- Advertisement -

Жат ағымдардың торына түспе, тұтыласың

193

- Advertisement -

Қазіргідей ғылым мен технологияның дамыған заманында баршамызға белгілі ақпарат тарату құралдарының кең тараған түрі ғаламтор желілері екені аян. Ғаламтор атаулының пайдалану үрдістері әртүрлі екені де баршаға мәлім. Өйткені бүгінгі жастардың санасы мен психологиясы һәм тұрмыс-тіршілігі ғаламтор әлемімен тығыз байланысты болатыны анық. Осы орайда отандық дін ғалымдары ғылым мен білім, тағылым жолында практикалық әдіспен мешіттерде, дәрісханаларда, медреселерде тағы басқа діни орындарда діни уағыз-насихат жұмыстарын жүргізіп жүрген кезде, радикалдық топтар ғаламтор желілерін бейресми пайдаланып, дәстүрлі емес, радикалды-экстремистік идеологияларын таратуға кірісті. Жастарымыздың басым бөлігі ғаламтор желілері арқылы теріс идеологиялардың арбауына тез ілініп, қолшоқпары болып кетіп жатқан кездері де аз емес.

Осы орайда жат ағымдардың интернет желілерін тиімді пайдалануы жөнінде тоқталғанымыз жөн деп ойлаймын. Күнделікті тұрмыста тепсе темір үзетін жастарымыз жаңа заман технологиясын жаппай пайдалануда. Тіпті 8-9 жастағы бүлдіршіндердің өзі компьютер, смартфон тағы басқа құралдарды ата-анасынан да жақсы біліп, түсінетіндері бар. Жастардың барлығы әлеуметтік желілерге емін-еркін кіреді, әрқайсысының жеке аккаунттары мен парақшалары бар. Өкінішке қарай діни сауаты жоқ жастарымыз түрлі бағыттағы жат ағымдардың арбауына түсіп кетпейді дегенге де кепілдік жоқ. Өйткені ғаламтор әлемінің кеңдігі соншалық, бүкіл жер шарын қамтиды.
Соңғы жылдары Таяу Шығыстағы белең алған лаңкестік әрекеттермен танылған «ДАИШ» содырларының да жастарды арбау істері осы ғаламтор ресурстары арқылы, соның ішінде әлеуметтік желілер арқылы жүзеге асырылып отыр. Олар ғаламтор кеңістігін тиімді пайдалана отырып, жалған ұрандарымен дінді бұрмалап, жастарға түрлі психологиялық әсерін тигізген жағдайлар да аз емес.
Теріс бағыттағы ағымдар жастарды арбау жолында көбінесе әлеуметтік желілерді пайдаланады. Атап айтқанда, «Facebook», «Вконтакте», «Одноклассники» тағы басқа. Осы әлеуметтік желілерде күндіз-түні жастарды аңдып отырып, олардың өмірлік көзқарастары мен дүниетанымдарын зерттеу арқылы айла-тәсілдер қолданып, саналарын сан түрлі жолмен арбауға тырысып бағады. Дегенмен әлеуметтік желілердегі жат ағымдардың айласымен таныс болған соң, әрбір ата-ананың ойына келетіні – мұндай әлсіздіктерге тосқауыл қойып, бұған қарсы іс-шара қолдану қажеттігі.
Баланы қадағалау немесе әлеуметтік желіде шектеу қою қалай жүзеге асады?
1) Әрбір ата-ана алдымен ғаламтор желілерін өзі пайдаланып, әрдайым баласымен тығыз байланыста болуы керек.
2) Баласынан әлеуметтік желідегі жеке аккаунтының құпия сөзі мен логинін алып, әрдайым кіріп қадағалап тұрғаны дұрыс.
3) Баланың парақшасына әрдайым кіріп, жазбаларына қарап, рухани дүниетанымын үнемі қадағалаған абзал.
4) Парақшасында экстремистік және террористік жазбалар болса, дереу психолог немесе дін маманымен хабарласу қажет.
5) Баланың тіркелген бірлестіктерін қадағалау керек. Әдетте, жат ағымдар бірлестіктерге жастарды тіркеу арқылы идеологияларын таратады.
6) Дін істері комитеті («Е-ислам») және ҚМДБ – («муфтият.кз») қарамағындағы сенімді сайттар мен бірлестіктерге тіркеліп, ресми мекемелермен тығыз байланыс орнатқанның да артықшылықтары мол.
7) Діни сауалнамалар туындаса, сенімсіз бірлестіктерден, яки, радикалды бағыттағы арбаушылардан сақтану керек.
8) Отандық ғалымдар, мамандар сарапшылармен байланыс орнатқан жөн.
9) Тек сенімді бірлестіктерге тіркелу қажет.
10) Кез-келген күдік туғызған сұрақтарды «Фатуа.кз», «Е-ислам» ресми сайттарына жолдап немесе 114 қауырт желісіне тегін қоңырау шалып, анық жауабына көз жеткізген дұрыс.
Осындай реттілікпен баланы теріс бағыттан сақтандыру шараларын әрбір ата-ананың жүзеге асыруына мүмкіндігі бар. Сонымен қатар ғаламторда дін мәселелері және дін уағыз-насихаттарымен қамтамасыз ететін ақпараттық деректерге назар аударған дұрыс. Өйткені отандастарымызға әлеуметтік желілерді пайдалану барысында дұрыс ақпарат алу үшін, сенімді порталдардан ақпарат алуға сілтеме негізінде ұсынылады. Сондай-ақ ғаламтор арқылы лаңкестік пен экстремизм идеологиялары және басқа да түрлі жат пиғылды ағымдарға қарсы жастар арасында иммунитет қалыптастыру – басты міндет.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан бірнеше РАНТ мүшелері – дәстүрлі дінімізді насихаттап, діни уағыз-насихат жұмыстарын атқаруда. Ал ғаламтор желілерінде тек РАНТ мүшелері мен мешіт имамдарының уағыздарын, дәрістерін тыңдаған дұрыстың дұрысы.
Әлеуметтік желілердегі ақпараттарға өте мұқият болып, кез келген мәселенің дұрыс-бұрысын анықтауда дін мамандарынан сұрауларыңызды өтінеміз! Сондай-ақ желілердегі ең сенімді бірлестіктерді ғана пайдаланып, қандай да сауалнама туындаған сәтте «Е-ислам», «Муфтият.кз», «Фатуа.кз» сайттарына жолдауларыңызға болады немесе 114 қауырт желісіне хабарласуларыңызды тағы да сұраймыз!
Қысқасы, дін мәселесінде сауаттылық керек. Ол аз десеңіз, қадағалау қажет. Осының бәрі жүйелі түрде жүзеге асқанда ғана біздің жас ұрпақ адаспайды.

Нұрым Қуанышев,
облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығының бөлім басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support