- Advertisement -

«Өкім өлеңге биік өлшеммен қарайтын»

408

- Advertisement -

80 жылдық тарихы бар облысымыздан көптеген таланттар шықты. Соның бірі – қазақ әдебиетінің дамуына елеулі үлес қосқан, өлеңге құмар өрендерді қамқорлығына алып, болашағына жол нұсқаған Өкім Жайлауов.

Ақын 1954-1962 және 1963-1967 жылдар аралығында облыстық «Еңбек туы» газетінде еңбек етті. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Шәкірт ойы» 1958 жылы жарық көрді. Содан бері «Жасыл бақша» (1961), «Шопан даусы» (1968), «Жарқын жаз» (1971), «Арай» (1973), «Күміс жаңбыр» (1976), «Соны соқпақ» (1977), «Шұғылалы шақ» (1978), «Дарқан дала» (таңдамалы, 1979), «Мезгіл бояулары» (1993), «Шартараптан шарапат» (таңдамалы, 1999) сынды жыр кітаптары өз оқырмандарымен қауышты. Сондай-ақ бірқатар өлеңдері орыс тілінде шыққан «Сегодняшний день» атты бір томдық кітапта басылды. М.Лермонтов, К.Хетагуров, С.Маршак, С.Михалков, А.Барто, тағы басқа ақындардың біраз жырларын аударды.
Ақынның жары Роза Жандарқызы және ұл-қыздары жақында Таразға келіп, сөз зергерінің рухына Құран бағыштаған еді.
– Өкім ағамен қалай таныстыңыз?
– 1950 жылы жетінші сыныпты бітірген соң ата-анам бөлем Нұргүл екеумізді Алматы қаласындағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесіне оқуға жіберді. Өкім ағаң ол кезде ҚазМУ-дың екінші курсында оқиды екен. Нұргүл Өкімнің туысы еді. Ағаң ауылдың қыздарының жағдайын біліп тұру үшін жиі келіп тұрды. Міне, таныстығымыз осылай басталды. Ал біз педагогикалық училищенің бірінші курсын бітірген жылы училище Қызылорда қаласына көшірілді. Нұргүл екеумізді ата-анамыз Қызылордаға жібермейтін болды. Сөйтіп, Жамбыл қаласына келіп Жамбыл атындағы орта мектепте тоғызыншы сыныпта оқуымызды жалғастырдық. Кейін мектеп бітірген соң мен Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтына оқуға түстім. Екінші курсты бітірген жылы үйленейік деп ұсыныс жасады. Ағаң 1953 жылы ҚазМУ-ды бітіріп, Алматыда жұмысқа қалған болатын.1954 жылы Өкім Жамбылға облыстық газетке қызметке келіп, Үшаралдан ата-анасын көшіріп алды. Өйткені ол атадан жалғыз еді. Темір жолдың арғы бетіндегі «Дөңгелек саз» деген жерде тұрып жатты. Біз 1955 жылы шаңырақ көтердік. Мен оқуды 1957 жылы бітіріп, Қант зауыты аумағындағы Микоян мектебіне жұмысқа тұрдым. Ол мектепте он жыл жұмыс істедім. Талас ауданы Үшарал ауылындағы мектепте де екі жыл жұмыс істегенім бар. Ата-енем де бір тамаша жандар еді. Өмірдің қиындығын көп көрген момын, шаруа кісілер болатын. 1969 жылы Жайлау атамыз бен Шарбан анамыз бір жылда өмірден өтті.
– 1946 жылы Ақкөл орта мектебінің 8-сынып оқушысы Өкім Жайлауовтың «Еңбек туы» газетінде «Қызыл гүл» деген алғашқы өлеңі жарияланыпты. Ақынның өлеңдерімен бұрын таныс па едіңіз?
– Шынымды айтайын, ағаңның өлеңдерінен бұрын өзімен таныстым ғой деймін… Оның мінезі жұмсақ, парасатты жан еді. Ешкімнің артынан ғайбат сөйлеп, мінез көрсеткенін көрген емеспін. Жарқын мінезі, баладай пәк, кіршіксіз жан дүниесі кім-кімді болса да баурап алатын.
– Сол жылдары «Еңбек туында» Өкім ағамен қатар қызметтес болған Кәрім Баялиев ағамыз өз естелігінде белгілі қаламгерлер Шона Смаханұлы, Оспанәлі Иманәлиев, Жарылқасын Аманов және өзі «Өкімнің мектебінен» өткендерін мақтанышпен айтады. Тіпті «Дөңгелек саздағы» ақынның үйі әдеби ортаға айналған-ау ол кездері…
– Ол рас. Өкімнің, әсіресе Жамбыл өңірінен шыққан таланттар алдында сіңірген еңбегі зор. Ол облыстық газетте алғашқы әдебиет беттерін, редакция жанынан әдебиет бірлестігін ұйымдастырды. Әдебиет әлеміне бет алған жастар, орта буын ағаңның жанынан үйіріліп шықпайтын. Біреуге жақсылық жасауға асығып тұратын. Ешкімнің көңілін қалдырмайтын. Жоғарыда есімдері аталған ақындармен кейін Алматыда да әдеби байланыста болып, ортасындағы жарасымдық дәстүрін үзген жоқ.
