- Advertisement -

Атау таңдауда айрықша БІЛІКТІЛІК керек

86

- Advertisement -

Облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекованың төрағалығымен облыстық ономастика комиссиясының кезекті отырысы өтті.Мұнан соң облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова Байзақ, Жамбыл және Жуалы аудандарындағы ономастика мәселелері жөніндегі жұмысшы топтарының жұмыстарына жүргізілген зерделеудің қорытындысы туралы хабарлама жасады. Басқарма басшысы айтып өткендей, Байзақ ауданында зерделенген 407 нысанның 396-сы, Жуалы ауданында 233 нысанның 227-сі талапқа сай келген. Жамбыл ауданында да көрсеткіш жаман емес.
Рахия Сейітбекқызы Мойынқұм, Шу аудандарындағы сыртқы көрнекі ақпараттардағы тіл сауаттылығына жүргізілген зерделеудің қорытындысына да тоқталды. Атап айтқанда, Мойынқұм ауданында зерделенген 173 көрнекі ақпараттың 25-і талапқа сай келмеген. Ең назар аударарлығы, Мойынқұм ауданы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының кабинетіне қарама-қарсы қабырғадағы «ҚР-ның Мемлекеттік рәміздері» атты көрнекілік ескірген және эстетикалық талғамға сай келмеген. Ал Шу ауданында зерделенген 758 сыртқы көрнекі ақпарат құралдарының 15-інен кемшілік табылған. Күнтәртібіне сәйкес елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау, атаулардың транскрипцияларын нақтылау мәселелері бойынша ұсыныстар қаралды. Меркі ауданы әкімінің орынбасары Марат Қасым 14 көшені қайта атау, 1 көшеге жаңа атау беруді ұсынып, комиссия мүшелерінен қолдау тапты. Сарысу, Шу аудандары ұсынған мәселелерге де комиссия қарсылық білдірмеді. Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Үміткен Найманова 7 көшеге жаңа атау беріп, 19 көшенің атауын қайта атауды ұсынды.
Осы тұста комиссия мүшесі Сембек Сейдәзімов «Арна», «Жиделі», «Талды», «Қызылжар», «Сұлусай» атауларымен келіспейтінін айтты. Ал мәдениет саласының ардагері Әлібек Әмзеұлы «Аягөз», «Қызылжар» атауларымен келіспесе, Мақұлбек Байгелдиев «Сұлусай» емес, жергілікті жағдайға байланысты «Сулысай» болып өзгертілсе деген ойын білдірді. Комиссия мүшесі Елен Әлімжан Керей ханға көше берілсе, Жәнібек ханға да көше беру керектігін айтса, ғалым Зиба Құламанова атауларды таңдауға жіті көңіл бөлу керектігін ескертті. Сонымен, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары ұсынған 7 атаумен облыстық комиссия мүшелері келіспей, жобаны қайта қарауға жіберді.
Жиын соңында Жамбыл ауданына «Үлгілі аудан» аталымы тапсырылса, Сарысу ауданы, Досбол ауылдық округі (әкімі Нұрлан Молдабеков) «Үздік ауылдық округ» деп танылды. Жиынды облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Сәтбекқызы қорытындылап, Тараз қаласы және аудандардағы жауапты басшылар мен қызметкерлерді бұдан да белсенді жұмыс жүргізуге шақырды.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support