- Advertisement -

Жазасын өтеушілер де жеке кәсіпкер бола алады

82

- Advertisement -

Еңбек – адам баласын тәрбиелеудің, ізгілік пен парасаттылыққа баулудың негізгі құралы. Сол себепті түзеу мекемелерінде жазасын өтеушілерді еңбекке тарту арқылы санасын оң арнаға бұрып, қайта тәрбиелеу, қоғамға бейімдеу жұмыстары жүргізіледі. Бірер жылдың көлемінде тәрбие құралдарының қатарына сотталғандарға жеке кәсіппен айналысуға мүмкіндік беру жолдары да қосылды. Осыған орай облыс бойынша ҚАЖ департаментінің ЖД-158/2 мекемесінде жазасын өтеушілерге түзеу мекемесінің аумағында кәсіп ашудың жолдарын түсіндіруге бағытталған ауқымды жиын өтті. Басқосуды мекеме бастығының орынбасары, әділет майоры Бақытжан Қасымбеков ашып, жүргізіп отырды.
Кездесуде облыс прокуратурасы 2-басқармасының аға маманы Бауыржан Бектенұлы мен облыс бойынша ҚАЖ департаменті сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының маманы Аймен Тайтелиева істі болғандарға жеке кәсіп ашудың талаптары мен кәсіп ашып, ақылы жұмыспен қамту бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
– Жеке кәсіпкерлерге, соның ішінде жазасын өтеушілерге бізде бос тұрған ғимараттардың барлығы тегін беріледі. Қарастырылып отырған шарттардың бірі бойынша жеке кәсіпкер жалдау ақысын төлемейді. Тек су, жарық секілді коммуналдық ресурстарға ғана ақша төлейді. Мемлекеттік мүлік есебінде пайдаланып, жұмысын жүргізе береді. Шикізатын өңдейді, барлық технологиялық процестерін жүзеге асырады да, дайын өнімін осы жерден саудаға шығарады. Оларға қойылатын талап – жазасын өтеушілерді жұмыспен қамтуы тиіс.
Ал жазасын өтеушілер өздерінің еңбегімен тапқан ақшаға мекеме аумағында орналасқан дүкеннен қажет заттарын, тауарларын ала алады. Бәрінен бұрын олар қылмыс жасаған кезінде келтірген материалдық-қаржылық шығындары бар болса, мойнындағы сол қарыздарын сот үкімімен белгіленген тәртіпте өтеуі тиіс. Ал талап қарызын өтегеннен кейін олардың мерзімінен бұрын шартты босатуға, жазасын жеңілдетуге және заңмен көзделген тағы да басқа жеңілдіктерге қол жеткізуге құқығы болады. Сондай-ақ олар бірге жазасын өтеп жатқан сотталғандар санатынан жұмысқа адам ала алады. Оларды Еңбек заңнамасына сәйкес рәсімдеп, еңбекақы төлейді, – деді кездесуге келген жауапты мамандар.
Жалпы, аталған мекемедегі еңбекке жарамдылар арасынан жұмыс істейтін сотталғандардың саны биылғы 10 ай ішінде 66 пайызды құраған. Бұл былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 5,9 пайызға жоғары.
Түзеу мекемелерінде «Еңбек Тараз» РМК филиалының өзіндік өндірістері жұмыс істейді, онда 60 сотталған азамат жұмысқа орналастырылған. Онда жазасын өтеушілер темір, ағаш өңдеу, құрылыс-монтаждық жұмыстар, тігін цехы мен азық өндірісі, өсімдік және мал шаруашылығында еңбек етеді.
– Қазіргі уақытта «Еңбек Тараз» филиалымен және облыс бойынша ҚАЖД арасындағы меморандумға сәйкес жұмыс істейтін сотталғандар санын көбейту бойынша жұмыс атқарылуда. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде жеке кәсіпкерлердің бас бостандығынан айыру орындарына көзқарастары өзгерді. Бүгінгі таңда жабық түзеу мекемелерінде жаңа жұмыс орындарын ашумен жұмыс істейтін сотталғандардың саны көбейген. Бұдан басқа, облыстық білім беру департаменті және №15 колледжі басшылығымен өндіріс аумағында қажетті сотталғандар арасында тәжірибелі мамандар дайындап шығару және қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі оқу жылында төрт мамандық бойынша 100 маман білім алуда, – дейді ЖД-158/2 мекемесінің қызметкерлері.

Динара МҰСАЕВА,
облыс бойынша ҚАЖ депар-таменті ЖД-158/2 мекемесі сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру тобының аға инспекторы, әділет майоры.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support