– Жамбылдағы медициналық училищенің студенті, бүгінде Алаштың ардағына айналған ақын Күләш Ахметова сіздердің үйлеріңізде тұрды ғой…
– Иә. Кішкентай ғана қыз болатын. Көп сөйлемейді. Көрпесіне оранып алып, өлең жазып отыратын. Өкімнің кейінгі толқын шәкірттерінің үздігі – Күләш бүгінде қазақ әдебиетінің аспанында жарық жұлдыздай жарқырады. Екі жылдай біздің қолымызда жүріп оқыды. Күләштің алғашқы жырларының жарық көруіне ағасының көмегі көп болды. Ақын ақынды түсінеді ғой. Міне, Күләш қазақтың белді ақыны болды. Сондай-ақ сонау Үшаралдан Қуаныш Кермеков деген жігіттің көзінен от көріп, көп көмектесті. Ол бүгінде Қазақ Ұлттық Университетінде еңбек етеді. Күләш Қайырбек екеуі Таразда тұрып жатыр. Өкімнің әруағына арнап Құран оқытқанымызда соны ұйымдастыру шарасының бел ортасында жүрді. Екеуінің де ағаларына жасаған құрметі жоғары.
– Алматы ақын ағаны қалай қарсы алды?
– 1969 жылы Алматыға біржола көшіп келдік. 2007 жылы 31 желтоқсанда Өкім ағаң 78 жасында өмірден өтті. Өмірден өткенше әдеби ортадан қол үзген жоқ. 1972-1989 жылдар аралығында Қазақ энциклопедиясында тіл және әдебиет редакциясында аға ғылыми қызметкер, редактор болып еңбек етті. Бұл жылдары Өкімнің санаткерлік білімі толысты, толықты. Өкімнің қандай өлеңін алсаңыз да, кей ақын-жазушылар секілді ешкімге өкпе-наз артпайды. Оған адам баласы, тіпті жан-жануар, табиғат, құбылыс бәрі дос, бауыр. Қара түннің құшағынан – жарық, дауылды күннен – шуақ іздеді. Адам баласына алғыс айтудан айнымады. Өлеңдері адамның жүрек қылын шертіп, өмірдің көркем бояуларымен нақышталды. Өлеңдерінің тақырыбы да сан алуан. Отан, туған жер, өскен орта, адамның асыл қасиеттері жайлы толғанды. Оқырмандарын қуантты, мұңайтты. Сондықтан өлеңге осындай биік өлшеммен қарайтын Өкімді Алматының әдеби ортасы құшақ жая қарсы алды. Елмен қатынасын үзген емес. Жамбылға жиі келіп тұратын. Мен Алматыға келген соң 1970 жылы Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спортқа бейімделген балаларға арналған мектеп-интернатта зейнетке шыққанға дейін еңбек еттім. 40 жыл ұстаздық өтілім бар.
– Бүгінде ақынның іздеушілері бар ма?
– Әрине. Одақтан телефон шалып хабарласып жатады. 2014 жылы ағаңның бұған дейін жарық көргені бар, жарияланбағандары бар, өлеңдерін жинақтап өз қаржымызға жинақ шығардық. Кейін 2017 жылы ол кітап мемлекеттік тапсырыс аясында жарық көрді. 90 жылдығына орай қаламдастары, шәкірттері мақалалар жариялады. Өлеңдерін ел біледі. Поэзиясынан бөлек «Мәншүктің анасына хаты», «Ата-ана туралы жыр» повестері де бар. Жарылқасын Аманов, Сұлтан Қалиев сынды шәкірттері жиі іздейтін еді. Олар да бұл өмірден өтіп кетті. Қазір өзің көріп отырғандай ақынның нағыз іздеушілері – Күләш Ахметова, Қайырбек Асанов, Мейрамбек Төлепберген деуге болады.
Жазушылар Одағы ақынның 90 жылдығына орай көшеге есімін беру және Алматы қаласында 30 жыл тұрған Абай даңғылы №31 үйге мемориалдық тақта қою жөнінде тиісті жерлерге хат түсірдік деген болатын. Реті келіп жатса, оны да көрерміз. Ал өзім ешкімнің есігін қағып, өтініш айтқан емеспін.
– «Сен едің» деген өлеңін сізге арнаған екен…
– Иә. Ағаңның орны бөлек. Сағынамын, сарғаямын. Екеуміз 52 жыл бірге ғұмыр кештік. Қиын да, қызықты күндерді бірге өткіздік. Алланың берген үш ұл, екі қызын сүйдік. Үлкен қызым жас кезінде қайтыс болып кетті. Ал ортаншы ұлым 2010 жылы өмірден озды. Қазір екі ұл, бір қызымнан тараған немелерімнің қызығын қызықтап отырмын. Шөбере де көрдім. Аллаға шүкір, ұрпағы өсіп келеді.
– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Ерман ӘБДИЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support