпа жемінің бір килограмын 70 теңгеден сатып алдым. Бұл мал өсіріп отырған біз сияқты шаруаларға әжептәуір салмақ. Енді ауылдық округтен жер сұрағалы жүрмін», – деп жоспарымен бөлісті.
Жарылқасын істің адамы екені көрініп тұр. Жақында сатып алған сиыры бұзаулап, ауыздары аққа тиіпті. Төрт ұл-қыз тәрбиелеп отырған жұбайы Айжанның да қуанышында шек жоқ. «Балаларымыздың ырысы. Осыны құрап, шаңырағымызға шаттық ұялатып отырған отағасына ризамын. Біз сияқты бала күтіп, жұмыссыз ауыл азаматтарына қолдау көрсетіп отырған билік басындағы ағаларға да айтар алғысым шексіз», – деді ол.
Бүгінде сауын сиыры тәулігіне 15 литр сүт беруде. Кәсіпкер балаларынан артылғанын базарға өткізіп отыр. Жарылқасын қалған сиырларым ақпанда бұзаулайды, қой ақпанның аяғы мен наурызда төлдей бастайды деп, оған дайындықты бастап кетіпті.

Жуалы ауданы.

Марат Құлибаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support